Дамудың даңғыл жолына бастайтын одақ
Дамудың даңғыл жолына бастайтын одақ
Үстіміздегі жылдың 29 мамырында Ресей, Қазақстан және Беларуссия Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшартқа қол қояды деп күтілуде. Біз бүгін облыстағы бірқатар өндіріс орындары басшыларының Еуразиялық экономикалық одақтың ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына айрықша серпін беретіні туралы пікірлерін жариялап отырмыз.Инвестиция көптеп тартыладыМұқаш Ескендіров,«Казфосфат» ЖШС бас директоры.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық кеңістікте экономикалық одақ құру туралы идеясы келешекті көрегендікпен болжауынан және еліміздің жаһандану жағдайларындағы дамуының қажеттіліктерін ескеруімен туындап отыр. Оның негізгі себептеріне әлемдегі өндіріс нысандарының өзгеріп, әлемдік ішкі жиынтық өнімдегі трансұлттық корпорациялардың орны мен рөлінің арта бастауын, жаһандану барысында ұлттық экономиканың халықаралық стандарттарға бейімделуін, халықаралық басқару орталықтары, бірлескен кәсіпорындар мен халықаралық стандарттар жүйесіндегі өзгерістерді айтуға болады. Еліміз, оның ішінде облысымыз минералды шикізатқа бай. Қазақстандағы фосфор қорының 72 пайызы облысымыздың аумағында орналасқан. Жамбыл өңірінде Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы табылады. Олар өңделмегендіктен, қазіргі заманғы технологиялық жабдықтың зәрулігінен қыруар байлығымыз ел игілігіне айналмай жатыр. Шикізат шетке арзан бағамен өткерілуде. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін облысымызға сырттан инвестиция тартуға мол мүмкіндік туады. Өнеркәсіп саласы өркендейді. Ең бастысы, елімізде өндірілген өнім 170 миллион тұтынушысы бар нарыққа шығарылады. Мұның өзі елімізді дамудың даңғыл жолына түсіреді.
Экспортқа кең жол ашыладыБолат Момышев,«Фабрика ПОШ» ЖШС директоры.Бүгінде әлемде бірігу үдерістері жүргізілуде. Дамыған және дамушы елдер экономикалық одақтарға интеграциялануда. Бұл – жалпы адамзаттық жаһандануға қолайлы түрде кірігудің төте жолы болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық қауымдастықты одан кейін Кеден одағын құру, біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру сияқты экономикалық интеграцияның негізгі белестерін кезең-кезеңмен жүріп өту жөніндегі ұсыныстарының бәрі бірте-бірте жүзеге асып келеді. Еліміз Ресей, Беларусьпен бірге Кеден одағына біріккенде «Біз енді өз тәуелсіздігімізден айырылып қаламыз» деген сарыуайымшылдық етек алған болатын. Бұл пікірдің жансақ екенін өмір көрсетіп келеді. Біздің құрып отырғанымыз саяси одақ емес, экономикалық одақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде студент жастар алдында сөйлеген сөзінде қоғамда көптен бері түрлі пікір туғызған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция жан-жақты айтылды. Аталған одақтың нарықтық экономикалық тұрғыдан тиімділігін жан-жақты талдап берді. Сондай-ақ, бұрынғы Кеңес Одағының «жаңғыруы» туралы алыпқашпа сөздердің негізсіз екенін жеткізді. Президенттің батыл бастамасы бүгінде өмір шындығына айналып, интеграциялық модельдің жаңа үлгісі түзілді. Оның айқын мысалын Кеден Одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік жүйесінде бір-бірімен тығыз әріптестік қарым-қатынаста, біртұтас нарық кеңістігінде, сауда-өндірістік үдерістер бағытында өзара түсіністік жауапкершіліктің қолжетімді үлгісін танытып келе жатқан үш мемлекеттің жетекші рөлінен айқын аңғаруға болады. Мемлекет басшысының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы нәтижесінде облысымыз өнеркәсіптік аймаққа айналуда. Бағдарлама аясында халық шаруашылығына аса қажетті инновациялық өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Бұрын кәсіпорындар өндірген өнімін шетелдерге жөнелтуге елеулі кедергілерді бастан кешіріп келді. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін оларды экспортқа шығаруға кең жол ашылады. Ұтпасақ, ұтылмаймыз Мұртаза БҰЛҰТАЙ, «Мыңарал Тас Компани» ЖШС-ның директоры.
Қазақстан экономикасы қазір қарқынды даму үстінде. Бұл әлемнің дамыған елдерімен, көршілермен өзара алыс-берістің арқасы. Елбасы Н.Ә. Назарбаев құдды Кемаль Ататүрік сияқты өз елін өркениет көшінің алдыңғы легіне шығару жолында тапжылмай еңбек етуде. Қазақстанның әл-ауқаты қуатты болуы үшін басқа елдермен тиімді экономикалық қатынастар орнатуымыз шарт. Президент Нұрсұлтан Назарбаев кеше ғана Қытай Халық Республикасында болған сапарында бүгінгі күні әлемнің ең басты инвесторларының бірі болып саналатын осы елден инвестиция тартуға қол жеткізді. Ал, енді мына құрылғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақтың да тиімді жақтарын жете пайдаланғанымыз абзал. Бұл жерде Қазақстан терезесі тең мемлекет ретінде экономиканың барлық саласында дамудың даңғыл жолымен алға қарыштай бермек. Қарап отырсақ, Еуропаның мықты елдерінің өзі бүгінгі жаһандану заманында өз мүдделерін сақтап қалу үшін экономикалық одақ орнатып алған. Басқа құрлықтарда да аймақтық одақтар бар, бәрі де күш біріктіріп, ел мүддесін қорғау және экономикалық тәуелсіздікті нығайтуды көздеген шаралар. Сол себепті аумақтық интеграциялық үдерістердің мүше мемлекеттерге әкелетін пайдаларын көпшілікке егжей-тегжейлі түсіндіріп беру ләзім, ел дамуына тілектес әрбір азаматтың жадында болғаны дұрыс. Біз тәуелсіздік туын берік ұстай отырып, ең алдымен өз еліміздің, өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғау бағытында жүзіміз жарқын болуы үшін бәсекеге қабілетті, өтімді тауарлар өндіруге күш салайық. «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген қағиданы жүзеге асырып, одақтастар арасында мемлекет мәртебесінің биік болуына үлес қосайық.
Мойынқұм ауданы.
Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа!Гүлмира Қоңқашева, «Та-Мақ» ЖШС директоры.Қазақта достық, ынтымақ, бірлік туралы қанатты сөздер, үлгі-өнеге аларлық мақал-мәтелдер көп. «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды», «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас», «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Ырыс алды – ынтымақ», «Достық – берік қамал!..» осылай тек қана жақсылыққа үндеп кете береді. Осы қағидаларды ұстансаңыз, тасыңыздың өрге домалайтынына дау жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда қазақы пейілмен елді татулыққа, бірлікке шақырып жүргені. Ол шақырулар жауапсыз қалмай, айналамыз тілектестерге, достарға толып жатқанына тарих куә. Ал, енді, мына құрылғалы жатқан Еуразиялық экономикалық одақ өзара ықпалдастық арқылы бізді де, әріптес елдерді де дамуға алып баратын даңғыл жол. Көре алмайтындар теріс көзқарастағылардың қолтығына су бүркіп, достыққа, ықпалдастыққа сына қаққысы келетіні айтпаса да түсінікті. Мен Еуразиялық экономикалық одақ құрылуын қолдайтындар жағындамын. Бұл – жақсылыққа бастайтын, соған алып баратын жол. Тек достықпен, бірлікпен ісіміз ілгері басып, экономикалық әлеуетіміз нығая түспек. Осы ортақ мақсаттағы, адал ниетті адамдардың бәріне тән қасиет – өзара түсіністікте өмір сүру. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақылдың нақты анықтамасы осы. Біз осы жолдан – Елбасы салып берген сара жолдан айнымауымыз керек. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз де ақ ниетті адамдардың есінен ешқашан шықпауы керек.