Испаниядан салмағы 600 келілік қазына табылды
Испаниядан салмағы 600 келілік қазына табылды
Испанияның Томарес қаласында жер қазу жұмыстарын жүргізіп жатқан Tragsa компаниясы аяқ астынан мол байлыққа тап келді. Бір метрлік тереңдіктен анау-мынау емес, Рим империясының тиындары салынған 19 құмыра табылды. Бұл жаңалықты естіген археологтар қауымы табылған қазынаның тарихты зерттеу үшін маңызының зор екендігін айтып, жер-жаһанға жар салып, қуанышы қойындарына сыймай жатыр. Олардың айтуынша, жалпы салмағы 600 келі болатын тиындардың әлемде теңдесі жоқ. Сонау III және IV ғғ. шығарылған бұл ақшаның кейбір бөлігі айналымға шығарылмастан жаңа күйінде сақталыпты. Құмыра толы тиындардың бойына жасырған нендей құпиясы бар? Бұл қазына кезінде тұтас бір ұйымның бюджеті болған болуы немесе Рим империясының әскерлеріне төлеуге арналған жалақы да болуы мүмкін екен. Ал амфоралардың сыртына Константин және Максимилиан императорлардың таңбалары басылған. Тиындар тек қоладан емес, күмістен де соғылған болуы ғажап емес, деп хабарлайды espanarusa.com. Дайындаған: Г.Абилова
ақпарат көзі 24.kz