Саясат

МАНИФЕСТ. «ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР»

МАНИФЕСТ. «ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР»

Барша адамзат ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елестің сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс! Жер өркениеті, ғалымдардың есебі бойынша, 15 мыңнан астам соғысты, яғни әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткерген. Оларда жүздеген миллион адам қаза тауып, Жер бетінен қалалар мен елдер жоғалған, мәдениеттер мен өркениеттер жойылған. ХХІ ғасырға аяқ басқан адам баласы қиялдың өзін таңғалдыратын ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа буындағы технологиялар жасап жатыр. Адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Әлем Төртінші өнеркәсіп төңкерісінің табал­дырығында тұр. Көптеген қорқынышты ауру­лардың тамырына балта шабылуда. Бірақ соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушық­тыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр. Соғыс вирусы алдағы жасанды интеллект төңірегіндегі жаңалықтарға жұғуға дайын тұр. Ми­литаризм адамдардың санасы мен мінез-құл­қына тереңдей еніп кеткен. Халықтың қолында қазір 1 миллиардтан астам бірлік атыс қаруы бол­са, олардан әлемде күн сайын мыңдаған адам көз жұмады. Әскери қауіп бүкіләлемдік ауқым­дағы қасіретке айналуы әбден мүмкін. Осын­дай өліммен аяқталатын қатердің белгілері анық байқалады. Халықаралық қатынастарда жан­жал­дастық тәуекелдері күшейе түсіп отыр. Әскери қақтығыстардың географиясы өткен екі әлем­дік соғыстар – Еуропаның шығысындағы, Афри­каның солтүстігіндегі, Таяу Шығыстағы соғыс іс-қимылдарының тарихи театрын да қамтуда. Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындамауда. Ажал себетін қару мен оны дайындаудың технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарап отыр. Олардың терроршылардың қолына тиюі уақыттың еншісіндегі нәрсе ғана сияқты көрінеді. Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жа­рым актілерден Еуропа, Азия және Африка мем­ле­кеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрес­сияға өтіп үлгерді. Миллиондаған босқын­дар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерт­кіш­тердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі шындыққа айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық соғысы да қалыпты құбылыс болып отыр. Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғиқабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады. Дүние әзірше өт­кен төрт онжылдықтың оң инерциясының арқа­сында сақталып тұр. ХХ ғасырдың екінші жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі табысты келіссөздердің нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсенал­дары айтарлықтай қысқарған болатын. Бес яд­ролық держава атом қаруын сынау мора­торийін жариялады және оны ұстанып келеді. Пла­нетаны жою қатері едәуір төмендеді. Қауіп­сіз­діктің өңірлік жүйесін құру үдерісі жеделдеді. Өзара сенім қағидаттарына сәйкес еура­зиялық-атлантикалық мегақұрылым – Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрылды. Бейбітшілікті сақтау бойынша державалардың үйлесімді іс-қимылдары мен БҰҰ-ның көп қырлы операцияларының нәти­жесінде тұтастай бір жанжалдар мен соғыстар ретке келтірілді. Міне, енді біз барлық осы жетістіктердің эрозиясын көріп отырмыз. Сондықтан миллиондаған адамды барған сайын мынадай сұрақтар толғандырады. Әлем­дегі жағдай қай бағытта дамитын болады? Же­тек­ші державалар арасындағы қарама-қайшы­лықтар олардың арасындағы жаңа ұзақ мерзімді қарсы тұрушылыққа ұласып кетпей ме? Қай елдер жаһандық және өңірлік держава­лар жүргізіп отырған «прокси-соғыстардың» келесі құр­бандығына айналуы мүмкін? Әзірше гүлденіп тұрған кімнің жерін танктердің шынжыр табаны тап­тап, снарядтардың жарылысы боршалайды? Қай қа­лаларда балалар зымырандар отынан өлім құ­ша бастайды? Жанжалдардан қашқан бос­­қын­дардың жаңа ағыны қайдан және қайда лап қояды? Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын көр­некті оқымыстылар Альберт Энштейн мен Бертран Рассел «қатал, қатерлі және қашып құты­ла алмайтын сұрақ: біз адам баласын жоюға тиіс­піз бе, әлде адамзат соғыстан бас тарта ма?» деген манифеспен шыққан болатын. Адамзаттың ХХ ғасырдағы озық ойлылары адамдарға болашақтағы әлемдік соғыста пла­нетадағы тірі атаулының бәрін жоятын ядролық қару міндетті түрде қолданылатын болады деп көріпкелдікпен ескерткен еді. Олардың мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстар соғыс арқылы шешіле алмайды және шешілмеуі тиіс деген ескертулері ХХІ ғасырда да аса жоғары көкейкесті деңгейде қа­лып отыр. Соғыстың тамырына балта шабу – адам­заттың ең күрделі өркениеттік міндеті. Бірақ мұның қандай да бір басқа орынды балама­сы жоқ. Бұл міндет әлемдік көшбасшылар тарапынан, жаһандық күн тәртібіндегі өзге проблемалардың аясында, абсолютті басымдық ретінде қарастырылуы тиіс. ХХІ ғасырда адамзатқа өзін-өзі демилитаризациялау жағына қарай шешімді қадам жасау қажет. Бізде мұндай басқа мүмкіндік болмайды. Бұлай жасалмаған жағдайда планета радиоактивті материалдардың орасан зор тіршіліксіз үйіндісіне айналады. Біздің планетамыз бірегей, бізде басқа ондай планета жоқ және болмайды. Сондықтан адамзатқа «ХХІ ҒАСЫР: СО­ҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» кең ауқымды бағдарламасы қажет. Бұл жаһандық стратегия ұлттың соғыстар мен жанжалдар вирустарын жою жөніндегі үйлесімді және жауапкершілікті іс-әрекеттерін айқындауы тиіс. Бұл құжатта үш басты қағидатты нақты мазмұндау керек. Біріншіден, қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, био­ло­гиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап та­былуы ықтимал басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Және осыған кімнің жауап беретінін анықтау үшін де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қа­терді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың барлық келесі буындары аксиома ретінде түсінулері тиіс. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін негіз бей­біт­шілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауап­кершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек. Әлемдік қоғамдастық іс-қимылының тұтастық алгоритмдерін мына бағыттар бойынша осы кешенді негізде түзу керек. БІРІНШІ. Ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай дәйектілікпен ілгерілеу. Бұл бағытта маңыз­ды қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассам­блеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жал­пыға ортақ декларация қабылдады. Қазақстан 25 жыл бұрын әлемде алғаш болып Семей яд­рол­ық сынақ полигонын мәңгіге жапты. Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі алғашқы және бірден-бір оқиға. Жас мемлекет содан соң КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі төртінші әлеуетіне және оны жеткізу құралдарына иелік етуден өз еркі­мен бас тартты. Бұл шешім жетекші ядролық дер­жа­валарды ядролық сынаққа мораторий жария­лауға қозғау салды. 20 жыл бұрын БҰҰ аясында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды және қол қоюға ашық тұр, бірақ ол осы күнге дейін күшіне енбей келеді. Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астын­да атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған Төмен байы­тылған ядролық отын банкі құрылды. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттердің маңызы аса жоғары. Енді өлім себетін қаруларды ғарыш кеңіс­тігіне, Әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат жасап, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдаланыла алатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал. ЕКІНШІ. ХХІ ғасырда соғысты өмірлік іс-әрекеттің тәсілі ретінде дәйектілікпен алас­тай отырып, орнықты әлемнің географиясын қалыптастыру қажет. Әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар. Олар Антарктиданы, Ла­тын Америкасын, Африканы, Австралия мен Океанияны қоса алғанда, іс жүзінде бүкіл оң­түстік жарты шарды қамтиды. Олардың ішіндегі ең «жасы» 10 жыл бұрын Семейде өңірдің бес мемлекеті құрған Орталықазиялық ядросыз аймақ болып табылады. Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру бойынша халықаралық күш-жігерді белсенді ете түсу керек. 1992 жылы Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыруға бастамашылық жасады. Аталған форум құрлықтың 27 мемлекетінің, БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен жаңа ғасырда табысты институт­тан­дырылды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде Қытай Халық Респуб­лика­сымен, Ресей Федерациясымен, Қазақ­стан­мен, Қыр­ғыз Республикасымен, Тәжікстанмен және Өзбек­станмен арадағы көпқырлы ынтымақтастық үлкен маңызға ие. Оңтүстік Америкадағы, Оңтүстік Атлантикадағы, Үнді мұхитындағы Бейбітшілік аймағы айтарлықтай әлеуетті иеленіп отыр. Жинақталған барлық тәжірибені арнайы халықаралық құқық негізінде кең ауқымды Әлем Ареалдарын құру үшін қолдану қажет. Оларда, әрине, соғыстар мен жанжалдарға орындар болмауы тиіс. Әлем Ареалдарындағы қауіпсіздік пен даму мәселелеріне БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер, сондай-ақ, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі кепілдік бере алады. ҮШІНШІ. ХХІ ғасырда милитаризмнің жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіріп, кең ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа ке­дергі келтіретін әскери блоктар секілді руди­ментін еңсеру керек. Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок бар болатын болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық. Күш қарсы күш тудырады. Әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздікке өзінің жауапкершілігін әркез сезіне бермейтін түрлі мемлекеттер де еніп отыр. Оның үстіне, әскери блок зонттарын, өздерінің тікелей көршілерін қоса алғанда, үшінші елдермен өзара қарым-қатынасында басымдық алу үшін пайдалануға әрекеттенушілік те жоқ емес. Осылайша қарсы тұрушылық жағдайы жекелеген өңірлерде, сондай-ақ бүкіл жаһандық кеңістікте шексіз жалғаса беруі ықтимал. Бұған қоса, өткен со­ғыстар мен жанжалдардың тәжірибесі көр­сетіп отырғандай, өзіңнің қауіпсіздігіңді өзге мемлекеттердің қауіпсіздігіне қысым жасау есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондық­тан әскери блоктарға БҰҰ туы астында мемлекет­тердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіп­сіздік үшін Жаһандық Коалициясын қарсы қою қажет. Таяудағы онжылдықтың жалпыға ортақ міндеті Ауғанстандағы, Ирактағы, Йе­мен­дегі, Ливия мен Сириядағы, Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палес­тина-Израиль қарсы тұрушылықтарын тоқтату болуы тиіс. Корей түбегі, Оңтүстік-Қы­тай теңізі мен Арктика акваториялары жағ­дайларындағы жарылыс қаупінің әлеуетін азайту міндеті тұр. ТӨРТІНШІ. Халықаралық қарусыздану үде­рістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу маңызды. Зымыранға қарсы жүйелер мен кә­дімгі қару-жарақ жөніндегі бұрынғы уағдалас­тықтардағы алысты болжай алмаушылық Еуразия кеңістігін саяси милитарландыруға алып келді. Бұл, тіпті, қорғанысты басқарудың электрондық жүйесінің ықтимал ақауы себебі бойынша да жаһандық соғыстың басталу тәуекелін күшейте түседі. БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің жаңа стратегиясы қажет. Алдымызда сапалы тұрғыдан жаңа қатер – терроршылардың қолында аса қауіпті қаруға айналуы ықтимал киберқылмысты аластаумен айналысу тұр. БЕСІНШІ. Соғыссыз әлем – бұл, бірінші кезекте, халықаралық қаржы, сауда-саттық және даму саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әді­летті парадигмасы. БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Қазақстан Жаһандық Стра­тегиялық Бастама-2045 Жоспарын жасау бас­тамасын ілгерілетті. Бұл Жоспар – соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жою. Барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурс­тар мен нарықтарға теңдей және әділетті қолжетімділігі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызды. Оны БҰҰ-ның 100 жылдығы мерейтойына қарай жүзеге асыру ұсынылып отыр. Қазақстан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады. Онда ХХІ ғасырда қиратып, бүлдіруге әкелетін соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында халық­аралық құқықтың қағидаттарын қуаттау керек. Ақыл мен үнқатысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақыру жаһандық әлемге қарсылардың ақпараттық шабуылдарының құрбандықтарына айналмауы тиіс. ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек! Бұл – шетін мәселе! ХХІ ғасырда бейбітшілік, адамдар өткен ғасырда жасаған секілді, ол үшін байыпты және табанды түрде күресуге тұрады. Біз ба­ла­ларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауымыз керек. Бүкіл әлем үкіметтері­нің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнес­мен­дерінің, өнер қайраткерлерінің және миллион­даған адамдарының күш-жігерін өткен ғасырлар­дың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен әрқашан арылту үшін біріктіру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқансу әлемдік апатпен пара-пар. Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесім ХХІ ғасырда өмір сүріп, жұмыс істеу керек болатын өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Біздер, Мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершіліктеміз. Көптеген тар жол, тайғақ кешулерден өткен адам және саясаткер, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде, мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды өтінішпен қайырылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен әрқашан арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ.

«Егемен Қазақстан», 5 сәуір 2016 жыл.