Жаһан

Бейбіт өмірге үндейтін құжат

Бейбіт өмірге үндейтін құжат

Еліміз Тәуелсіздігін паш еткеннен бері дамудың жолына түстік. Айымыз жарық, күніміз ашық. Бейбіт ғұмыр кешіп жатқан еліміздің бірлігінен бекем байқалса, тірлігінен секем ала алмайсыз. Өйткені, ел тұтқасын ұстаған Елбасының елге, жерге жасаған игі істері жетіп артылады. Соның бірі – үстіміздегі жылдың 31 наурызында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-та жариялаған манифесі, яғни ядросыз аймақ құру туралы көтерген маңызды мәселесі әлемді бейбітшілікке бастаған ұстамды ұсыныс болды. Елбасының бұл батыл қадамынан бейбіт күннің төбемізде әрдайым жарқырап тұруын тілегенін көремін. Өйткені, «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесте Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда қолында ядролық қаруы бар елдерге ойланатын уақыттың жеткенін тілге тиек етті. Айта кететін болсақ, Қазақстан тарихта тұңғыш рет ядролық полигонды жапқан бірден-бір елге айналғанын бүгінде әлем мойындайды. Менің ойымша, қандай мемлекет болмасын, әуелі мемлекеттің қауіпсіздігі мен бейбітшілігіне алаңдауы керек. Сондықтан, Елбасы ұсынған ұтымды ұсынысқа оң көзқарастамын.

Қазіргі әлем – өзгеріс әлемі. Күннен-күнге жағымды-жағымсызы болсын, әртүрлі жаңалықтарға тап боламыз. Осыдан 25 жыл бұрынғы өміріміз бен бүгінгі күнімізді мүлде салыстыруға келмейді. Яғни, жылдар жылжыған сайын даму үстіндеміз. Дамыған сайын әлемдік мәселелердің түйінін тарқатуға күш жұмсаудамыз. Бұл біздің қысқа жылдарда қарыштап дамып жатқанымыздың дәлелі іспеттес. Қару жүрген жердің қатерлі суық болатыны белгілі. Сондықтан, бейбітшілікті бір ауыздан қалап, адамзатқа қатер төндіріп тұрған қауіптің алдын алып, ядролық қарудан азат әлем екенімізді әлем болып іске асырсақ, бұл іс жақсылықтың жарқын нышаны болмақ.

Ғалия Асатова,  Мағжан Жұмабаев атындағы  орта мектебінің директоры.

Мойынқұм ауданы.