Таластың түлегі
Таластың түлегі
Кәсіпқой бокстан NBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Жанқош Тұраров «Гарсиямен де, Брукпен де шайқасуға әзірмін» дейді
Жалпы, әуесқой бокста да, кәсіпқой рингте де қазақ боксының өз орны бар екені мәлім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Василий Жиров, Марат Мәзімбаев деп делебеміз қозса, енді Гена Головкин, Қанат Ислам, Жанқош Тұраров, Бекман Сойлыбаев деп, кәсіпқой рингте жүрген өрендеріміздің тізімін біразға дейін соза аламыз. Сол кәсіпқой бокстың ортасы саналатын АҚШ-та талай қарсыласының тізесін бүктіріп жүрген жамбылдық жампоз Жанқош Тұраров кім?
– Жанқош, өзің бүгінде Алатаудың баурайында жүрген соң, көпшілік сені алматылық деп жатады... – Менің туған жерім – Талас ауданы, Ақкөл ауылы. Шынашақтайымнан төбелеске жақын болдым. Жастар жаға жыртысып жатқан жерлерден табылып жүрдім. Соның салдарынан шығар, көше, мектеп «атаманы» атанған жайым бар. Ақиқатын айтайын, әуесқой бокста ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жетпеді. Халықаралық және ел біріншіліктерінде финалға шыға алмадым. Содан 2008 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, алғашқы жеңісімді жыл өткен соң тойладым. Сосын 2012 жылы кәсіпқой бокстан ел чемпионы атандым. Ал 2013 жылы АҚШ-қа шақырту алып, өзіміздің жерлесіміз Қанат Исламның қасына келдім. Қазір, Аллаға шүкір, 18 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Оның 13-і мерзімінен бұрын аяқталды. – Жанқош, әйгілі кіші Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо шайқасқан жартылай орта салмақта жұдырықтасып жүрсің. Олар кеткен соң бұл салмақтың мықтылары Дэнни Гарсия мен Келл Брук саналары сөзсіз. Алдағы уақытта осы екеуімен шайқасар күн туса, кіммен рингте жолыққанды қалар едің? – Батырға оң-солы бірдей ғой. Кез-келгенімен бокстасуға әзірмін. Гарсия да, Брук та әлем чемпионы екенін білемін. Бірақ олар да өзіміз сияқты адамдар. Сондықтан, ана боксшыдан, иә болмаса мына былғары қолғап шеберінен қаймығамын деп айта алмаймын. Бәріне дайынмын. – Ескі мектептің боксшылары негізгі төрт тұжырымда да мықтылығын дәлелдеп, абсолютті чемпион атануға талпынады. Сенің де арманың солай шығар... – Иә, мен елімнің абыройын америкалықтар алдында асқақтатқым келеді. Олар қазірдің өзінде қазақ боксшыларын қатты құрметтейді. Головкин бастаған саңлақтардың өнеріне тәнті. Алдағы уақытта рейтингім көтерілсе, біз де үлкен телеарналарға шығамыз ғой. Рас, төрт тұжырым бойынша әлем чемпионы болғым келетінін жасырмаймын. Америкалықтар қазақ боксшыларынан қаймығады да. Оны байқап жүрміз. – WBA, WBC, IBF, WBO тұжырымдарының ішінде WBA бойынша рейтинг түзіп жүрген жайыңыз бар. Шамамен Жанқоштың өз бокс кешін қашан көруіміз мүмкін. Әлі жақын емес сияқты. – Алла қаласа, ондай күн де туады деп ойлаймын. Иә, мен WBA арқылы рейтинг жиғанды жөн санадым. Бүгінде елімізде ондай өз бокс кешімді өткізетін мүмкіндік бар шығар. Ал АҚШ-та әлі танылуым, фан база қалыптастыруым керек. Ол күн де алыс емес деген пікірдемін. – Әңгімеңізге рахмет!
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».