«Сыр айтам саған, халқым, ұға білсең...»
«Сыр айтам саған, халқым, ұға білсең...»
Бауыржан шығармашылығы ғалымдар үшін де құнды
Халқымыздың біртуар ұлы, жазушы-жауынгер Бауыржан Момышұлының ерлігі, еңбегі, мұрасы – әрдайым құнды. Батырдың мұралары әлі зерттеліп, зерделеніп біткен жоқ. Зерттелген сайын қаһарманның өзгеше қырлары ашыла беретіні де Бауыржанға ғана тән өзгешелік. Алматыдағы «Қазақ тілі» баспасынан жарық көрген ТарМУ-дың профессорлары Тәуекел Жаңақұлов пен Зиба Құламанованың «Б.Момышұлы шығармашылығының философиялық сарыны мен топонимикалық сипаты» атты зерттеу кітабында да батырдың болмысы кең қамтылған. Кітаптың алғысөзін белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы жазыпты. Ол өз пікірінде «Халық оған Маршал, Генерал, Батыр атағын әлдеқашан беріп үлгергенін авторлар дәлелді етіп көрсетеді. Кітапта ерекше орын алған жайт майданда Бас қолбасшы Сталин, Жуков, басқа да маршал, генералдармен кездесіп, олардан қаймықпай, терезесі тең адамдарша тілдесіп, пікір алысуы Б.Момышұлының соғыс тактикасы мен стратегиясын өте жетік білетінін паш етеді. Бұл шығармада Б.Момышұлының шығармашылығындағы топонимдердің даралығын, өзара ұқсастықтары мен байланыстарын, аталу уәждерін тани отыра, қазіргі кездегі топонимдердің ұлттық сипаты мен басқа орыс топонимдерін анықтау арқылы тарихи-лингвистикалық түсінік-талдау жүргізіледі. Ендеше, белгілі мақсатқа сәйкес ономастикалық атаулар соның ішінде, шығармалардағы топонимдердің семантикалық мәнін ашу мақсаты да жан-жақты қарастырылады» – деп шынайы көрсеткен. Барлық жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне арналған оқу құралы жалпы оқырман үшін де керек дүние. Екі тілде еркін сөйлеп, еркін жаза білген әскербасы, Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан батыр, жазушы Бауыржан Момышұлының шығармашылығындағы жалпы адамзаттық құндылықтарды, батырдың өнегелі өмір жолын, отаншылдықты, патриотизмді, тілге, туған жерге деген құрметті, топонимикалық сауаттылықты, салт-дәстүр ерекшелігімізді көрсетуде де бұл кітаптың маңызы жоғары. Батырдың идеялары, ойлары, тілдік, философиялық, тарихи танымдары жан-жақты ашылған. «Сыр айтам саған, халқым, ұға білсең, Дайынмын от пен суға маған сенсең. Арымды ақ ниетпен ақтамасам, Ризамын теріс қолмен бата берсең» – деген Бауыржанның тұлғасы, батырдың философиялық тереңдігі көрініс тапқан.