Саясат

Мемлекет тік қызмет – мәртебелі міндет

Мемлекет тік қызмет – мәртебелі міндет

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру аясында мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Ол конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге, біліктілік негізінде мансаптық жылжытуға, меритократия қағидаттарын күшейтуге бағытталған.

Жалпы, облыста нақты 4700 мемлекеттік қызметші бар. Олардың алтауы – мемлекеттік саяси, 16-сы – «А», 4678-і – «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызмет лауазымдарының иелері. Қазіргі таңда «Б» корпусының 494 мемлекеттік әкімшілік қызмет лауазымы бос. Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 106 адамға азайған. Мемлекеттік қызметшілердің 2173-і – әйел қауымынан. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны – 20. Мемлекеттік қызметкерлердің 19,7 пайызын жастар құраса, 40,9 пайызы орта жастағылар екен. Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мемлекеттік қызмет істері облыстық департаментінің басшысы Болат Исақов мәлім еткендей, жыл басынан бері алғаш рет және қайта қабылданған 78 мемлекеттік қызметкерге сынақ мерзімі белгіленіп, оларға 42 тәлімгер бекітіліпті. Кәсіби мемлекеттік қызмет қалыптастыру мақсатында 322 мемлекеттік қызметшіні тұрақты оқыту жүйесімен қамту жоспарланып, олардың 293-і арнайы біліктілігін арттырған. Болат Әлмұханұлы мемлекеттік қызметтің кәсібилілігіне кері әсерін тигізетін факторлардың бірі кадрлардың тұрақсыздығы екенін айтады. Мәселен, 123 адам өз еркімен және теріс қылықтармен қызметтен босатылса, 44 қызметкер зейнетке шығуына байланысты қызметтік лауазымын босатқан. Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 5 адам жұмыстан шығарылған. – Департамент жанынан Әдеп жөніндегі кеңес құрылып, оның жұмыс жоспары бекітілді. Жылдың алғашқы тоқсанында аталған кеңес хатшылығына 13 лауазымды тұлғаға қатысты 7 ұсыныс пен материалдар түсті. Осылайша оларға қатысты тәртіптік іс қозғалды. Өткен айдың басында кеңестің алғашқы мәжілісі өтіп, онда 4 мәселе қаралды. Оның екеуі – Байзақ аудандық прокуратурасының ұсынысы бойынша Қостөбе, Темірбек ауылдық округтерінің әкімдеріне қатысты қозғалған тәртіптік істер. Аталған тұлғалар мемлекеттік сатып алу саласындағы Заң талаптарының бұзылуына жол берген. Тиісті фактілер жүргізілген қызметтік тергеу-тексеру барысында толығымен дәлелденді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50- бабы бойынша оларға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Сонымен қатар, жақында тағы 10 тәртіптік іс қаралып, 7 лауазымды тұлғаға мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін ескерту түріндегі тәртіптік жаза ұсынылса, 3 істі тиісті себептермен қысқарту туралы шешім қабылданды, –дейді Б.Исақов. Брифинг барысында журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, дәйекті жауаптар қайтарылды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».