Ел біріншілігінен екі жүлде
Ел біріншілігінен екі жүлде
Таяуда Алматы қаласында 2001 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында үстел теннисінен Қазақстан чемпионаты өтті. Еліміздің барлық өңірінен 156 спортшы сынға түскен ел біріншілігінде жамбылдықтар да жақсы өнерлерімен көзге түсіп қайтты. Әбжіл қимылымен тамаша ойын өрнегін көрсеткен Харки Искендер жекелей сында қарсыластарының барлығын айқын жеңіп, ел чемпионы атанды. Допты ойынға қосуда да, шабуыл жасауда да ерекшелігімен көзге түскен ол шын мықтыға тұсау болмайтындығын тағы да дәлелдей білді. Сонымен қатар, командалық сында жамбылдық үстел теннисінің шеберлері екінші орынға табан тіреді. Жалпы сан түрлі додада қарсыластарынан оза шауып бәйге алып жүрген жамбылдық үстел теннисі шеберлерінің бұл бірінші табысы емес. Талай додада шын мықты екендіктерін дәлелдеп, жасындай жарқырап жүрген жасөспірімдеріміздің алар асуы мен бағындырар белесі әлі алда екені талас тудырмайды.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».