«Саған бақыт тілеймін»
«Саған бақыт тілеймін»
Талантты жазушы Мұрат Сыздықовтың туғанына – 60 жыл
Жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың естелігін оқығанда, Мұрат Сыздықовтың талантты қаламгер, ақкөңіл азамат екеніне көз жеткізесіз. Кезінде «Жетісі берілмеген өлім» пьесасы қойылғанда, театрға көрермен сыймапты.
Өмірден небәрі қырық жасында озған жазушыны замандастары мен оқырмандары ұмытқан жоқ. Оның жазушылық болмысын жастарға насихаттауды жақсы дәстүрге айналдыруға күш салуда. Оған дәлел қаламгер тұрған Тараз қаласындағы үйге ескерткіш-тақта орнатылған, ал туған жері – Шу ауданының орталығы Төле би ауылының бір көшесіне есімі берілген. Белгілі жазушы М.Сыздықовтың туғанына 60 жыл толуына арналған «Саған бақыт тілеймін» атты еске алу әдеби басқосуы жақында Алматы қаласындағы Қазақстан жазушылары кітапханасында өтті. Кешті «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Аманхан Әлімұлы жүргізіп, Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы сөз сөйлеп ашты. «Үркер» журналының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай баяндама жасады. ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Алматы Ақшамы» газетінің бас редакторы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, Оңтүстік Қазақстан облыстық газеті бас редакторының орынбасары Асқан Майлыбаева, «Шу өңірі» аудандық газеті бас редакторының орынбасары Ахметжан Қосақов, суретші Балтас Оспанов, курстастарынан белгілі сатирашы Толымбек Әлімбекұлы және Әнипа Баратова қаламгер жайлы пікірлерін ортаға салды. Кештің қадірлі қонағы болған қаламгердің анасы Жұпар Сыздықоваға ұйымдастырушылар тарапынан құрмет көрсетілді. Қазақстан Жазушылары кітапханасының меңгерушісі Елена Ағайса жиналғандарды жазушы шығармашылығына байланысты көрмемен таныстырды. Кеш соңында талантты жазушының «Алуа» ЖШС баспаханасынан жарық көрген «Саған бақыт тілеймін» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Кітап «Хикаяттар мен әңгімелер», «Балаларға базарлық» және «Сен біздің есіміздесің, Мұрат» атты бөлімнен құралған. Әдеби басқосуды ұйымдастырып, жазушының кітабын шығарған белгілі журналист Қыдырәлі Қойтайға қаламгердің анасы, жары және ұлы алғыс айтты. Кешке ақын-жазушылар, туыстары, Қазақ радиосы, телеарна қызметкерлері, Алматы политехникалық колледжі және Халықаралық Қытай колледжі студенттері қатысты.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».