Саясат

Мақсатымыз – отанымыздың көркеюі

Мақсатымыз – отанымыздың көркеюі

Мұхабат Тұрдыева,облыстық Махмуд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы.

Тәуелсіз Қазақстан 25 жылдың бедерінде қол жеткізген жетістіктері арқылы әлемге танылды. Соның ішіндегі ең үлкен табыс – елімізде нық орныққан тыныштық. Бірлікті ту еткен халқымыз ауызбіршілігін сақтап, осы байлығымыздың еселеп арта түсуіне ықпал етіп келеді. Мемлекетіміздің демократиялық имиджінің қалыптасуы мен экономикалық қуатының арта түсуіне алдымен еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың зор еңбек сіңіргенін айта кету керек. Қазіргі кезең – нарық бағасы, еңбек сұранысы секілді экономикалық ахуалға тікелей әсер етуші факторлардың күн сайын құбылып тұрған алмағайып заман. Бір сөзбен айтқанда, біз құбылмалы үлкен әлемде өмір сүріп отырмыз. Күн сайын әлемде сан түрлі өзгерістер орын алуда. Әсіресе, қаржылық жағдай алаңдатарлықтай. Тіпті, кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде дағдарыс үдеп барады. Бір елден бір елге қоныс аударған босқындар саны уақыт сырғыған сайын арта түсуде. Дегенмен, әлем елдерінде орын алып жатқан жаһандық өзгерістер мен әлемдік экономикалық кедергілерге қарамастан, Қазақстан өз бағытынан айнымай келеді. Достық пен өзара келісімді сақтай отырып, бейбіт күннің қадірін халықтар арасында дәріптей білуінің арқасында қол жеткізген ең басты табысымыз осы. Барша қазақстандықтар секілді облыстық ұйғыр этномәдени қауымдастығының өкілдері де болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Өйткені, біз Отанымыздың өмір сүруге қолайлы әрі сенімді екенін білеміз. Еліміздегі әлеуметтік ахуалдың күн өткен сайын жақсара түскенін сезініп отырмыз. Біздің ең басты және теңдесіз құндылығымыз ол – тәуелсіздік. Осы жарқын күнге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, тәуелсіздігімізді тұғырынан түсірмей, мемлекет болашағын баянды ету, еркін елдің ертеңгі ұрпағына бақытты өмір сыйлау – әрбір қазақстандық үшін ортақ парыз. Себебі, біздің тағдырымыз бір, болашағы біртұтас елміз. Біз бақуатты да, келешегі кемел, өз тағдыры өз қолында екенін тағы бір мәрте дәлелдей алған елміз. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі заманғы кәсіби мемлекет құруға арналған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын ұсынып, осыны дәлелдеді. Ел бірлігін сақтау жолындағы жүзеге асырылып жатқан осындай мәні жоғары шаралар дәл қазіргі уақыт үшін өте маңызды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Елбасымыз: «Біздің барлығымызда бір мұрат бар – ол барлық Қазақстан халқының ауқаттылығы. Біздің бәріміздің бір мақсатымыз бар – ол ортақ Отанымыздың көркеюі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз», – деді. Біз болашаққа сеніммен қарап, алдағы күннен үлкен табыс күтеміз. Біз Қазақстанның шыққан биігі мен қол жеткізген жетістігін бағалаймыз! Біз Ұлт Көшбасшысын қолдай отырып, тату-тәтті өмір сүруіміз, мол табысқа кенеліп, өмірімізді одан әрі жақсартуымыз, Отанымыздың өркендеуіне аянбай үлес қосуымыз қажет. Өйткені біз тұрақтылық пен Қазақстан халқының бірлігін қолдаймыз!