Саясат

Әлем көз тіккен жиында абыройымыз асқақтады

Әлем көз тіккен жиында абыройымыз асқақтады

Сейтхан Жошыбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор, облыстық ғылыми клиникалық және трансплантология орталығының директоры.

Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы беделінің зор екені, еліміздің қарусыздануға байланысты белсенділігі жоғары екені жақында Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте тағы бір дәлелденді. Елбасы манифесі ядролық қарудан бас тарту әлемдегі барлық елдер үшін ортақ мәселе екенін ұқтыра түсті. Елбасымыздың «Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дəуірі ретінде үміт артты. Бірақ, бүгінде бұл елес сағымға айналуы ықтимал. Əлемге тағы да қатер төніп тұр жəне оның ауқымын ескермеуге болмайды. Жəне бұл қатер – жаһандық соғыс! Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл əлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе əбден болуы мүмкін нəрсе» деген сөзі барша адамзатқа ой салады. Президент Н.Ә.Назарбаев «Əлем. ХХІ ғасыр» манифесінде ғылыми жаңалықтар жаппай қырып-жою қаруларын жасауға емес, адамзат өркениетін одан əрі дамытуға жұмсалса екен деген ойын жеткізген. Мен көп жылғы тәжірибесі бар дәрігер ретінде де, қарапайым адамның көзқарасымен де ядролық, химиялық, биологиялық жəне ғылыми жолмен ойлап табылған басқа да қарулардың зардабынан адамзат өмір бақи қашып құтыла алмайтындығын еске салғым келеді. Оған ешқандай дәлелдің қажеті жоқ. Семей өңіріндегі жарылыстардың зардабының қаншалықты ауыр болатынын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Жеріміздің жараланғаны өз алдына, удың уыты тараған топырақтан өсіп шыққан шөпті жеген мал кесел тапса, жазықсыз адамдар обырдың құрбанына айналды. Ақыл-есі, дене бітімі кеміс балалар туылып, халық жан түршігерлік қасіретке душар болды. Ал осындай пәлекет әлемді жауласа, ол адамзат үшін үлкен қасірет. Халқының мұңы мен күйзелісін жан дүниесімен сезіне білген Елбасымыздың арманы – әлемді қарусыздандыру. Сол үшін де, бүкіл адамзат Қазақстанның әлемді қарусыздандыру жөніндегі саясатын қолдайтынына титтей де шек келтірмеймін. Сондай-ақ, Ұлт Көшбасшысының осындай дүниежүзінің пікірін бір арнаға тоғыстырған жиында жаһандық мәселені қозғап, өткір де, өзекті ұсыныстарын ұтымды жолмен жеткізуін халықаралық қауымдастық лайықты бағалайды деп сенемін. Өйткені, Мемлекет басшысы тыныштықты қалайтын елдердің көкейінде жүрген маңызды мәселеге қозғау салды.

бейбітшілік – ұрпақтан- ұрпаққа  мұра