Алдымда – ақ дастарқан, жайған кілем
Алдымда – ақ дастарқан, жайған кілем
Мұқағали МАҚАТАЕВ.
– Дұшпаның бар ма? – дейсің, Қайдан білем... Әйтеуір, жүрген жерім – сайран кілең. Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы, Алдымда – ақ дастарқан, жайған кілем. Дұшпаным жоқ-ау деймін, түрі жаман... (Сірә, мен бұл майданда тірі қалам.) Қазақтың қайсысымен кездессем де, Қайрылмай кеткені жоқ бірі маған. Достастым кішісімен, үлкенімен, Өзімшіл өжетімен, үркегімен. Ата-қазақ алыста той жасаса, Алдымен тізіміне тіркері – мен. Қайғырмаймын соңымнан сөз бөскенге, Білемін бұғатынын кездескенде. Әйтеуір, жүздерінде жылылық бар, Қазақтың қайсысымен кездессем де. – Дұшпаның бар ма? – дейсің, Қайдан білем... Асыр сап ортасында ойнап жүрем. Сірә, мен бақыттымын дұшпаны жоқ, Үйден шықсам – сауық пен сайран кілең.