Экономика

Шу өңірі көркейіп келеді

Шу өңірі көркейіп келеді

Шу ауданында үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы бойынша 2010-2015 жылдар аралығында 3 жоба іске асырылып, олардың жалпы құны 2 135 миллион теңгені құрап, 72 адамды жұмыспен қамтылған. Ал ағымдағы жылы аудан көлемінде 3 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы жайлы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Рүстем Дәулет мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталмыш бағдарламаның 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығында аудан көлемінде 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл жобалар іске қосылғанда 1 228 мың адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, аудан басшысы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы» АҚ-на ерекше тоқталып, оның инвестициялық инфрақұрылымына ағымдағы жылы бөлінген қаржы 24,5 миллиард теңгені құрайтынын жеткізді. Инфрақұрылымның игерілген қаржысы 2014 жылы 4 237 093 мың теңге болса, өткен жылы 8 765 408 мың теңгені қамтыған. Ал, ағымдағы жылдың осы кезеңіне дейін 2 миллиард теңге игерілген. Бұл ауқымды жоба толығымен іске асқанда 2400 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде екен. Бұдан соң Рүстем Рысбайұлы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының жүзеге асырылуы барысы туралы тілге тиек етті. – 2010-2014 жылдары 13 жеке кәсіпкер 154,4 миллион теңге несие алып, барлығы 1620 дана жиһаз және есік-терезе жасап, 159 адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағытымен 20 жеке кәсіпкер 613,2 миллион теңге несие алып 156 адамды жұмыспен қамтыды. Ал ағымдағы жылы 2 жеке кәсіпкер 25 миллион теңге несие алса, тағы 8 жеке кәсіпкердің 96 миллион теңге көлемінде несие алуы жоспарлануда. Осы жылдың үш айындағы жалпы шығарылған өнім сомасының көлемі 8 миллиард 23,1 миллион теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 116,9 пайызға артқан. Биыл ауданда тұрғын үй көмегіне 19968,0 мың теңге қарастырылса, жыл басынан бері 299 отбасынан қабылданған құжаттарға сәйкес 3558,4 мың теңге тағайындалып, ол толығымен төленді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке үстіміздегі жылы 10000,0 мың теңге бөлінді, жыл басынан бері 93 отбасы немесе 220 адамға 2629,2 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Бағдарлама бойынша 34 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға, біреуі «Жастар тәжірибесіне», 20 азамат тұрақты жұмысқа тартылды. Ағымдағы жылы барлығы 659 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың 443-і жалпы жұмыспен, оның ішінде 303 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 39 азамат және «Жастар тәжірибесі» бойынша 101 азамат жұмысқа жіберілді. Ақылы қоғамдық жұмыспен 173 азамат қамтамасыз етілді, – деді Рүстем Рысбайұлы. Сондай-ақ, баяндамашы Ұлт жоспарының 58-қадамы бойынша жөл-көлік инфрақұрылымын қалыптастыру үшін ауданда қолға алынып жатқан жұмыстар туралы сөз қозғады. Атап айтқанда, биылғы жылы жалпы 380 миллион теңге қаржы бөлініп, 24 нысанға аудандық мәндегі автомобиль жолдары және Шу қаласы мен елді мекендердегі көшелерге 23,55 шақырымды құрайтын орташа жөндеу жұмыстары, сондай-ақ, Шу қаласы мен Төле би ауылдарындағы орталық көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауданда 2017 жылы медициналық мекемелерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру толығымен енгізіледі деп күтіліп отыр. Қазіргі таңда салада 40 мекеме мен ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Онда барлығы 164 дәрігер мен 631 орта буын медицина қызметкерлері бар десек, жалпы, аудан бойынша дәрігерлермен қамту көрсеткіші 17,7 пайызды құрайды. Бес институционалдық реформаның төртінші бағыты бойынша «Біртектілік пен бірлік» – «Мәңгілік Ел» идеясы аясында үздіксіз жүзеге асырылып жатқанын жеткізген аудан әкімі халықтың біртектілігі мен бірлігін нығайтуда ауданда 6 этномәдени бірлестікпен бірге Қоғамдық келісім кеңесі де жұмыс атқарып отырғанына тоқталды. Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды іске асыру Қазақстанның жаңа деңгейде, орнықты және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ұлт жоспары ел дамуының барлық саласын қамтып отыр және бұл реформалар әрбір тұрғынның тікелей атсалысуын талап етеді десек, осы орайда, Шу ауданы бойынша ат-қарылған іс-шаралар нәтижесіз емес. – Елбасы Жолдауы мен Ұлт жоспарын халық арасында түсіндіру мақсатында ауданда 5 ақпараттық топ құрылған. Топ мүшелері Шу қаласы мен ауылдық округтерге бекітілген кестеге сәйкес 67 кездесу өткізіп, мұндай шаралармен барлығы 3170 адам қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жандана түседі, – деді Рүстем Рысбайұлы. Жиын соңында журналистер баяндамашыға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды жауаптар алды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».