Отан үшін от кешкен Садуақас
Отан үшін от кешкен Садуақас
майдангер есімі Түймекенттің бір көшесіне берілсе
Біздің ауылға шуақ шашқан, жүрегінен тағылым таратқан абыз қариялардың бірі – Садуақас Бұралқиев болатын. Ұлы Отан соғысында үш жыл майдан даласында от кешіп, жауға тойтарыс берген, бейбіт күнді жақындатқан қарияның әр сөзі біз үшін тәлім еді. Жүрегіне мейірім нұры ұялаған Сәкең бұдан бірер жыл бұрын 96 жасында өмірден озды. Алайда, ауыл азаматтары ардагер есімін ешқашан естен шығармақ емес. Ол Садуақас қариямен сан рет әңгімелесіп, сырласқаным бар. Сондықтан, майдангер жайлы ой қозғауды өзіме парыз санадым. «Қабырғам қатпаған ойын баласы кезімде колхозға мүше болдым. Заманның соқпағы солай болып, балалық шақпен ерте қоштастым. Ол кезде бүтін киім, тойып жейтін тамақ жоқ. Ауызың аққа ілінсе қуанатын кез. Аш құрсақ болып жүріп, колхоздың бітпейтін, ауыр жұмыстарына шыдаймыз. Таң алагеуімнен қас қарайған шаққа дейін тыным таппаймыз. Жыл бойы жұмыстан қалмауың керек. Егер себепсіз бір күн жұмыстан қалсаң, еңбек күнің көбірек шегеріледі. Жыл соңында атқарған жұмысыңа, төккен маңдай теріңе байланысты килограмдап бидай береді... Ойламаған жерден екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Мен 1941 жылдың тамыз айында бұрынғы Свердлов аудандық әскери комиссариатынан шақыру алып, бірден майданға жіберілдім. 27 жаста едім. Бір айға жуық дайындықтан кейін бізді далалық майданның 57-армиясы құрамындағы 303-атқыштар дивизиясына қарасты 345-атқыштар полкіне жіберді. Жауынгер болып шыға келдік. Әскери сынақтан өткізген соң, бізді Курск шайқасына қатыстырды. Жан алысып, жан беріскен, отты күндер өтті ғой. Несін айтайын. Көп боздақтар майдан даласында Отаны, елі, туған жері үшін жанын қиды. Солтүстік Донецк өзенінің бойындағы соғыс өте ауыр болды. Мен пулеметші едім. Екі жақтан да адам шығыны көп. Сәт сайын сарбаздар оққа ұшып жатты. 1943 жылғы қыркүйек айы болатын. Біздің 303-атқыштар дивизиясы Днепр өзеніне таяу қалың орманның ішінде тұрды. Біз ол кезде бір-ақ мақсатты көздедік. Ол – Днепрден өтіп, құмырсқадай қаптаған жау әскерлерін талқандау. Жау қолында қалған қала, елді мекендерді азат ету. Осы шайқаста ауыр жараландым. Әскери санитарлық бөлімге есімді білмеген күйде жеткізіліппін. Бір тәуліктен кейін есімді жидым. Жан-жағыма қарасам әскери ауруханада жатырмын. Төңірегім ыңырсыған дыбыс, ауыр жараланған жауынгерлер. Сол сарбаздардың көбісі көз алдымда ауыр жарақаттан көз жұмды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас. Мен өлім аузынан аман қалдым. Көретін жарығым бар екен. Жаратушыға шексіз ризамын. Бұл күніме шүкіршілік. Мен сұрапыл соғыстан елге тірі ораламын деп еш ойлаған емеспін. Құдай қақты, аман келдім. Бірақ, қаншама майдангер достарымыз, асыл азаматтар ажал құшты. Соны ойласам жүрегім атқақтап қоя береді. Соғысқа қарғыс айтамын», – деп ағынан жарылар еді. Көзіне жас үйірілетін. Майдангер көзі тірісінде алты ұл-қызынан 38 немере, 26 шөбере, 2 шөпшек сүйді. Майдан даласындағы ерлігі үшін «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. 1943 жылдың соңында ауыр жараланып, елге оралған Садуақас, тылда да тыным тапқан жоқ. Бейбіт күнде де абыройға бөленді. «Трудовой-пахорь» ұжымшарында мал бақты, шопан болды. Озат шопан атанды. Жыл сайын жүзіне 140-тан төл беріп, әр қойдан 4 келіден мемлекетке жүн тапсырып тұрды. Аудан, облыс көлемінде озат шопан ретінде танымал болды. Еңбегі еленіп жүрді. Тіпті, Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне делегат болып қатысып, көрменің күміс медалін иеленіп қайтқаны өз алдына бөлек оқиға. Мал шаруашылығына қосқан үлесі үшін «Еңбек сіңірген колхозшы», «Еңбек ардагері» медальдарын алды. Ауылдың көркеюіне, өңірдің дамуына Садуақас Бұралқиевтің қосқан үлесі қомақты. Майдангер, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Садуақас Бұралқиевтің есімі өзі тұрған «Жас ұлан» көшесіне берілсе деген ауыл тұрғындарының, ардагерлердің тілек-ұсынысы бар. Бұл ұсыныс Түймекент ауылдық округінің ардагерлері бастауыш ұйымының кеңесінде талқыланып, мақұлданды. Осы ұсынысымызды тиісті орындар қолдар деген сенімдеміз Өйткені, көше атауын иеленуге өмір жолы, майдангерлік жолы ұрпаққа үлгі болған абыз қария С.Бұралқиевтің есімі әбден лайық.
Ниязхан Бейсенов, еңбек ардагері.
Байзақ ауданы.