Жеңімпаз жауынгердің ұрпағымыз
Жеңімпаз жауынгердің ұрпағымыз
Әкем Тұрғанбек Төлепбаев – маған да, ұрпағымызға да мақтаныш. Бұлай деп айтуыма себеп, алдымен, әкемнің Отанын, халқын сүйіп, адал еңбек еткені болса, екіншісі, Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинградтан Берлинге дейін жауды қуып, жеңіске жеткені. Соғысқа әкем 1942 жылы кеткен. Арнаулы әскери жаттығулардан өтіп, курста оқып, лейтенант шенімен бөлімге жетекшілік еткен. Өзінің қарауындағы жиырма бес-отыз жауынгерін әдіскерлікпен, қырағылықпен басқарып, адам шығынына жол бермеген. Соғыс болғасын адам жараланады, оққа ұшады. Бірақ, әкемнің бөліміндегілер қоршауға түскеннің өзінде Құдай сақтап, аман жүрген. Жараланғандар көп болған. Әкемнің өзі екі рет ауыр жарақат алған. Емделіп айыққан соң, майданға қайта аттанған. Осындай ерліктері ескеріліп, «Ерлігі үшін», Берлинді және бірнеше қалаларды жаудан азат еткені үшін берілген медальдары көп. Сталиннен алған Алғыс хаты да бар еді. Жоғалтып алдық. Бірақ, «Қызыл жұлдыз» ордені – қолымда. Әкем Тұрғанбек 1924 жылы Өзбекстанның Бұхарасына қарасты Кенимех ауданының Аютерең деген ауылында дүниеге келген. Атасы мен анасы ұжымшардың қойын баққан шаруа болған екен. Әкем жасынан білімге құштар болып өсіпті. Жетіжылдық мектепті жақсы оқып бітірген. Ол – орысша сауатты сөйлеп жаза білген адам. Жыңғылдыда есепші болып қызмет атқарған. Сол жерден соғысқа алынып, 1947 жылы желтоқсан айында туған жерге оралған. Бұл – бірінші мақтанышымыз. Ешкім соғысты тілемейді. Алла оның бетін аулақ етсін. Ал енді әкемнің тағдырына жазылған сол соғысқа ол тайсалмай қатысып, елді қорғағаны бүгінгі бізге мерей. Әкем және оның қаруластары әкелген бейбіт өмірде жетпіс жылға жуық өмір сүріп келеміз. Құдай ұзағынан сүйіндірсін. Бейбіт өмірде әкем Жыңғылды кеңшарында есепшілік қызметке қайта орналасқан. Әскери өмірдің тәртібіне шыңдалған, қан қасап соғысты өз басынан өткерген әкем кеңшар директоры Сафрон Брайлевтің басшылықтағы көп істеріне наразы болады. Жиналыстарда ретін тауып қатты сынға да алған. Бұл белсенділігі Сафронға жақпағанымен, ауданнан келіп, жиналыстарға қатысып жүрген өкілдерге ұнаған. Содан көп ұзамай әкемді Кенимех аудандық партия комитеті өзіне жалпы бөлімнің меңгерушісі қызметіне шақырады. Бұған әкемнен ғана ығатын Сафрон да қуанады. Осы қызметінде әкем 1953 жылға дейін жұмыс істейді. Сол жерде үлкен апам Тамара, содан кейін мен дүниеге келгенбіз. 1953 жылы аупарткомның шешімімен қайтадан кеңшар партия комитетінің хатшысы қызметіне бекітіліп келеді. Есепші кезінен Сафронның құйтырқылықтарын білетін әкем оны тәртіпке шақырып отырады. Сондай жағдайда жүрсе де оның Республикалық Жоғарғы Кеңеске депутат болуына да жол ашады. Еңбегі ескеріліп, Құрмет грамоталарымен, медальдармен және Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған. Орден-медальдарын жұрт көріп жүрсін деп, үйдегі кілемге іліп қойғанмын. Бұл еңбектері – екінші мақтанышымыз. 1959 жылы осы партия комитетінің хатшысы қызметінде жүріп, майданда қабырғасын қиратып кеткен жарықшақтың зардабынан қайтыс болды. Сонда анам – Махат Алабайқызы бар-жоғы жиырма тоғыз жаста еді. Біз төрт перзент қалдық. Тамара – онда, мен сегіз жастамын. Қарындасым Райхан мен інім Сұлтан тіптен жас. Ең кенжеміз әкеміздің қырқы өткесін туылды. Оның есімін Тұрғанбектің ізі жақсы болсын, енді жамандық болмасын деген ниетпен Жақсыгүл деп атады. Отызға да жетпей бес баламен жесір қалған анам, аурухана бас дәрігерінің шаруашылық жұмыстары бойынша орынбасары бола жүріп, бала-шағасын ешкімнен кем етпей өсірді. Қыздардың үшеуі – жоғары білімді мұғалім. Барлығы жанұялы, абыройлы еңбек етті. Қазір үшеуі де зейнеткер. Інім Сұлтан – жоғары білімді құрылыс инженері. Мен 1968 жылы Бұхара медициналық училищесіне оқуға түстім. Бір жыл оқып әскерге кеттім. Белоруссияда қызмет еттім. Кезінде Жыңғылдыда орыс мектебі бар еді. Мен сол мектепте бесінші сыныпқа дейін оқығанмын. Әскери өмірде мұның пайдасы үлкен болды. Алты ай әскери медицина саласына оқытты. Одан соң бөлімде фельдшерлік қызметті атқардым. Әскерден келгесін оқуымды қайта жалғастырып, 1971 жылы тәмамдадым. Кеңшар орталығындағы анам жұмыс істеп жүрген ауруханада үш ай қызмет еттім. Кеңшар директоры Әбді Өтепов пен партия комитетінің хатшысы Аманжол Құлжанов осы жерден шақырып алып, Қалаата фермасы орталығындағы емханаға жұмысқа жіберді. Сол жерде табан аудармай отыз жыл қызмет істедім. Орталық ауруханада бас дәрігерлік еткен жылдарым да бар. «Өзбекстанда қызмет көрсеткен дәрігер» мәртебесіне ие болдым. Үш рет Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Бұлар – немерелеріме айтып отыратын үшінші, төртінші мақтаныштарым. «Соғыстан жеңіспен оралған, бейбіт өмірде еңбегімен абыройлы болған адамның балалары да, ең кемінде сондай, болмаса жетеқабыл ұқсап, өмір сүруі керек», – деп айтып отырамын ұрпақтарыма. Осындай күндер мен абырой берген Аллаға шүкір. Жұбайым Тұрдыгүлмен перзенттер тәрбиелеп, бәрін отбасылы етіп, немерелеріміздің арасында жүрміз, өткен тарихымызды айтып.... Өзбекстаннан тарихи Отанымызға – тәуелсіз елімізге көшіп келгенімізге он жыл болды. Қазір үрім-бұтағымызбен Жамбыл өңірінде қолдан келгенше әр салада еңбек етіп, ғұмыр кешудеміз.
Асқар Төлепбаев, ІІ топтағы мүгедек.
Байзақ ауданы.