Мәдениет

«Шындыққа қызығамын...»

«Шындыққа қызығамын...»

Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлымен кездесу ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтті. Қаламгер ағаларымен сырласуға ынталы оқушылар мәжіліс залына лық толды. Жүздесуді мектеп-интернаттың директоры Эльмира Жақсылықова ашып, жазушының жүріп өткен еңбек жолдарын, шығармашылық ізденістерін жан-жақты баяндады. Бұл рухани кешке аталған білім ордасының мұғалімдері мен оқушылары белсене атсалысты. Олар қаламгердің «Шындыққа қызығамын... Шындықты аяймын», «Аран», «Жаралы жапырақтар», «Хауа ананың көз жасы», «Шың мен шынар», «Шарбақтының жалғызы», «Күнге ғашық өлкеде» шығармаларынан (повесть, әңгіме, ертегілерінен) монологтер оқып, театрландырылған көрініс қойды. Сондай-ақ, тәрбиеленушілер ән мен күйден шашу шашты. Жүздесу барысында оқушылар тарапынан жазушыға қойылған сан түрлі қызықты сұрақтар мазмұндылығымен де, баланың жүрегіне тән тазалығымен де ерекшеленді. Бұл сауалдардың бәріне К.Сәттібайұлы нақты, жан-жақты жауап бере отырып, өзінің тебіренісі балалардың лүпілдеген жүрегімен бірге соғып тұрғанын сездірді. Жазушы өз сөзінде оқушыларды Отанды, Тәуелсіз елді құрметтеуге, халқының шыншыл, адал перзенттері болуға шақырды. Өзінің шығармашылық ізденісінен, түрлі, қызықты, қиын жайттардан хабардар етіп, әсерлі әңгімеледі. Сондай-ақ, мұғалім Айман Орманова жүрегін жарып шыққан арнау өлеңін жазушыға тарту етті. Кездесудің соңында мектеп-интернат директоры Эльмира Жақсылықова жазушының ұстаздармен және оқушылармен бөліскен әсерлі әңгіме-сұхбаты үшін алғысын білдірді.

Айжан Мырзахметова, Н.Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатының ұйымдастырушы-педагогі.