Қазақ боксының қара нары
Қазақ боксының қара нары
алашқа аты мәлім Әбдісалан Нұрмаханов тірі болғанда бүгін 80 жасқа толар еді
Қазақ боксының қара нары кімдер еді деген сауал қойылса, бокстың жілігін шағып, майын ішкен мамандар Шоқыр Бөлтекұлы мен Әбдісалан Нұрмахановтың есімдерін айтары сөзсіз. КСРО чемпионатында екі мәрте күміс жүлдеге қол жеткізген, КСРО халықтары спартакиадасының екі дүркін қола жүлдегері, Азия-Африка ойындарының жеңімпазы Әбдісаланын қазақ халқы қалай ұмытсын?! Спорттағы жетістіктері мен ғалым ретінде атқарған еңбектерін былай қойғанда, Әбдісаланның ұлттық құрама тізгінін қолға алғандағы толайым табыстарының өзі неге тұрады?! Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1993 жылы бокстан ұлттық құрамаға жетекшілік етті. Даңқы асқан батыр, намысшыл азамат тізгінін ұстаған ұлттық құрама сапындағы жуан жұдырықты жігіттер де сайдың тасындай іріктелген еді. Күрзі жұдырық шеберлеріне тек қана шәкірт ретінде қарамай, ішкі жан дүниесіне еніп кететін Әбекең сол жылы Иран астанасы Тегеран шаһарында өткен Азия біріншілігіне оғландарын тыңғылықты дайындап апарды. Асқақ рух пен ұлттық намыс тұла бойын кернеген өрендеріміз сол сында қарсыластарынан қара үзіп шығып, сары құрлықта атой салғаны әлі есте. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Таиландта өткен әлем кубогінде жас команданың жасындай жарқырап, үздік үштіктен көрінуі де құрамадағы тәртіпті қатаң қадағалай алатын жаны абзал жаттықтырушы Әбдісалан Нұрмахановтың арқасы болатын. Сол дәуірде сары құрлыққа әмірі жүріп тұрған өзбек боксшылары қазақ саңлақтарының жойқын жұдырығына төтеп бере алмағанын да сағына еске аламыз. Бекет Махмұтов Бокс федерациясының тізгінін ұстап тұрған шақта әлем чемпионатында Әбдісаланның шәкірттері қалай ойқастап еді? Болат Жұмаділов күміспен күптеліп, кейін кәсіпқой бокста жасындай жарқырап, «Балхаш барысы» атанған Василий Жировтың қолаға қол созған кезі еді ол дәурен. Ал 1996 жылғы Олимпиада ойындарында Әбдісалан Нұрмаханов баптаған қазақ боксшылары 1 алтын, 1 күміс, 2 қоланы еншілегенде алаш жұртының төбесі көкке екі елі ғана жетпей қалды. Бес құрлықтың кіл мықтысы сынға түскен байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының өрендері үздік үштіктен көрінгенде, қалай қуанбассың. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Әбдісаланның бапкер ретінде жеткен жетістігіне қалай марқаймассың? Ол жаттықтырушы болып тұрған шақта елімізді тұңғыш рет үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогі де аралаған болатын. Василий Жировтың сол жетістігінде Нұрмахановтың қолтаңбасы бар. 1957 жылы Нұрмаханов КСРО чемпионатының финалына жетті. Ақтық айқастағы қарсыласы Одақ пен Еуропаның әлденеше дүркін чемпионы Андрей Абрамов болатын. Салмағы 100 келіден асып жығылады. Бұл жолы тәжірибелі Абрамовтың жолы болды. Жиырма бір жастағы Нұрмаханов қазақ спортшыларынан бірінші болып КСРО чемпионатының күміс медалін жеңіп алды. Арада бес жыл өткенде Киевте Нұрмаханов пен Абрамовтың жолы тағы да түйісті. КСРО чемпионатының ақтық айқасында Әбдісалан нағыз батырға тән мінез көрсете білді. Үш раунд бойы Абрамовқа ес жиғызған жоқ. Қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірсе де, төрешілер әділдікті белден басып, жеңісті Абрамовқа берді. Төреші Абрамовтың қолын көтерген сәтте Нұрмахановтың бапкері Дәулеткерей Муллаев қиянатқа шыдай алмай, көз жасына ерік беріп еді ғой... Міне, сондай қиянатты көрсе де, елі үшін аянбай еңбек еткен Әбдісалан Нұрмахановтың ерлігі, мінезінің өрлігі әр қазақ үшін қымбат!