Әлеумет

Кененің ошағын жоюда жайбасарлыққа жол жоқ

Кененің ошағын жоюда жайбасарлыққа жол жоқ

Облыста конго-қырым геморрагиялық қызбасына шалдығу 1982 жылы тіркелді. Ауру ошағы Сарысуда – 28, Мойынқұмда – 15, Таласта – 6 және Жамбыл ауданында 11 елді мекенді қамтиды. Бұл өңірлерде 90 мыңнан аса адам тұрады. 2016 жылдың 22 сәуіріне облыс бойынша кене шаққан 181 адам, оның 43-і табиғи ошақтар аумағынан тіркеліпті. Табиғи ошаққа жатпайтын аудандардың өзінен 138 адамды кене шаққан. Кенеден зардап шеккендердің барлығы 14 күндік медициналық бақылауға алынған. Қазіргі таңда 105-і есептен шығарылып, 181 кене шаққан азаматтың 18-і стационарлық және 163-і амбулаториялық жағдайда ем қабылдаған. Былтырғы жылдың осы мерзімінде облыс бойынша кене шаққан 43 адам тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 4,2 есеге жоғарылапты.

Мұндай деректі өңірлік коммуникация қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен «2016 жылы конго-қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар» тақырыбында өткен брифингте Тараз қалалық әкімдігінің денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Серік Қасмақасов мәлімдеді. Ол биыл қыс жылы болғандығынан кене ақпан айынан шыға бастағанын айтты. Дегенмен, сол кезден бастап халық арасында конго-қырым геморрагиялық қызбасы бойынша үгіт-насихат жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізіліп, тұрғындар белсенді түрде медициналық көмекке жүгінген. 2016 жылдың 8 ақпанындағы облыс әкімдігінің «Конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған Сарысу, Талас, Мойынқұм және Жамбыл аудандарының тұрғындарын қорғау жөніндегі 2016 жылға арналған бірінші кезектегі шаралар туралы» қаулысын орындау мақсатында бірқатар нақты жұмыстар атқарылған. С.Қасмақасов табиғат аясына серуенге шыққанда ашық түсті жеңі ұзын, аяқты біркелкі жабатын балағы шұлыққа салынған шалбар киіп, қосымша кенелерді үркітетін жабдықтарды қолдану қажет екенін ескертті. Алдағы мереке күндері сыртқа серуендеуге шыққанда абай болған жөн дейді. Өріске шығар кезде және қырқым алдында малды және қора-жайларды кенеге қарсы препараттармен өңдеу қажеттігіне, кенеден қорғанудың тағы басқа да тәсілдеріне назар аударды. Табиғи ошаққа жатпайтын аудандардың өзінен 138 адамды кене шаққанын ескерсек, облыстың барлық өңірінің тұрғындарының өте абай болғандары абзал. Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің облыс бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Надуев те өздеріндегі кенеге қарсы атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Жыл сайын облыстың барлық аудандарынан жоспарлы түрде кене жиналып, конго-қырым геморрагиялық қызбасына тексеріледі екен. 2016 жылдың наурыз айында осындай жоспарлы жұмыстар КҚГҚ бойынша қолайсыз аймаққа енбеген Байзақ ауданында жүргізіліпті. Нәтижесінде бірнеше елді мекендерінен аурудың қоздырғышы анықталған. С.Қасмақасов пен Ғ.Нәдуев журналистердің қойған сұрақтарына нақты жауаптар қайтарды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».