Әлеумет

Жүз жастағы жауынгер

Жүз жастағы жауынгер

Василий Шмариковтың тілегі – елдің амандығы

Без-имени-2Тілі, діні, ұлтына қарамастан барша адамзатқа ортақ құндылықтар бар. Ол – тыныштық, бейбітшілік. Кешегі Ұлы Отан соғысында сан ұлтты жасанған жауға қарсы тұрғызған да осы бейбіт өмірді көксеген арман-тілек еді. Олар қан майданда қар жамылып, мұз жастанса, майданға жарамсызының өзі зобалаң жылдары ауыр жұмысқа жегілді. Жауынгерлерге демеу ретінде ұрыс даласына киім-кешек, ас-ауқат жөнелтіп отырды. Белі қайысқан балалардың да ойын қумай, еңбекке ерте араласуы – жеңісті жақындату мен елде береке орнатудың қамы еді. 

Қиранды қала мен соғыстан кейін еңсесін тіктей алмаған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру кезеңінде де Ұлы Отан соғысына қатысушылар бейнеттің бел ортасында жүрді. Себебі, олар бейбіт күннің қадірін білетін. Татулық орныққан елдің ынтымағы жарасып, берекесі артатынына сенімді еді. Солардың қатарында биыл 100 жасқа толған Василий Шмариков та болды. Майдангер Қырғыз Республикасының Талас ауданында дүниеге келгенімен, Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін Өзбекстанның Әндіжан қаласында бухгалтер болып жұмыс істеген екен. 1942 жылғы ІІ Украина майданындағы жаумен арпалысқан шайқастар оның әлі есінде. Миргород, Великие Луки, Полтава қалаларын фашистерден азат етіп, жау қолын Румыния мен Польшадан асырып, Германияға дейін қуып барғанын қалай ұмыт-сын. Сол шақта тезірек жауды жеңіп, елге оралуды аңсаған. Үш жыл қан майданда от кешкен оның балалық шағы өткен туған өлкедегі жақын-жұрағатымен қайта қауышуды ғана аңсаған арман тілегі 1945 жылғы Жеңіс күнінен кейін орындалған. Майдан даласынан кеудесіне Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордені, «Жауынгерлік ерлігі», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын тағып, жеңіспен оралған жауынгердің кейінгі еңбек жолы Жамбыл қаласында жалғасады. Майдангер зейнетке шыққанша түрлі салада жұмыс істеп, еңбек ардагері атанды. Қарт жауынгер майдан даласы өзін тез шешім қабылдай білуге, төзімділік пен сабырлылыққа, Отанға адал болуға баулығанын айтады. – Мен секілді көзі тірі майдангерлер күн өткен сайын, қатты сиреп барады. Кезінде бойымызды кернеген күш-қуатты ел игілігіне жұмсадық. Соғыс уақытындағы біздің басымызға түскен нәубетті кейінгі ұрпақ көрмесін. Менің тілеуім халқымыз осындай ынтымақтан ажырамай, бейбітшілік пен молшылыққа кенеле берсін. Біздің тілегіміз елдің амандығы, – дейді майдангер Василий Шмариков.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Тараз қаласы.