Саясат

Билік пен бұқараның ақылдасу алаңы

Билік пен бұқараның ақылдасу алаңы

Азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірімен санасу, стратегиялық жоспарлардың, бюджеттердің, аумақтарды дамыту бағдарламаларының, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізу көрсеткіштерінің орындалуына қоғамдық бақылау ұйымдастыру, нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз ету Елбасының тапсырмасына орай орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жанында құрылып жұмыс істей бастаған консультативтік-кеңесші, байқаушы орган – Қоғамдық кеңестердің негізгі қызметі саналады.

Қоғамдық кеңестердің қажеттілігі туындауына қандай жағдайлар себеп болды? Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде әлемдік сын-қатерлердің асқынуына алып келген, дүниежүзін қамтыған экономикалық дағдарыс елімізді орағыта өтпейтінін айта келіп, одан Қазақстанды қиындыққа ұрындырмай аман алып шығудың бірден-бір жолы «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: Бес халықтық реформасын» ұсынды. Көп кешікпей ол «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарымен нақтыланып толықты. Ел Парламенті үш айда әр қадамды жүзеге асыруға құқықтық негіз болатын 59 заң актісін қабылдады. Солардың бірі «ашық үкімет» тетігі арқылы мемлекеттік органдар қабылдаған шешімнің дайындалу және қабылдану кезінде азаматтық қоғамның өкілдерін қатыстыра отырып құқықтық актілердің ашықтығын қамтамасыз етудің заңдық жолдарын реттейтін «Қазақстан Республикасындағы Қоғамдық кеңестер туралы» Заң өмірге жолдама алды. Қоғамдық кеңестерге, олардың мүшелеріне қандай өкілеттіліктер берілген? Кеңестердің мақсаттары мен міндеттері, өкілеттіктері Заңның 3 және 5-баптарында баяндалған. Жыл басында мемлекеттік органның жергілікті деңгейлердегі басшыларының есептерін тыңдау, бюджеттік, аумақты дамыту бағдарламаларының, стратегиялық жоспарлардың, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізуі барысы туралы есептерін талқылау, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есептерін тыңдау, азаматтардың құқықтарына, бостандықтарына мемлекеттік басқаруды жетілдіру және аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, олардың орындалуына қоғамдық бақылау ұйымдастыру және жұмыс салаларына қатысты әкімнің қаулысымен бекітілетін нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және тақылауға қатысу, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар беру, халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үдерісіне тарту, қоғамдық кеңес мүшелерінің атқарушы билік алқаларына кеңесші дауыспен қатысуы, мемлекеттік комиссиялардың құрамына кіруі, мемлекеттік органдардың қоғамдық маңызы бар шешімдерінің қоғамдық мүддеге сәйкестігін жариялы түрде талқылау, азаматтардың құқықтарының бұзылуына байланысты жағымсыз факторларды анықтап, олардың белең алып кетуін болдырмау мүмкіндігін қарастыру, әлеуметтік шиеленіске ұласып кету қаупі бар құбылыстарды, қоғамдық пікірді зерттеу, қоғамдық қабылдауларда қойылған мәселелерді зерделеу арқылы болжап, оларды алдын алу шараларын билікке ұсыну – міне, Қоғамдық кеңестер атқаруға тиіс жұмыстардың ауқымы осындай. Айта кету керек, заңның 1-бабының 8-тармағының талабына сай «Қоғамдық кеңестің ұсынымдары мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып табылады, олар заңнамада көзделген шешімдерді қабылдайды немесе уәжді жауап береді. Бұл талап Қоғамдық кеңестердің мемлекеттік органдардың қызметін бақылаушы ғана емес, сондай-ақ, жергілікті атқару, өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен екі арадағы дәнекері болып, олардың өзара іс-қимылын үйлестіру, оларға жанды көмек беру міндеттерінен туындайды. Елімізде орнығып жатқан азаматтық қоғам мемлекеттің және жеке тұлғаның, үкіметтік емес ұйымдардың даму деңгейінің көрсеткіші деуге болады. Елбасының сарабдал саясатының арқасында азаматтық қоғам институттары санының жыл санап арта түсуі – олардың жаңа саяси экономикалық мазмұн мен мәнге ие болғанының көрінісі. Біздің облысымызда 600-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың тіркеліп, олардың жартысына жуығының белсенді қызмет атқарып жатқаны жұртшылықтың кешегі мейлінше мемлекеттендірілген кеңестік жүйеден арылып, қоғам ісіне мақсатты түрде араласып отырғанының дәлелі. Осы тұрғыдан келгенде саяси өмірге енді араласа бастаған қоғамдық кеңестердің жаңа талапқа тез бейімделуі азаматтық қоғам мен жергілікті өзін-өзі басқаруды жаңа деңгейге көтеруге, азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын кедергісіз жүзеге асыруларына, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылықты нығайтуға үлкен ықпал етпек. Ол үшін Қоғамдық кеңестер қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған заң берген өкілеттіктер аясында қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік орган басшылары жұмысының нәтижелері туралы есептерін тыңдау нысанында өз жұмыстарын ұйымдастырулары тиіс. Қоғамдық бақылау тетіктері заңның 19-бабында жан-жақты көрсетілген. Жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың сөзбұйдаға салмай сұраған ақпаратты толық көлемде беруі, кеңес мүшелерінің атқарушы биліктің алқалы отырыстарына қатысуын қамтамасыз етуі, оларды мемлекеттік комиссиялардың құрамына қосу, қоғамдық кеңестің сұрау салуы сияқты Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де тәсілдер арқылы қоғамдық бақылау жүзеге асырылады. Әрине, адамдармен жұмыс істеудегі кез-келген жаңалықтың бірден қабылданып кетуі қиын, алғашқы ұйымдастыру кезеңіндегі ұсақ-түйек түсінбеушіліктердің кездесуі заңды. Оған алаңдаудың қажеті жоқ, көш жүре түзелмей ме? Елбасының бір кездегі «Нағыз саяси басшы мен саясатшысымақтардың арасындағы жалғыз айырма – ағымдағы тарихи кезеңде ұлттық-мемлекеттік мүддені дәл аңғарып, оған жетудің ең ықтимал шешімін дәл табу» деуі дағдарыстан дамудың даңғылына шығаратын қозғаушы күш – қалың бұқараның атқарушы билікке ақыл қосуын қоғам дамуының жаңа кезеңіндегі мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттырудың бірден-бір мүмкіндігі деп тануы еді. Демек билік пен жұртшылықты байланыстырушы қоғамдық кеңестердің атқарар ісі әралуан. Облыстық Қоғамдық кеңестің алғашқы адымдары мен алда атқарар істері қандай? Заңға сәйкес облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов басқарған арнайы комиссия конкурстық негізде жасақтаған құрамы 28 адамнан тұратын, 5 ұлттың өкілдерін қамтыған облыстық Қоғамдық кеңес ақпан айының ортасында облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында өмірге келген-ді. Сол күні Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында ұйымдастыру мәселесі қаралып, кеңестің төрағасы, хатшысы, жұмыс бағыттары бойынша 5 комиссия құрылып, олардың төрағалары, хатшылары, 9 адамнан президиум мүшелері сайланған болатын. Басшылық құрамына есімі облысқа белгілі Сембек Сейдазимов, Қайрат Шотбақов, Сағынхан Әміреқұлов, Әбдірахым Едігеев, Гүлсін Орынбаева, Хыдыр Бегалиевтер сайланды. Қоғамдық кеңес мүшелерін толық құрамында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, облыстың өткен жылғы саяси-әлеуметтік, экономикалық салаларда қол жеткен жетістіктері мен биыл алдымызға қойылып отырған ауқымды міндеттерге жан-жақты тоқталды. Қоғамдық кеңесті азаматтық қоғамның қолғанаты деп бағалаған облыс басшысы кеңес мүшелерінің алдағы уақытта өздеріне берілген құқық пен мүмкіндік аясында өңіріміздегі түйінді мәселелердің оңтайлы шешілуіне жанашырлықпен атсалысатынына сенім білдірді. Облыстық Қоғамдық кеңес жұмысын бастаған бір ай ішінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бесінші реформасын жүзеге асыратын Ұлт жоспарының 99-қадамына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетулердің бірыңғай провайдері – «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуына сай бұрын қабылданған мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарына өзгерістер мен қосымшалар енгізілуіне байланысты бұрын қабылданған облыс әкімдігінің нормативтік-құқықтық актілері қайта рәсімделуде. Облыс басқармалары азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерінің жобаларын қайта қарап, қоғамдық кеңестің қарауына тапсыруда. Қоғамдық кеңес ұсынған әр регламенттегі нормалардың мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбау, шектемеу, залал келтірмеу тұрғысынан зерделеп әкімдікке өз ұсынымдарын беруде. Қазірдің өзінде облыс әкімдігінің білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдениет басқармаларынан түскен 40-қа жуық регламенттерді азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеу тұрғысынан зерделеп, тиісті оң қорытындысын беріп үлгерді. Әр құжатты басқармаларда дайындау кезінде Қоғамдық кеңес мүшелерінің оған белсенді қатысуы кейбір кемшіліктерді алғашқы кезеңде-ақ түзеп, комиссиялардың отырыстарында талқылауды тездетіп заң талабына сай әрекетті қамдап отыр. Сонымен қатар, кейбір басқармалардың орындаушылық тәртібінің осал тұстары да белгілі болуда. Еңсені басып отырған баяғы жайбасарлық. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 16-бабына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары республика деңгейінде бекітілгеннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызметтердің регламенттерін әзірлеп, Әділет органдарында тіркетулері тиіс. Алайда заңмен белгіленген мерзімнің облыс басқармаларының кейбірінде сақтала бермейтініне көзіміз жетіп отыр. Келешекте Қоғамдық кеңес өзінің ішкі регламентіне сай кеңестің қорытындысын қажет ететін нормативтік-құқықтық актілердің жобаларымен жұмыс істеу талабын қатаң ұстанатын болады. Облыстық, қалалық, аудандық Қоғамдық кеңестер алдағы уақытта: адам мен азаматтың іргелі құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заңның үстемдігі, барлығының заң алдында теңдігі, мемлекеттің істерін басқаруға және басқа да қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге, елдегі демократиялық үдерістерге азаматтардың белсенді атсалысуы үшін жасалып жатқан тең мүмкіндіктерді пайдалануға, билік пен қоғамның үндесуі мен ынтымақтастық мәдениетіне ықпал ету сияқты азаматтық қоғамның ұстанымдарын басшылыққа алып, облыстағы үкіметтік емес құрылымдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен, ардагерлер, жастар ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздікті, отаншылдық рухты жандарына жалау еткендермен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Ұсыныс, пікірлеріңізді асыға күтеміз.

Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ,  облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы.

Тараз қаласы.