Экономика

Қазақстан-Қытай: жаңа бағыт, тың жоба

Қазақстан-Қытай: жаңа бағыт, тың жоба

Қытай Қазақстанға 10 миллиард доллар инвестиция құяды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай халық республикасына ресми сапары барысында бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Қытайдан Қазақстанға инвестицияланатын қаржы көлемі 10 миллиард доллардан асады. Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы жаңа серпін алды. Жаңа бағыттар мен тың жобалар бастау алып жатыр. Тынық мұхитындағы Ляньюньган портында қазақстандық логистикалық терминал құрылысы басталмақ. Кеше Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинь алып құрылысқа ақ жол тіледі.

Тынық мұхитқа жол ашар кемежай Президентіміздің Қытайға ресми сапары шеңберінде жасаған жалғыз келісімі емес. «Цинхуа» корпорациясы басқармасының төрағасы Хо Цинхуамен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қарағандыдағы көмір өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды орындау мәселесін де қозғап, қарсы тараптың қызығушылығын оятты. “Қазіргі дүниедегі алмағайып жағдайда, экономикалық тұрақсыздық жағдайында, қаржы жүйесінің жабықтығы жағдайында Қытай Халық Республикасы біз үшін өте қажет және пайдалы әріптес болып отыр. Осы кездесу барысында көп нәтижелерге қол жеткіздік деп айтуға болады”, – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Өткен кездесулерде біздің Қазақстанға Қытай Халық Республикасының инвестициясы 10 миллиард долларға жететін болса, қазіргі қол қойылған келіссөздер салынып біткен және салынатын біріккен өндіріс мекемелері Қазақстан мен Қытай компаниялары арасындағы 20 миллиард долларды құрайтын болады. Таяуда Қазақстан - Қытай елдерінің бірлесе құрастырған шағын жолаушылар ұшағына мінуіміз де ғажап емес. Қытайлық AVIC авиациялық өнеркәсібі корпорациясының президентімен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев бірлесе отырып, авиациялық өнеркәсіпті дамыту жайын қарастырды. AVIC корпорациясы басшысының айтуынша, аталмыш келісімге осы жылдың күзінде қол қойылуы мүмкін. «Біз шағын ұшақтар өндірісін жолға қоюды ұсынамыз. Олар 9-12 орындық шағын жолаушылар ұшағы және ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын көлік. Олар қазір сертификациядан өтті. Қазақстандық тасымалдаушылары мен ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілері үшін таптырмас көлік. Ал, Хуавэй телекоммуникациялық корпорациясы «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізуге қолұшын беруге әзір», – деді AVIC INTL компаниясы президенті У Гуаньцюань. Компанияның директорлар кеңесінің төрайымы Сунья Фан ханым жоғары технология саласында, атап айтсақ мобильді интернет жүйесімен қамтамасыз етуге дайын екендерін жеткізді. Осы жылдың соңына дейін Қазақстан территориясында ЛТЕ жүйесі қызмет атқарады. «Интернет қызметін ұсынуда біздің компаниямыздың тәжірибесі орасан. Біз Қазақтелекоммен тығыз қарым-қатынастамыз. Миллионға жуық қонақ келетін «ЭКСПО-2017» қарсаңында сапалы, ұшқыр интернет қызметін көрсету мәселесі өте өзекті», – деді “HUAWEI” компаниясы директорлар кеңесі төрайымы Сунья Фан. Сонымен қатар, Президент Синьхуа агенттігінің сайты арқылы Қытай халқымен онлайн арқылы тілдесті. Қытай жұрты Қазақстан басшысын сан қилы сұрақтардың астына алды. Оларды екіжақты ынтымақтастықтан бастап, Елбасының жеке өміріне дейінгі сауалдар қызықтырды. Сондай-ақ, Шанхайда «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің” 4-ші саммиті өтті. Негізгі баяндамаларын Елбасы осы кеңесте жасады. Қытай бұқаралық ақпарат құралдары аталмыш самитті Азия континентіндегі ең негізгі саяси шара деп бағалап отыр. IV саммит жұмысына мемлекеттер мен үкіметтердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Қазақстан Президенті өз сөзінде көптеген өзекті мәселелерді айта келіп, кез-келген елдің интеграциялық таңдауы – халықтың әл-ауқаты мәселесі екеніне, экономикалық интеграция үрдістерінің маңыздылығына тоқталды. – Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты Ресей және Беларусьпен бірге нақ осы тұрғыдан құрады. Еуразиялық одақ Азия мен Еуропаның арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтатын дәнекерлік көпірге айналады, – деді ол. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК базасында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым (АҚДҰ) құру қажеттігіне сенімді екенін білдірді. – Ол ЕҚЫҰ-ға сындарлы бәсекелес болуы тиіс. Өзара ынтымақтастық пен өзара түсіністік болмайынша, шығыс дәстүрлері мен құндылықтарын ескермейінше, Батыс Шығыстан тысқары, орнықты дами алмайды, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев әлемде алты жыл бұрын басталған жаһандық дағдарыс әлі күнге дейін еңсерілмегенін, ол қаржы-экономикалық саланы ғана емес, әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани саланы да қамтып, ұлғайып келе жатқанын айтты. – Бұл – жүйелі сипаттағы, бүкіл өркениетке ортақ дағдарыс. Сондықтан бізге, Азия елдеріне құрлықты бейбіт түрде өркендетумен өзіміз айналысу қажет. АҚДҰ бұл үдерістегі маңызды құрылымға айнала алар еді. АӨСШК-ге мүше мемлекеттер басшыларын осы мәселенің шешімін кейінге қалдырмауға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті. Соңында Мемлекет басшысы достықтың негізі болып саналатын өзара сенім болашақ халықаралық ұйымның негізгі ұстынының біріне айналуы мүмкін екенін айтты. Саммитте сөз сөйлеушілер АӨСШК-ні құрудың бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын айтып, ұйымның өңір елдері арасындағы көпқырлы өзара ықпалдастықты қамтамасыз етудегі тиімділігі жоғары екенін атап көрсетті.Саммит барысында Қытай Халық Республикасы Түркия Республикасынан АӨСШК-ге 2014-2016 жылдардағы төрағалықты қабылдап алды.