Алды-артына қарамай қашқан алаяқ
Алды-артына қарамай қашқан алаяқ
Алаяқар туралы сөз бола қалса, ертеректе облыстық ауруханада орын алған бір оқиға есіме орала беретіні бар. Кезекті еңбек демалысынан оралғанымда облыстық аурухананың гастроэнтерология бөлімінің меңгерушісі өзінің кабинетіне шақырып алып: – Сіздің палатаңызға бір апта бұрын республикалық «Денсаулық» журналының бөлім меңгерушісін жатқыздық. Бізге келгендегі мақсаты – аурухана өмірінен мақала жазу екен. Жолды көтере алмай ауырып қалғандықтан, бөлімге қабылдауға мәжбүр болдық. Өзі мазасыз, тырысқақ кісі. Барлық жағдайын жасап жатсақ та, қабағы бір ашылмайды. Сондықтан дұрыстап қараңыз. Жамандап жазып, бізді республикаға масқаралап жүрмесін, – деді. «Жарайды, түсіндім. Ауруға дұрыстап қарау – дәрігерлік міндетіміз ғой» – деп фонендоскопымды мойныма асынып, тонометрімді, ауруларға арналған папкімді қолға алып, журналисті көруге барсам, екі адамға арналған палатада арық денелі, қара сұр кісі басына екі жастықты жастанып, шалқасынан түсіп, қорылдап ұйықтап жатыр. Қасындағы екінші төсек бос тұр. «Менің жаныма басқа ауруды жатқызбаңдар» дегеннен кейін мұндағылар оның айтқанын бұлжытпай орындапты. Аурудың ұйқысын бұзбай, әзірге басқа палатадағы ауруларды көре тұрмақшы болып, дәлізге шықсам, алдымнан облыстық «Ақ жол» газетінің қызметкері Әбдуәлі Әлиевтің (жатқан жері жәннатта болсын!) жолыға кеткені. Амандасқан соң: – Бізде республикалық «Денсаулық» журналының бөлім меңгерушісі емделіп жатыр. Мүмкін, сіз танитын шығарсыз, – деп аты-жөнін айтып едім, «Иә, мен ол кісіні танимын. Рұқсат етсеңіз, сәлем беріп шығайын», – деді. «Жолыға беріңіз, мен басқа ауруларымды қарай берейін», – деп өз жұмысыма кірістім. Арада көп уақыт өтпей палатаның есігін Әбекең жайлап ашып, сыртқа шығып кетуімді сұранды. Палатадан шыға салып, не болғанын сұрап едім, «Мынау кісі мен танитын тілшіге ұқсамайды. Әңгімеміз жараспаған соң, «сізді жақсы танитын туысым бар еді, сол адамды шақырып келейін», — деп палатадан шығып кеттім» деді. Емделушілерімді қарап болып, журналшы жатқан палатаға оралсам, орнында жоқ. Посттағы дәрі таратып жүрген медбикеден «мына палатадағы ауруды көрген жоқсың ба?» – десем, «жаңа бір кісі жолығып шыққаннан кейін асығыс жиналып, сөмкесін арқалап, кетіп қалды», – дегені. «Кетіп қалғаны қалай?» деп таңғалдым. Сол кеткеннен ол қайтып оралған жоқ. Сол кезде барып оның қаңғып жүрген қу екені санама сарт ете қалды. Әбекең болмағанда, әлгі айлакер палатада тегін тамақ жеп, тегін ем алып, бізді де әбден әбігерге салғандай екен.
Сейітқасым Тәжбенов, дәрігер.