Алдыңғы толқын – ағалар
Алдыңғы толқын – ағалар
Облыстық ардагерлер кеңесі кезекті кеңейтілген мәжіліс өткізіп, жастар тәрбиесі және әлеуметтік саладағы реформалардан туындайтын талаптарды талқылады.
Кеңейтілген мәжілісте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жуырда өткен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің VІІ съезінің барысы жайлы ұйымның орталық аппаратында болған өзгерістер, қабылданған шешімдер туралы кеңінен әңгімеледі. Жалпы, ардагерлер жастарға айтар өнегесін тәлімді ісімен көрсетуден танған емес. Оған мына деректер дәлел бола алады. Мәселен, еліміз бойынша зейнеткерлер саны 2 миллион адамнан асса, 1 миллион 700 мың ардагер қоғамдық істерге, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне белсенді араласады. Соңғы жылдары ардагерлердің зейнетақысы да, жәрдемақысы да көбейген. Ұлы Отан соғысы ардагерлері азайып қалғандықтан (көпшілігі ерекше күтімді қажет етеді), тылда тер төккен кісілерді ҰОС ардагерлерімен теңестіру мәселесі де көтерілуде. Жиында Еркінбек Солтыбаев осыны сөз етті. Оның айтуынша, бүгінде жергілікті ардагерлер кеңесінің аудандық, облыстық кеңестерге бағыныштылығы қарастырылуда екен. Республикалық съезде өзге аймақтың өкілдері облыс әкімі К.Көкірекбаевтың қолдауымен салынған «Ардагерлер үйінің» сызбасына қызығушылық білдіргенін айтты. Ұлы Жеңістің 71 жылдығын лайықты өткізу, облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге күтім жасау, барша ардагерлердің, зейнеткерлердің денсаулығына, емделуіне жағдай жасау мәселелеріне тоқталды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ардагер Арғынбай Бекбосын сөз алып, дәріханалардан ардагерлер ең көп тұтынатын дәрілердің арнайы рецептпен ғана берілетіні, аса қиын жағдайда жатқан жасы ұлғайған науқас қажет кезінде тиісті дәрісін ала алмайтынын қозғады. Денсаулық саласының үздігі, кәсіпкер Қатира Аққұлиева, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай осы түйінді мәселеге байланысты ойларын ортаға салды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы осы жайтқа қатысты «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының» аумақтық өкілі Гүлмира Жарасбаеваны шақыртып, көпшілікке түсінік беруді сұраған еді, алайда ардагерлер маманның берген жауабына қанағаттанбады. Жиында ардагерлер кеңесінің хатшысы, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов кеңестің қолдауымен шығатын басылымға оқырманның көзқарасы дұрыс екенін, алдағы уақытта да ізденіп, жаңаша жұмыс жүргізе беретінін айтты. Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдияр Түсіпов жазылым кезінде жеңілдіктер жасалса деген ұсынысын жеткізсе, Мойынқұм аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев аталған газетте Мойынқұм ауданынан материалдар аз шығатынын қозғады. Кеңейтілген мәжілісте мәлім болғандай, алдағы уақытта ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Тараз қалалық және аудандық ардагерлер кеңестері мен округтік, бастауыш ардагерлер ұйымдары арасында облыстық байқау өткізілмекші. Басқосуда аталған шараны ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Бұл ретте облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Оңласын Есіркепов бірнеше ұсыныс білдірді. Оның байқауға «Үздік аудандық ардагерлер кеңесі», «Үздік ауылдық ардагерлер кеңесі» деген аталымдарды енгізсек деген пікірі жиынға қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев, ардагер Нүркен Қасымова өз ойларымен бөлісті. Кеңейтілген мәжілісте облыстық ардагерлер кеңесінің жұмыс регламенті бұрынғы жобасымен мақұлданып, бекітілді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев мәжілісте айтылған барлық пікір-ұсыныстар жауапсыз қалмайтынын, сараланып, орындау үшін бақылауға алынатынын айтты. Облыс әкімі ардагерлер қауымына қолдау көрсететінін, соның нақты көрінісі ретінде облыстық ауруханадан 20 орындық профилактория ашылғанын, онда ардагерлердің тегін емделуіне мүмкіндік жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ, өңір басшысының ардагерлерге арналған шағын демалыс орнын демеушілердің көмегімен салуды көздеп жүргенін жеткізді. Е.Солтыбаев алдағы уақытта әр аудан, ауылда ардагерлер ұйымының жұмысы жандандыруды қолға алатынын, биыл күзде республикалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен барлық облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Таразда бас қосып, үлкен мәжіліс өтетінін айтып өтті. Жиында жастарға патриоттық тәрбие беруге арналған республикалық байқауда жеңімпаз атанған Тараз қалалық ардагерлер кеңесі (төрағасы Алдияр Түсіпов) дипломмен марапатталды.Кеңейтілген мәжілістен кейін облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының жетекшісі Гүлдара Нұрымова ардагерлерге дастархан жайып, құрмет көрсетті.
Есет Досалы, «Ақ жол».