Әдебиет

Әкім ақынның үйіне құттықтай барады

Әкім ақынның үйіне құттықтай барады

Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жүзі мейірімге, жыры мөлдірлікке, жан әлемі жақсылыққа, жүрегі сырлы сезімдерге тұнып тұрған көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованы 70 жасқа толған күнімен арнайы құттықтап барды. 

Ақындар шаңырағында облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілда Рахманбердиев, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров өңір басшысымен бірге болды. Олар да халқымыздың аяулы ақын қызына ақ тілектерін арнай келіпті. Тілектес, ниеттес азаматтарды поэзия айдынында қос аққудай жарасып, қатар жүзген ерлі-зайыпты ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова қошуақ көңілмен қарсы алды. Мерейтой иесінің иығына оюлы қамзол мен орамал жапқан Кәрім Нәсбекұлы ақ тілегін білдірді. Бір кездері қазақ әдебиеті абыздарының ақ батасын алған ақын мұндай құрметке әбден лайық. Ал әкімі ақынын арнайы барып, құттықтап, сый-сияпат көрсетуі – көргенділіктің белгісі болса, қазақтың өнерді, өнердің төресі – өлеңді жоғары бағалайтынын тағы да есімізге салғандай болды. Әкімі ақынын іздеген ел қашанда бақытты!

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».