Экономика

Жаңа инвестициялық саясаттың жауапкершілігі мол

Жаңа инвестициялық саясаттың жауапкершілігі мол

team_34Уәлихан Болатбек, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы жалпының көңіліне қонды. Жолдаудың басты ерекшелігі – халықтың әл-ауқатын төмендетпеуге арналып отыр. Президенттің қай жылғы Жолдауын алсаңыз да, халықтың тұрмысын жақсартып, ел экономикасын көтерумен қатар, жастарды білім мен ғылымға шақыратынын байқап келеміз. Шынтуайтында Қазақстан халқы бүгінгідей жақсы тұрмыс кешкен жоқ. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдарда бірқатар тар жол тайғақ кешулер алдымызда кесе көлденең тұрғанымен, бұл күндері сол ауыртпалықтар толық еңсеріліп, экономикасы қарқынды дамыған мемлекетке айналдық. Сөзіміздің дәлелі, Елбасы кезекті Жолдауында «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы, халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстан-дықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», деді. Қазіргі таңда білім аламын, оқимын, еңбек етемін деген жанға жол ашық. Жалқаулық пен мал шашпақтан арылатын шақ туды. Сондай-ақ, Президент Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауындағы «Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері» атты 4-тарауында таяудағы онжылдықта Қазақстанның алдында тұрған міндеттерге тоқталып өтті. Жолдауда: – экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету; – өңделген тауарлардың экспортын 2015 жылмен салыстырғанда кем дегенде екі есе ұлғайтып, оны жылына 30 миллиард долларға дейін жеткізу; – экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда, 10 жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу; – 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру, – делінген. Сонымен қатар, осы тарауда Мемлекет басшысының техникалық кадрлар мәселесіне кеңінен тоқталуы бізді бей-жай қалдырмады. «Бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германия, Канада, Австралия және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Еліміздің өркендеуі жолында озық техника мен технологияны меңгерген мамандар бүгінде сұранысқа ие. Оған Елбасымыздың Жолдауда айтқан: «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», – деген сөзі дәлел. Түйіп айтқанда көңілге қонған Жолдаудағы жолдар бұл күндері іс жүзінде іске асып жатыр. Бізді қуантатыны да сол.