Саясат

Мейірімге толы мейрам

Мейірімге толы мейрам

Тілі бөлек болғанымен тілек бір 

IMG_7++176Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл, Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр, – деп ақын жүрек жырлағандай, елімізді мекен етіп отырған 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың бірлігінен, олардың мамыражай, тату-тәтті тіршілігінен асқан байлық жоқ. Бүгінде көп ұлтты еліміздің бірлігі мығым, тірлігі берекеге толы десек, артық айтпағандық. Оған 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған облысымыздағы этномәдени орталықтардың мерекелік бағдарламасы арқылы тағы бір көз жеткіздік. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығының ұйымдастыруымен Мамыр саябағында өткен мерекелік шара көпшіліктің көңілінен шықты. Өңіріміздегі түрлі ұлт өкілдері, жастар, ақсақалдар мен әжелер қонақ болған мерекелік шара барысында саялы саябақ іші думанға толып, шат-шадыман күйге бөленді. Алдымен, саябаққа келушілер қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, ондағы бейнелеу және қолданбалы өнердің түрлі бұйымдарын естелікке сатып алып, бір-біріне сыйлыққа ұсынып, мәз-мейрам болысты. Сондай-ақ, ұлттық тағамдарынан әзірленген көрме де көпшілікті разы етті. Бұдан соң түрлі ұлттардың өнерлі тобының концерттік бағдарламасы жиналғандарды тамаша әсерге бөледі.

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мерекелік шараның арнайы қонағы болып, қолөнер шеберлері көрмесін аралап, түрлі ұлттық тағамдардан дәм татып, жиналғандарды бірлік күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. 

Ән-жырдан шашу шашқан өнерпаздардың өнері көрермендерді тәнті етті. Әзірбайжан, орыс, кәріс, дүнген тағы басқа көптеген ұлттардың өздеріне тән билері, әндері мен өлең жырлары құлаққа қонып, жүрек төрінен орын алса, кезектесіп өнерлерін ортаға салғаны мерекенің мазмұнын арттырып, сәнін аша түсті. Айта кету керек, шара барысында аталмыш саябақтағы сахна маңына «Қазақстан» ұлттық арнасында өтіп жатқан «Шын жүректен!» қайырымдылық телемарафоны аясында қайырымдылық жәшігі қойылып, жиналғандардың әрбірі жомарттық танытып жатты. Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен «Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық науқанының бір көрінісі болған бұл акция барысындағы жәшікке жиналған және көрме арқылы сатылымға қойылған заттардан түскен қаржы арнайы құрылған комиссия мүшелерінің есептеп, қадағалауымен көмекке мұқтаж науқас, Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны, 11-сынып оқушысы Давлет Абдугафуровқа табыс етілді. Достық, ынтымақ, татулыққа негізделген мерекелік бағдарламадан жұртшылық әдемі әсерде тарқасты. Дәл осындай мерекелік іс-шаралар орталық «Достық» алаңында, Т.Рысқұлов атындағы, «Жеңіс» саябақтары мен қаланың өзге де көрікті жерлерінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй тарту етті. Облысымыздың барлық аудандарында тойланған достық мерекесі түрлі ұлттардың ән-биімен айшықталып, олардың тату да берекелі тірлігі сахна арқылы көрініс тапты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».