Ел дамуындағы ерекше кезең
Ел дамуындағы ерекше кезең
Жомарт ӘМІРХАНОВ,
облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадамның 98-қадамында селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу мәселесін алға қойды. Бұл міндет есеп беруші және транспарентті мемлекетті құрудағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгідей еліміздің ахуалы экономикалық өсіммен және саяси тұрақтылықпен айқындалатын кезеңде мемлекет саясаты «ашық үкімет» құру, азаматтарды шешім қабылдау үдерісіне тарту арқылы халықтың билікке деген сенімін күшейтуге бағытталады. Жергілікті өзін-өзі басқаруда дербес бюджетті енгізу азаматтық қоғам өкілдеріне өңірдің бюджет қаражатын бөлуге, тұрғындардың негізгі өмірлік сұраныстарын қанағаттандыру мәселелері бойынша шешім қабылдауға қатысуға мүмкіндік береді. 2013 жылға дейін жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өзіндік кірістері болған жоқ. Олардың шығындары аудандар мен Тараз қаласы бюджеттерінің құрамында қарастырылып, жергілікті мәслихаттардың шешімімен бекітілді. Бұл шығындар мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға, әлеуметтік «әлсіз» топтарға көмектесуге, елді мекендерді көгалдандыруға және көріктендіруге тағы да басқа мақсаттарға бағытталды. Алайда, өзіндік кірістердің және шығындарды өз еркімен қалыптастыру мүмкіндігінің болмауы жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерінің төмен деңгейде шешілуіне себеп болды. Осыған байланысты, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың алғашқы кезеңінде 2012 жылдан бастап «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті мәндегі өзекті мәселелерді шешу үшін өңірлерді қаржылық қолдау тетігі енгізілді. Бұл тетікке сәйкес бөлінген қаражат көлемінде іске асырылатын іс-шаралар бойынша шешім жергілікті халықтың қатысуымен қабылданады. Облыстың жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қаржылық қолдау көрсету тетігі шеңберінде 2012 жылдан 2015 жылға дейін барлығы 1,8 миллиард теңге бөлініп, 1 053 іс-шара іске асырылды. Ауылдық елді мекендерді қаржылық қолдаумен қамту үлесі 2012 жылғы 8,5 пайыздан 2015 жылы 56,8 пайызға дейін ұлғайды. Биыл бұл мақсатқа 603,5 миллион теңге қарастырылып, 186 елді мекенде 233 іс-шараны іске асыру жоспарланып отыр. 2014 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қаржылық қолдау көрсетуге қаражат жалпы сипаттағы трансферттер түрінде үш жылдық кезеңге бекітіліп, бөлінуде. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылық дербестігін әрі қарай күшейту мақсатында 2013 жылы қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жергілікті өзін-өзі басқарудың 5 кіріс көзі айқындалды. Олар – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің басқаруындағы мемлекеттік мүлікті мүліктік жалға (жалдауға) беруден түсетін кірістер, жеке және заңды тұлғалардың ерікті түрдегі алымдары, жарнаманы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер аумақтары арқылы өтетін аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде тұрақты орналастыру нысандарында, сондай-ақ аудандық маңызы бар қаладағы, ауылдағы, кенттегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, ауданда тіркелген көлік құралдарында орналастырғаны үшін төлемақылар, әкімшілік құқық бұзғаны үшін ауыл округтерінің, аудандық маңызы бар село, қалалық әкімдері тарапынан салынған айыппұлдар, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да табыс көздері. Бұдан басқа, 2015 жылдың 15 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 35-бабына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өз функцияларын іске асыру үшін облыстық және аудандық бюджеттерден мына төмендегідей түсім түрлері: аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аумағында тіркелген жеке тұлғалардың төлем көзінен салық салынбайтын табыстары бойынша жеке табыс салығы; мүлкі аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аумағында орналасқан жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық; жер учаскесі аудандық маңызы бар қалада, ауылда, кентте орналасқан жеке тұлғалардан алынатын, елдi мекендер жерлерiне салынатын жер салығы; аудандық маңызы бар қалада, ауылда, кентте тіркелген жеке тұлғалардан алынатын, көлік құралдарына салынатын салық трансферт ретінде беріледі. Заңнама талаптарын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар аталған салық түрлері бойынша әр елді мекеннің түсім көлемін айқындап, оны қолма-қол ақшаны бақылау шотына аудару бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Және де жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының арқасында осы өзгерісті іске асыру барысында біздің облыс еліміздің өңірлері арасында көшбасшы болды. Нәтижесінде 2015 жылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына облыстық және аудандық бюджеттерден 644,6 миллион теңге көлемінде трансферттер аударылды. Жыл қорытындысы бойынша қаржы толық игеріліп, өңірлердің өзекті мәселелерін шешуге жұмсалды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасына енгізілмеуі және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сатып алу заңында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат есебінен мемлекеттік сатып алуға конкурс жариялау қарастырылмауы бөлінген қаражаттың толық көлемде игерілмеуіне себеп болды. Орын алған мәселенің шешімін табу мақсатында Қаржы министрлігіне жыл ішінде бірқатар ұсыныстар беріліп, бұл мәселелер өз шешімін толық тапты. Ағымдағы жылы осы бағытта жергілікті бюджеттерден 1 387,9 миллион теңге қарастырылып отыр. «Көш жүре түзеледі» демекші, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін және азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларды талқылауға қатысу тетіктерін енгізу алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүргізіліп, туындаған мәселелер әлі де кезегімен шешілетін болады. Атап айтқанда, бірінші кезең 2016-2017 жылдары жергілікті өзін-өзі басқару органдарының салық әлеуетін нығайту және кадрларды оқыту бойынша жұмыстары одан әрі қарай жүргізіледі. Екінші кезеңде 2018 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі ретінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті 2 мың адамнан көп әкімшілік-аумақтық бірліктерде, ал барлық жерлерде үшінші кезеңде 2020 жылдан бастап енгізіледі. Бұл ретте, жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздері өздерінің кірістерінен (салықтық және салыққа жатпайтын өзге де түсiмдер), аудандық бюджеттен берілетін субвенциялар және жоғары бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерден құралатын болады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізудің барлық кезеңдерінде оның жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерінің әлсіздігі және салық түсімдерінің бірдей еместігі, дербес бюджетті бекіту және орындау тетіктерінің жоқтығы, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналды меншігінің жоқтығы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының кадрлық әлеуетінің төмендігі және облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалалардағы азаматтардың жергілікті бюджетті талқылауға қатысу мүмкіндігінің жоқтығы жөніндегі мәселелері кезең-кезеңімен шешілетін болады.