Саясат

Өзін-өзі басқарудың жөні осы екен деп...

Өзін-өзі басқарудың жөні осы екен деп...

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 98-қадамында селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетіні айтылған болатын. Бұл жүйе іске қосылып, тиісті қаражат бөлініп те қойған. Дегенмен, дербестікті басқаша түсінгендер бар секілді. Жөнсіз іске жол бергендердің тәртіптік ісі Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралды. Бұған Талас ауданы прокуратурасының ұсынысы негіз болғанын айта кету керек. 

Аудандық прокуратура ұсынысы негізінде Ойық және Қызыләуіт ауылдық округтерінің әкімі М. Үрістенов пен Б. Бекетаевқа қатысты қозғалған тәртіптік істің мәнісі мынадай. Ойық ауылдық округінің әкімі мен «CONDOR KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында 604900 теңге көлеміндегі қаражатқа «Балдырған» саябағын абаттандыру туралы шарт жасалған. Алайда жүргізілген қызметтік тергеп-тексеру барысында М. Үрістенов атқарылмаған жұмыстар үшін де қазына қаржысын аударып берген. Дәл осындай бұзушылыққа Б. Бекетаев та жол берген. Ол «Умара» серіктестігіне «Ардагер» саябағын абаттандыру және ағымдағы жөндеу» туралы шарт бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 698 668 теңге аударған. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақовтың айтуынша, кеңес мүшелері бұл олқылықтарды жоюға уақыт берген екен. Бірақ, әкімдер қаржыны қайтаруда тек мердігерлерге хат жолдаумен шектелген. Осы жағдайларды қарай келе Әдеп жөніндегі кеңес қос әкімді «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабының 1-тармағы 4-тармақшасында көрсетілген мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық белгісі бар деп тауып, аталған Заңның 44-бабының 6-тармағына сәйкес атқарған мемлекеттік лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жазаға тартуды ұсынды. Ал «Мегаплан» жеке кәсіпкерлігімен 170000 теңгеге келісім-шарт жасасып, кәсіпкерге 18200 теңге ҚҚС сомасын негізсіз төлеген С. Шәкіров ауылдық округінің әкімі Н. Көпәділов Заңның 44-бабының 4-тармағына сай қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тартылды. Бұл заң бұзушылық үшін ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы – есепші тәртіптік жазаға тартылып, негізсіз төленген қаражат қайтарылса да, ауыл әкімі жазасыз қалмады. Елеусіз жасалған қателіктер сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық болып саналып, салдары қиын соғуы да мүмкін. Кеңес отырысында мәлім болған облыстық білім басқармасына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижесі көп нәрсені аңғартқандай. Мәселен, облыс әкімдігінің тұғырнамасына келіп түскен арыз-шағымдарды қарау және Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің жұмысында балабақшаларға жолдама беру кезінде кезек тәртібінің, стандарттар мен регламенттер талаптарының бұзылуы. Бұл кемшіліктердің себебін айтып ақталғанмен, сипаты «әлгіндегідей». Ал бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жауапкершілікке тартылған тұлғаның мектепке дейінгі балалар ұйымына басшылық лауазымына тағайындалуы, Тараздағы бірқатар білім мекемелерінде командалық орын ауыстыру фактілерін теріс деп айтуға ешқандай сылтау табылмайды. Өйткені, көзге ұрып тұрған жөнсіздікті жөн дей алмассыз. Жиында басқарма басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова 2015 жылы облыс деңгейінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін 30 лауазымды тұлғаның жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Оның 25-і сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке, 5-еуі қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған 25 лауазымды тұлғалардың ішінде білім басқармасына қарасты колледждің 4 қызметкері (колледж директоры, директордың орынбасары, бас бухгалтер, бөлім меңгерушісі), 5 балабақша меңгерушісі, 15 мектеп директоры және білім бөлімінің сектор меңгерушісі бар. Кеңес отырысында Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлзия Зәуірбекова балабақша кезегінің бұзылуына қатысты мәселелерді түсіндіріп, жауап беруге тырысты. Отырыс қорытындысы бойынша басқарма басшысына және қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшыларына орын алған кемшіліктерді жою туралы ұсыныс жасалды.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».