Жаһан

ӘЛЕМНІҢ ЖЕТЕКШІ ҮНҚАТЫСУ АЛАҢЫНА айналған форум

ӘЛЕМНІҢ ЖЕТЕКШІ ҮНҚАТЫСУ АЛАҢЫНА айналған форум

экономиканың ертеңі алаңдатады

Астанада ХІІІ Еуразия­лық медиа форум салтанатты түрде ашылды. Әлемнің әр шал­­ға­йынан келген делегаттарға жол­да­ған құт­тықтауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау ал­қалы жиын­ның мән-маңызын айрықша атап өтті. «Еуразиялық медиа форум қатысушыларын Қазақстан әр­дайым құшақ жая қарсы алады. Форум әлемнің жетек­ші үнқатысу алаң­­дарының бірі­не айналды. Онда қазіргі за­ман­­ның ең өзекті мәсе­лелері тал­­қыланады. Дамудың жаңа пара­дигмалары қалыптасып, бо­ла­­­шақтың сұлбасы жасалады. Мен «Әлем. ХХІ ға­сыр» атты мани­фесті ұсындым. Оның мақсаты – Жер бетінде соғыс атаулыны түп-тамырымен жою. Бұл ғасыр ортақ ерік-жігер арқылы парасат пен жасампаздық сындарлы диалог салтанат құра­тын дәуір болуы тиіс. Сол себеп­ті, Еуразиялық медиа форумның алаңында қордаланға­н әлемдік проблемаларды ашық талқылап, теңгерімді шешімдер іздестіру бейбітшілік жолындағы жал­пы­әлемдік қозғалысқа қосы­лар баға жетпес үлес. Форум жұ­мы­­­сы­­ның нәтижесі, сіздердің жаңа идея­ларыңыз бен баста­ма­лары­­ңыз дүниежүзілік коммуни­ка­­ция­ның жаһандық үнқатысуды дамы­­туға зор серпін береріне сенім­­дімін. Форумның барша қаты­су­шыларына жемісті жұмыс пен бар жақсылықты тілеймін», – делінген Президенттің құттықтауында. Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізген Премьер-Ми­нистрдің орынбасары, ЕАМФ ұйым­­дастыру комитетінің төр­айы­мы Дариға Назарбаева ер­теңі нұрлы елордамызға ат са­был­­тып алыс-жақыннан кел­­ген­­­дерді қо­нақ­жай қазақ же­рін­де аман-сау көргеніне қуа­ныш­­ты екендігін біл­дірді. Одан әрі шешен салмақты сөзін бы­лай­ша са­бақ­тады. «Қалып­тас­­қан жағдайға байланыс­ты он екін­ші және он үшінші ба­сқо­су­ы­­­­мы­з­дың арасына екі жыл са­лып­­­­пыз. Бұл осы уақыт ішіндегі өр­кен­­ді өзгерістерді бағамдауға мүм­кіндік береді. Қараңыздаршы, біз­дің бас қаламыз қалай қарыш­тап да­мыды. Астана тәуелсіз Қазақ­­­­­­­стан жаңаруының символы­на ай­­­нал­ды. Ол – барлық қазақ­стан­­­дық­тар­дың маңдайға басар мақ­та­ны­шы. Қала қазір халықара­лық ЭКСПО-2017 көрмесін қа­был­дау­ға қызу дайындық үстін­де. Алып құрылыс кешенінде қан­­дай ауқым­ды жұмыстар жү­ріп жат­қа­нын өздеріңіз аралап көре­сіз­дер. Бұйыр­са, бұл қала­шық ару Аста­на­­ның жаңа жауһары бол­ғалы тұр. Көгіл­дір көкт­ем күн­дері Астанаға кел­ген қадам­дарыңызға сәттілік тілеймін!». Сөзінің соңында Дариға Нұрсұлтан­қызы алқалы жиынның төрін­де отырған Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзайға ар­найы шақыртуды қабыл алғаны үшін алғыс айтып, мұндай тұғы­ры биік тұлғалар Еуразия ме­диа фо­ру­мы­ның мәртебесін биіктететінін атап көрсетті. Шын жүректен шыққан құр­­метті қошеметпен қабыл­даған Хамид Карзай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­аралық аренадағы бітімгерлік рөліне жоғары баға берді. «Ауғанстанның қайта қалпы­на келтірілуіне көп көмек көр­сет­кен Қазақстанмен қайта қауыш­қаныма аса қуаныштымын. Бұл ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ескер­месе болмайды. Мына биік мін­берді пайдаланып, Қазақ­стан­ның мыңға тарта ауғанстандық студенттерге стипендия бө­ліп отырғанын айта кеткім келеді. Олардың 180-ге жуығы меди­цина­лық білім алуда. Ұзақ мерзімге оқудан қол үзіп қалған ел үшін бұл қайырымдылықтың бағасы өте қымбат», – деді Хамид Карзай ағынан жарылып. Ол, сондай-ақ, Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде көтерілген көкейкесті мәселелердің алмаға­йып мынау заманда өте өзекті екен­дігіне айрықша назар аударды. Еуразиялық медиа форумның алғашқы мәжілісі «Әлемдік эко­но­миканың бүгіні мен ертеңі» та­қы­­рыбына арналды. Дәл туған күнінде конференция тізгінін ұс­та­ған америкалық продюсер Риз Хан ашық әңгіме алаңындағы пікір алмасулардың қаншалықты қызықты өрбитіндігі залдағы зия­лы қауымның белсенділігіне бай­ланысты екендігін ескертті. Соны сезген отырыс модера­торы оңтүстікафрикалық, Си-Эн-Эн телеарнасының жүргізушісі Элени Гиокос ғаламдық эконо­­микалық дағдарыс, мұнай ба­ға­сының құлдырауы, дүние­жүзін дүрліктірген қантөгісті оқи­­ға­лар және басқа да «күйіп» тұр­ған күрделі тақырыптарды спи­керлердің ортасына тастап кеп жіберді. Сол-ақ екен аналар ағыл-тегіл ақтарылып қоя бер­ді. Қаузалмаған проблема қал­ма­­ған­дай. Әсіресе, алпауыт мем­лекеттер арасындағы көшбас­шыл­ыққа ұмтылу бәйгесінің барысы тілге тиек етілді. Ұзаққа созылған санкциядан сап тыйылған Иран, әлемдік мұнай бағасының құ­былуы­на тікелей әсер етуші Сауд Арабиясының сан қырлы сая­са­тының ақыры қайда апарып соқ­пақ? Әрекетсіз ОПЕК-тің қара алтын нарығында қалыптасқан түйін­ді шешуге қауқары жете ме? Ға­ламд­ық қаржы құрсауында шыр­­­мал­маудың жолдары қандай? Қанды қақ­тығыстарға тосқауыл қойыла ма? Тұйыққа тірер сұрақтар жетер­лік. Ал, солардың жауабын табу қиынның қиыны. Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро әңгімесінің әлқиссасын: «Біз өзіміздің демократиямыздың дәрегейін мақтан тұтамыз», деп бастады. Одан соң ағылшындық сақа саясаткер доллар бағасының тұрақсыздығын түсіндірген сы­ңай танытты. Үзілді-кесілді пі­кірі мынадай: «Бұған бірде-бір қай­раткер, бірде-бір мемлекет ті­ке­лей әсер ете алмайды. Егер ОПЕК тарапынан сәтті стра­те­гиялық қадам жасалса, мұнай баға­сын көтеруге мүмкіндік туар еді. Соның нәтижесінде әлем­дік экономикаға әл кіріп, тәуе­кел деңгейі төмендеуі кәдік. Шетелдік шешендердің шетін ала отырған «Астана» ха­лық­ара­лық қаржы орталығының бас­­қа­ру­шысы Қайрат Келімбетов Қазақ­станның шикізатқа негізделген модель­ден экономиканы әртарап­тан­дыруға көшуге мүмкін­дік туа­­тынына үміт артатынын жария­лады. Қазақстандық қаржы ма­ма­­нының сөзіне сенсек, ғалам­дық эко­но­микалық өрлеуге жете­лей­тін факторлар онша көп емес. Есе­сіне екінші тенденция қылаң бер­ді. Жаһандық экономика тех­но­ло­­гия­­лық тұрғыдан жетілуге бет бұрды. Ағылшын тілінде кеңінен кө­сіл­ген Қайрат Нематұлы, ел эко­­­но­­­микасының еңсесін тіктеуге қа­тыс­ты ұтымды ұсыныстарын білдірді.

Таяу Шығыс тағдыры

Иә, Таяу Шығыстағы ахуал тұрақ­танған жоқ, әскери қақтығыс, лаң­кестік әрекет пен наразылық толқуы күн сайын Ауғанстаннан Йеменге дейінгі өңірді телегейдей шайқап теңселтуде. Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы жанжал өрши түсті. Бұл Израиль мен араб әлемі арасындағы ежелгі теке­тіреспен бірге күллі Таяу Шығыс­тағы онсыз да әлсіз саяси тепе-теңдікті бұзып, бейбітшіліктің келешегін күңгірттендіре түсуде. Халықаралық дипломатия Иранға қарсы санкцияның күшін жоюға көмектесті. Бірақ, Сирияда бес жылға созылған азамат соғысын ешқандай мәмілегерлік тоқтата алмады. Бұл елде содырлар өз күшін сақтап қана қоймай, өзге елдерге де, соның ішінде, Түркия мен Тунис­те тамыр жая бастағаны жасы­рын жағдай емес. Сириядағы қантөгіс ұрысты тоқтату жөніндегі келісім Батыс пен Шығыс арасын­дағы сындарлы үнқатысудың бас­та­­масы бола ала ма? Осы және өзге де халықаралық ушыққан жағ­дай­­ларға байланысты маңызды мәсе­лелер талқыланған алқадағы жиын тізгінін «Russia Today» Таяу Шығыс бюросының басшысы Пола Слиер өз қолына алды. Таяу Шы­ғыста тамыр жайған мем­ле­кет­тердің тағдырына байланыс­ты та­қырыпты тарқата талдаған спикерлер қатарында Хамид Карзай, Мысырдан келген «Әл-Аһрам» медиахолдингі бас­қар­масының төрағасы Ахмед Әс Сайид Әл Нагар, Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің бұрынғы кеңесшісі Артур Денаро, Ливаннан келген Таяу Шығыс зерттеу және қоғаммен байланыс орта­лы­ғының президенті Хишам Жабер, сая­саттанушы, Ресей халық­ара­лық мәселелер кеңесінің сарапшы­сы Максим Сучков белсен­ділік танытты. Осылармен қатар, са­рап­­­шылар санатында Қазақ­стан Рес­публикасы Прези­денті жа­­нын­­­­дағы Страте­гия­лық зерт­теу­­лер институтының ди­рек­торы Ерлан Қарин қатысып, ұлт­аралық қақтығыстардың туу себептері мен оны тоқтату жол­дарына баса назар аударып, жан-жақты талқылады.

Жаңа имидж – Келешектің кепілі

Медиа форум аясындағы үшін­ші мәжіліс мұнай елдерінің жаңа имиджіне арналды. Шараға қа­тысқан сарапшылар қазіргі энер­ге­ти­калық ресурстар нары­­ғын­­­­­дағы тұрақ­сыздыққа байла­ныс­­­ты бренд тиімділігін жаңа жағ­­дайда арт­­ты­ру жолдарын қа­рас­тырып, туризм мен қызмет көр­сету салалары бойын­ша та­­быс табу­дың тетіктерін сөз ет­­ті. Жиын­ды ашқан модера­тор, Қытай­­дың CCTV телеар­на­сын­­­дағы «Жаһандық бизнес» ба­ғ­­дар­­ламасының жүргізушісі Лей Ченг ханым қазіргі нарықты бренд стратегиясын дамытусыз елес­тету мүмкін емес екенін ай­тты. Өз кезегінде Ұлыбритания­дан келген саяси мәселелер жөнін­дегі ке­ңес­ші Саймон Анхольт 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көр­ме­сін өткізетін Қазақстан үшін жетіс­тік имиджін нығайту­ға мол мүм­кін­дік туып отырға­нын жет­кізді. Оның сөзіне қараған­­да, Қазақстан ЭКСПО әлеуетін то­лық пайдаланып, елдік бренд қа­лып­тастыратын алғаш­қы ел болуы мүмкін, – деді. Ал «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­­­­тық компаниясы төраға­сының орын­­басары Ербол Шорманов көрмеге дайындық жұмыс­тары­мен таныстырып өтті. Оның мәлім­деуінше, ЭКСПО-ны ойдағы­дай өткізу үшін барлық тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Сондықтан, оның жо­ға­ры деңгейде өтеріне сенім мол. Сондай-ақ, Е.Шорманов бү­гін­ге дейін 81 мемлекет пен 14 ха­­­лық­­ара­­лық ұйым көрмеге қаты­са­тын­­дарын ресми түрде раста­ға­нын жеткізді.

Қуатты қару – әлемге қауіп

Медиа форумның бұл күнгі соңғы мә­жілісі «Ақыл-ой мен жан-дүние үшін күрес. ХХІ ғасырдағы ақ­параттық қақтығыстың ерек­шелігі. БАҚ-тың бейбітшілік орнату мен жанжал туғызудағы рөлі» тақы­рыбына арналды. Мәжілістің модераторы ретін­де бірінші кезекте сөз алған ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман (Ресей) қазіргі таңда ақпарат құ­рал­­дарының үлкен күшке айна­лып отырғаны, оның адамзат ал­дындағы жауапкершілігі жөнінде кеңінен тоқтала келіп, жиынға қатысушы спикерлерді ортақ әңгімеге шақырды. Жиында Bloomberg медиаком­паниясының атқарушы продюсері Тодд Баер (АҚШ), Chaim for Change веб-платформасының жауапты редакторы Мариэнн Перл (Франция), «Сколково» қорының вице-президенті Александра Барщевская (Ресей), Түркия премьер-министрі кеңсесі баспа және ақпарат бас басқармасының жетек­шісі Синан Күрүн, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі­нің хатшысы Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, ақпараттық кеңістікте болып жатқан түрлі жағдаяттар төңірегінде өз ойларын ортаға сал­ды. Ал Нұрлан Ермекбаев нақты талдау жасаудың аздығынан БАҚ лаңкестерге еріксіз қолдау жасап отырғанын атап өтті. АҚШ өкілі Тодд Баер өз кезегінде БАҚ-тың адам санасын арбайтын əккі технологияларын орынды пайдалануға шақыра оты­рып, ақпараттық соғыстың әлем­ге қауіптілігін қаперден шығармау абзал екенін жеткізді. Қорыта айтқанда, бұл басқосу­да қоғамдық сананы билеу ісінде ақ­парат қуатты қару екені, оның бі­реу­­л­ерге тиімді табыс көзі болып отыр­­ғаны, БАҚ-тың терроризмге тө­теп берудегі рөлі жан-жақты сөз болды. Иә, Еуразиялық медиа форум­ның екінші күні өзекті мәселелер қоз­ғал­ған осындай жиындармен үлкен ма­ңызға ие болды.