Үлкен мүмкіндіктерге жол ашады
Үлкен мүмкіндіктерге жол ашады
Елімізде ядролық отын банкін құру туралы әңгіменің шыққанына біраз жылдың жүзі болғаны белгілі. Шамамен жеті жыл ішінде атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) қаншама келіссөздер жүргізіліп, мәселе жан-жақты талқыланды. Содан кейін ғана ел Үкіметі МАГАТЭ-мен жүргізілген келіссөздерді мақұлдаған болатын. Көп ұзамай халықаралық ұйым да осындай шешімге келді. Бұл дегеніңіз – «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» кесімді шешім болды деп есептеймін.
Қазіргі таңда сарапшылар Елбасымыздың Вашингтонда жариялаған манифесінде осы мақсатта, яғни ядролық отынды қауіпсіздендіру һәм оны бейбіт мақсатта қолдану туралы айтқан пікірін бүкіл әлемге үлгі болды деп бағалауда. Мұның маңыздылығы – атомдық отын базасын жасау біздің елімізге деген сенімді білдіреді дер едім. Осы орайда қарапайым тұрғындарға түсінікті болуы үшін тарқатып айта кетейін. Әлемде жалғыз біздің мемлекетті «осы ел дұрыс, осылар сенімді, ядролық отын базасы осыларда болса кез-келген уақытта алып, байытатынын байытып, заңды түрде жұмыс жасаймыз» деп жасалған әрекет бұл. Ал оның ар жағында бизнес тұр. Ядролық отын банкін құру қойма тұрғызу емес, бұл – үлкен инфрақұрылым. Бұл жерде қаншама адам жұмыс істейді. Бұл үлкен бір өнеркәсіп сияқты. Ол жерде отынның бәрін жинайтын, реттейтін, есептейтін, тазалап тұратын, желдететін, жылытатын деген сияқты бірнеше жұмыс орны болады. Одан кейін осы қызметтің бәрін атқаратын маман дайындалады деген сөз. Осыдан соң оның айналасында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Қалай дегенде де ядролық отын банкін құрудағы ең басты мақсат – елдің экономикасын, халықтың тұрмысын көтеру екені анық. Оның үстіне бізде оған толығымен мүмкіндік бар екендігі себеп болса керек. Мұндай қадамдар қашанда үлкен мүмкіндіктерге жол ашады емес пе?
Қамбар Иманалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Меркі ауданы.