Мәдениет

«Ақберен» байқауының ақберендері

«Ақберен» байқауының ақберендері

Жасөспірімдердің талантын танып, талабын ұштайтын «Ақберен» республикалық байқауы Елордадағы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен және Астанадағы Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының (директоры, жерлесіміз – Мырзатай Жолдасбеков) қолдауымен үш жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2014 жылы Астанада бастау алып, өткен жылы Түркістан қаласында жалғасын тапқан өнер аламанын биыл тарихи Тараз қаласында өткізу жөн деп ұйғарылыпты. Анығын айтқанда, оқушылардың өнер байқауын өткізуге Дария Қожамжарова басқаратын Тараз мемлекеттік педагогикалық институты ұжымы ниетті болды. Командалық жүйеге негізделген бұл байқауда еліміздің Астана, Алматы қалаларынан және барлық облыстарынан 100-ден астам өнерлі, зерделі оқушылар бақ сынады. Мемлекеттік жастар «Дарын» сыйлығының иегері Аманжол Әлтаев төрағалық еткен қазылар алқасы құрамында сан саланың мамандары бар.

Байқау көркемсөз оқудан басталды. Жерлестерімізге Атырау облысы қарсылас атанды. Аталған бөлімде облысымыздың намысын Меркі ауданы №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Ағаділ Әспетов қорғады. Ол Тұманбай Молдағалиевтың «Мен қазақпын!» өлеңін нақышына келтіріп, жүректерге жеткізе оқыды. Нәтижесінде 26 ұпаймен (жоғары нәтиже 30 ұпай) қарсыласынан басым түсті. Сондай-ақ, шығысқазақстандық Еркежан Серікжанова Шыңғыс Айтматовтың «Найман ана» шығармасынан, қызылордалық Гүлбаршын Амангелді «Жетімнің сағынышы» (авторы – Сәкен Ескелдинов) шығармасынан үзіндіні тебірене оқып, ең жоғары ұпай алды. «Шешендік өнер және тапқырлық» аталымында өңіріміздің атынан Т.Рысқұлов ауданынан Нұрболат Аманжолов сынға түсіп, 28 ұпайға қол жеткізді. Астаналық Ғалия Иманғалиева мен ақтөбелік Гүлбарам Шырақбай да қарсыластарынан басым түсті. «Шығарма жазу» аталымы бойынша жерлесіміз, меркілік Көркемжан Қанат ең жоғары ұпайды еншіледі. Ал «Ұлттық аспапта ойнау» аталымында облысымыздың намысын қорғаған Байзақ ауданының оқушысы Қаракөз Халиеваға жиналған көпшілік дән риза болысты. Ол он саусағымен қобызды шебер сөйлетіп, күй өнерін жан жүрегімен сезініп, терең меңгергенін танытты. «Ақындар мүшәйрасы» аталымы да көңілден шықты. Байзақтық оқушы Мағжан Әзімбаев ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арнаған өлеңін мәнерлеп оқыды. Нәтижесінде 29 ұпай еншілеп, негізгі қарсыласынан озық шықты. «Ақындар айтысы» аталымын көпшіліктің асыға күткені рас. Астаналық Диас Төлепберген 7-сынып оқитынына қарамастан, оқушылардың республикалық айтысынан бас жүлде алып үлгеріпті. Ол осы жолы да жақсы қырынан көрінді. Солтүстік Қазақстан облысының үміті Дәулет Құрмашов екеуі әдемі айтыс жасады. Облысымыздың намысын Байзақ ауданының өкілі Ернұр Бейсенов қорғады. Қарсыласы атыраулық Мадияр Бөкентаевтың: «Таразым зерттеуді әлі қажет етер, Тарихы тұнып жатыр әр қырда айқын, Елімде көне қала осы Тараз, Археологін жұмыссыз қалдырмайтын», – деген сөзіне Ернұр әдемі жауап қайырды. «Таразым – тарихымның бір шынары, Қордайым – батырлардың тылсым әні, Байзағым – батырларға толы ме­кен, Меркі, Талас, шертілген күйсің әлі. Жуалыда Бауыржаннан үлгі қалған, Сарысу, Құлан десем, жыр шығады, Осындай қасиетті өлкелерден, Ернұр ақын шықпағанда, кім шығады?» – деп тапқырлық танытты. Нәтижесінде Ернұр 29 ұпай алып, қарсыласынан басым түсті. Байқауды аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Астанадағы Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры, осы гуманитарлық бағыттағы жобаның өмірге келуіне себепкер болған, қолдаған Мырзатай Жолдасбеков қорытындылады. Ол өз сөзінде еліміздің басты құндылығы – Тәуелсіздіктің жемісімен оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытатын осындай үлкен жобалар өмірге келіп жатқанын айтып, байқаудың Тараз төрінде өтуіне ниет білдірген ТарМПИ-дің ректоры Дария Пернешқызына алғысын айтты. Байқау қорытындысында «Тіл мәдениеті» аталымы бойынша меркілік Көркемжан Қанат жеңімпаз атанса, қостанайлық Әйгерім Манабай жүлделі үшінші орыннан көрінді. «Сөз шебері» аталымы бойынша Айбын Жанали (Алматы облысы) жеңімпаз атанса, жерлесіміз Нұрболат Аманжол үшінші орыннан көрінді. Байзақтық Мағжан Әзімбаев та «Бастау» аталымы бойынша үшінші орынға қол жеткізді. «Ақындар айтысы» аталымы бойынша байзақтық Ернұр Бейсенов жеңімпаз атанып, ТарМПИ-дің грантына ие болды. «Шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік» аталымында астаналық Диас Төлепбергенов үздік шықты. Сондай-ақ, жарыс жеңімпаздарына Халықаралық қазақ-түрік университетінің бес оқу гранты табыс етілді. Бұл туралы аталған университеттің профессоры, ақын Құлбек Ергөбек мәлімдеді. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттады. Командалық есепте жамбылдықтар (жерлестеріміз) жеңімпаз атанып, алтын медальді иеленді. Жүлделі екінші орынды (күміс жүлде) Елорда төрінен келген оқушылар еншілесе, жүлделі үшінші орынға (қола жүлде) Батыс Қазақстан облысының өнерлі өрендері лайық деп танылды. Сондай-ақ, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің өмір жолына арналған деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Деректі фильм барысында көрнекті қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақановтың Мырзекең жайлы толғаныс сөздерінен көпшілік үлкен ой түйді.

Есет Досалы, «Ақ жол».