Әлеумет

Шуақ шашқан шаңырақ

Шуақ шашқан шаңырақ

маусым айында пайдалануға беріледі

«Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығының аумағынан жаңа үлгідегі, екі қабатты «Достық үйі» ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Ғимарат құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған болатын. Бас мердігер – «Астана-Авто-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қосалқы мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» компаниясы. 

Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 273,4 миллион теңге. Құрылыстың сыртқы көрінісі дөңгелек киіз үй пішіндес. Бірінші қабаттың ұзындығы – 4,8, екінші қабаттың ұзындығы 6 метрді құрайды. Нысан төбесіне күмбез тәріздес темір материалдардан 8 тірек орнатылады. Толық жүзеге асқан кезде ғимараттың жертөлесінде 74 орындық мәжіліс залы, хореография залы, әр ұлттық этномәдени орталықтарға (жеке-жеке) арналған бөлме болады. Бірінші қабатта асхана, басқа да бірнеше бөлме халықтар достығына қызмет етеді. Екінші қабатта 250 орындық мәжіліс залы және бірнеше қажетті бөлмелер қамтылмақшы екен. Құрылыс алдағы маусым айында толық аяқталады деп күтілуде. – Қазір мұнда 150 адам тұрақты еңбек етуде. Құрылысқа 15 техника жұмылдырылған. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Техникалық тұрғыдан да сапаға мән берілуде. Жұмысшыларға мұнда барлық жағдай жасалған. Құрылыс басына білікті мамандар шоғырланған. Құрылысшылар ең айшықты ғимараттың бірін салып жатқанын сезінеді, – дейді «ТаразҚұрылысИнвест» компаниясының техникалық қадағалаушысы Қолдасын Мұсабаев.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.