Экономика

«Шөміш» бөгенін қайта жаңғырту керек

«Шөміш» бөгенін қайта жаңғырту керек

сонда аудан егістіктерін суландыру мәселесін шешуге және жергілікті су электр стансасын іске қосуға жол ашылады

SAM_2074 SAM_2073 SAM_2019 1362547977_1-2Міне, «ЭКСПО-2017» көрмесіне де бір жыл ғана уақыт қалды. «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтетін оның басты идеясы – көмірмен, мұнаймен жұмыс істеп, ауаны ластайтын қуат көздерін біртіндеп экологиялық таза баламалы көздерге алмастыру. Осыған байланысты 2012 жылдан елімізде қолға алынған «Жасыл даму» кешенді жоспары аясында Қордай асуында – желден, Отар даласында күннен электр қуатын өндіретін стансалар пайда болып, жылдан-жылға өндірістік қуатын арттырып келеді. Сондай-ақ, ағын судан қуат өндіру де осылардың қатарында. Еліміздің көптеген аймақтарында, оның ішінде облыс көлемінде өзендер мен су қоймаларында шағын су электр стансалары біртіндеп іске қосылып та жатыр. Бізде де бұған алғышарттар жоқ емес. Қордайдың егде тұрғындары өткен ғасырдың орта шенінде аудан орталығында су электр стансасы жұмыс істегенін ұмыта қойған жоқ. Ол Шу өзенінен аудан егістіктерін суландыруға арнап салынған каналдың бойында орналасты. Соны қазір қал­пына келтіруге бола ма? Ал енді бұл бірінен-бірін ажыратуға болмайтын екінші мәселесіз шешімін таппақ емес. Сөзді алдымен содан бастаған жөн. 

ала жаздай «шөміштен қыспасын» десек...

Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді суландыруға қажет ағын судың 50 пайызы көрші елдерден бастау алатын өзендермен келетін болса, облысымыз бойынша бұл көрсеткіш 80 пайызды құрайды екен. Біздің өңірді көктей өтетін негізгі екі су арнасы – Шу мен Талас өзендерінің бастауы сырт жақта жатқандықтан, су жөнінде өзгеге тәуелділік о бастан-ақ пешенемізге жазылған деуге болады. Бүтін бір аймақтағы қырғыз-қазақ диқандарының тіршілік нәріне айналып отырған Шу өзені болса ақ басты Тянь-Шаньның мұздақтарынан бастау алып, жол-жөнекей Чон-Кемин, Кіші-Кемин тәрізді кішігірім өзен, жылғалардың суымен толыға келіп, арындай ағатын өзен. Бетпақтың шөлді адырларына жетіп, ізін суытқанға дейінгі оның жалпы ұзындығы 1275 шақырымды құрайды. Тарихқа үңілсек, Шу алабын суландыру жұмыстары бір ғасырдан бұрын басталыпты. 1910 жылы патшалы Ресейдің инженер-гидротехнигі Владимир Васильев жетекшілік еткен іздеушілер партиясы Шудың өн бойымен атпен, жаяулап жата-жастана жүріп жан-жақты зерттеулер жүргізіп, 1913 жылы аймақты суландырудың алғашқы жобаларын ұсынады. Онда өзен ағынын басынан реттеп отыруға болашақта Орта Тоғай шатқалынан ірі су қоймасын салу қарастырылады. Терең шатқалдың аузын бөгеу ол кезде көп қаржыны және уақытты қажет еткендіктен, бұл жобадан бұрынырақ алдымен өзеннің Қордай тараптағы Шөміш жартастарын жанай өтетін қылтасынан кішігірім бөген орнатып, оның сол қанатынан қырғыз жағына қарай, ал оң қанатынан Қордайға қарай каналдар тартудың инженерлік жобасы бекітіледі.Бірақ, азамат соғысына байланысты жұмыс қарқыны өнбейді. Тек, арада оншақты жыл өткеннен кейін лениндік декретпен Орта Азияда қолға алынған кең көлемді ирригациялық-суландыру бағдарламасы аясында Шөміш гидроторабының құрылысы жиырмасыншы жылдары қайта жанданады. Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Оған Шудың екі жағындағы қазақ-қырғыз ауылдары мен артельдерден адам күші жұмылдырылды. Техника атаулыдан Германиядан әкелінген бір ғана экскаватор болды. 1934 жылы бөген салынып бітіп, оның екі жағынан ұзындығы 56 шақырымдық Атбашы және 70 шақырымдық Георгиевка магистральды каналдары тартылады. Міне, содан бері сексен жылдан аса уақыт бойы Шөміш гидроторабы екі елдің жалпы көлемі 45 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жерлерін суландыруға қызмет етіп келеді. Шөміш гидроторабы аудан орталығынан небәрі алты шақырымдай жерде. Одан тартылған Георгиевка магистральды каналы Қордай ауылының іргесіне келгенде тағы да оң және сол қанат деген екі арнаға бөлініп, ауданның 23 мың гектардай суармалы егістіктеріне су жеткізеді. Бірақ, жыл өткен сайын егістік суының тапшылығы қатты сезілуде. Шу өзенінің басында отырған айыр қалпақты ағайындар суару маусымы сайын аудан диқандарын «шөміштен қысуын» қояр емес. Неге? Көрші елден ағып келетін суға телмірген қордайлықтар бұл мәселені шешудің әртүрлі жолдарын қарастырып та көруде. Соңғы жылдары тамшылатып суару тәрізді ылғал үнемдеу технологиясына ден қоюшылар қатары арта түсуі сөз жоқ заман талабына сай үрдіс. Сонымен қатар, жергілікті су көздерінен жиналатын әрқайсысы сегіз миллион текше метрден асатын Қарақоңыз және Қақпатас су қоймаларының сыйымдылығын екі есеге дейін арттырып, болашақта Ырғайты өзенінен салуға қазір сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы көздері іздестіріліп жатқан сыйымдылығы жиырма бес миллион текше метрлік жаңа су қоймасы пайдалануға берілген күннің өзінде мәселе шешімін таба қояр ма екен? Бұл сұрақтарға өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдарында ширек ғасырдай Төменгі Шу суландыру жүйесі басқармасында институт бітіріп келген жас маманнан осы басқарманың басшысына дейінгі сатылардан өткен суландыру ісінің білікті маманы, жемісті еңбегі үшін кеңестік «Құрмет белгісі» орденінің, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі медалінің иегері болған, бүгінде зейнеткер Рахат Смағұлов ағаның айтар уәждерінен жауап іздеп көрейік. – Қазақстан және Қырғыз Республикасы арасындағы трансшекаралық өзен суларын бөлу жұмыстары КСРО Су шаруашылығы министрлігінің 1983 жылғы 24 ақпанда бекітілген мемлекетаралық су бөлу ережесіне сәйкес жүргізіліп келді, – деді ол. – Осы ереже бойынша Шу өзенінің суының 58 пайызы Қырғызстанға, 42 пайызы Қазақстанға тиесілі. Жазда көрші елдің балансында тұрған Шөміш гидроторабы арқылы Георгиевка магистральды каналына екі жақты бекітілген кесте бойынша секундына 15 текше метр су берілуі керек болса, суару науқанының ең бір қызған кезінде бізге нақты берілетіні 5-6 текше метрден аспай жатады. Қырғыздардың өз жағына берілетін су көлемі де шектеледі. Бұған аптапты жаздың ортасында бізге жеткенге дейін де суы жан жаққа бөлінетін өзен деңгейінің төмендеуі бірінші себеп болса, сонымен қатар, арынды өзеннің суын көп мөлшерде ұзақ бөгеп отыруға салынғанына сексен жылдан асқан Шөміш гидроторабы шыдамауы мүмкін. Сондықтан, каналдарға бөлінетін су көлемі қолдан азайтылатын тәрізді. Ал суару маусымы аяқталмастан мұнда суды өзенге толық бұрып жібереді де, қазан айының ортасынан сәуірдің аяғына дейін Шудың суы Шөміштен бос ағып өтіп Тасөткел су қоймасын толтырып, одан әрі Мойынқұмға асып жатады... Рахат Смағұлұлы осы Шөміш бөгенін жаңғыртуға байланысты екі мәселені қатар шешуге болатынын айтады. Оның бірі – ескірген су құрылғыларын нығайта отырып каналдарға бөлінетін су көлемін арттыру, екіншісі – сол каналдарда бұрын ондаған жыл жұмыс істеген шағын электр стансасын қалпына келтіру. Зейнетте болса да кезінде өзі тығыз араласқан, көзі көріп, көңілі сеніп тұрған мәселені көтеріп 2008 жылдан бері республикалық ведомство басшыларына, тіпті, Елбасының атына хат жолдап, аудан басшыларының да қаперіне салып отырған екен. – Кеңес үкіметі кезінде ауданның жер үсті және жер асты су қорлары әбден зерттелген болатын. Қордайдың ішкі су көздері егістік суына қажеттіліктің тек 12 пайызын ғана өтей алады. Жазда суы азайып немесе мүлде құрғап қалатын жылғалармен, шағын тоспалармен бұл мәселені шешу мүмкін емес. Ырғайты өзенін байлап, су қоймасын салудың да өзін ақтай қоярына кепілдік жоқ. Өйткені, ол аймақ құмдауыт бос топырақты, тосылған судың көбі сол бойда жер астына сіңіп кетеді. Әрі жиналған судың жайдақ жерде бетайдыны кең болатындықтан булануы да жоғары болмақ. Сондықтан, табиғаттың өзі тап іргеден ағызып, қысы-жазы суы ортаймайтын Шудың суын пайдаланудан артығы жоқ, – деген кәнігі су маманының пікірі көңілге қонымды. Шу өңірін суландыру мәселесі өткен ғасырдың басынан-ақ қолға алынғанын айттық. Патшалы Ресейдің гидротехник-мамандары Шөміш гидроторабынан бөлек, Шу өзенін Орта Тоғай аталатын қалың жықпылды терең шатқалдың аузынан байлап, су бөлінісін реттеп отырудың бірегей инженерлік жобасын жасаған болса, оны араға көптеген жылдар салып кеңес үкіметі жүзеге асырады. 1956 жылы ол жерден сыйымдылығы 500 миллион текше метрлік Орта Тоғай су қоймасы салынды. Сөйтіп, көктем мен жазда тасып, жан жағына сел қауіпін төндіретін, күз бен қыста баяулайтын өзен ағысы бір жүйеге келтіріледі. Ал 1968-1974 жылдар аралығында қант қызылшасы тәрізді суды көп қажет ететін техникалық дақылды көптеп өсіру талабына сәйкес Қордай және Шу аудандарының аралығынан сыйымдылығы 620 миллион текше метр болатын Тасөткел су қоймасы салынды. Сөйтіп, өңірде суармалы егістік көлемі еселеп арттырылған еді.

«Қордай» ГЭС-ін жаңғырту – уақыт талабы

Сонау 1920 жылы атақты ГОЭЛРО жоспарын қабылдарда «Ильич шамының» атасы Владимир Лениннің «Коммунизм дегеніміз – бүкіл елді электрлендіру» деген сөзі ұранға айналды.Оның екпінімен бүкіл елде пайда болған ірілі-ұсақты электр стансаларының қатарында біз сөз етіп отырған Шөміш гидроторабының Георгиевка магистральды каналында «Георгиевский» аталатын электр стансасы салынғаны тарихта қаттаулы тұр. Рахат Смағұлов көтеріп отырған екінші мәселе осыны қалпына келтіру хақында. – Ұлы Отан соғысынан кейін-ақ біздің магистральды каналдың сол қанаты бойынан ауыл іргесінде су электр стансасы салына бастапты, – деді ол. – Оның құрылысына бүкіл ауданның колхоздары қаржы қосқан. Дәл осындай электр стансасы Шөміштің сол қанатындағы қырғыз каналында да салынады. 1951 жылы пайдалануға берілген қуаты мың киловаттық біздің станса жиырма жылдан аса қалтқысыз жұмыс істеп келген. Аудандық мұражайда қордайлық станса ұжымының 1955-57 жылдары Мәскеудегі бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне (ВСХВ) қатысқаны туралы деректер бар. Бертінде Тоқтағұл ГЭС-тері каскады іске қосылуына байланысты жетпісінші жылдардың ортасынан мұндай шағын электр стансаларының жұмысы тоқтатылып, консервацияға қойылған болатын. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Орталық Тянь-Шаньнан бастау алатын Нарын өзенін бөгеп салынған, толық сыйымдылығы 19,5 миллиард текше метрге дейін баратын (салыстыру үшін алсақ Талас өзенінде салынған Киров су қоймасының сыйымдылығы 550 миллион текше метр) Тоқтағұл су қоймасы бүкіл аймаққа орасан индустриялық серпін әкелген еді. Орта Азиядағы теңдесі жоқ аса ірі бұл су қоймасының айналасында 1973 жылдан бастап Тоқтоғұл, Курпсай, Қамбар ата электр стансалары каскадтарының пайдалануға берілуіне байланысты құрылған бірыңғай аймақтық энергия жүйесіне Қырғызстанмен қатар, көрші Өзбекстанның, сондай-ақ, Қазақстанның оңтүстік өңірлері де (оның ішінде біздің облыс та бар) енгізіліп, оның қуатын әлі күнге дейін тұтынып келеді. – Қазір жаппай үнемділікке көшіп күннен де, желден де қуат өндіретін жобалар қолға алынып жатқан «Жасыл экономикаға» бетбұрыс кезінде, жанымыздан ағып жатқан Шу өзенінің суын қуат өндіруге неге пайдаланбасқа? Суару маусымынан тыс қазаннан сәуір айының ортасына дейінгі аралықта ғана өзенмен 650 миллион текше метрдей су жөңкіліп өтеді екен. Бұл пайдалана білсек орасан энергия көзі емес пе? Жаңадан ештеңе ойлап таппай-ақ, бұрынғы барды қалпына келтірсек те болады ғой, – дейді Рахаң. Дей отырып осы ұсыныстарын тұжырымдап жоғарыға жолдаған хаттары мен оған алған жауаптарының көшірмелерін алдымызға жайып салды. Рахаңның нақты ұсыныстары: бұл күнде Қырғыз Республикасы Су шаруашылығы министрлігінің балансындағы Шөміш гидроторабын екі ел арасындағы келісімге қол жеткізе отырып заман талабына сай қайта жаңғырту, ал оған көршілер келіспеген (мүмкіндігі болмаған) жағдайда гидротораптан жоғары тұстан қазақ жағының каналына жыл бойы үздіксіз су бөлетін дербес су құрылғысын орнату. Бұл екі нұсқаның қайсысы іске асқан күнде де бұрынғы шағын су электр стансасын қалпына келтіруге болар еді. Обалы не керек, Р. Смағұловтың өз жеке басының емес, ел мүддесін көксеген бағалы ұсыныстарын жоғары жақтағылар жауапсыз қалдырмапты. Оның қолында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының әлденеше қатынас хаттары бар. Мәселен, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Б. Джаксалиев қол қойған 2012 жылғы 5 қарашадағы және 2013 жылғы 16 мамырдағы жауап хаттарда Георгиевка магистральды каналының бас бөлігін қайта құрудың және ондағы бұрынғы ГЭС-ті қалпына келтірудің немесе жаңадан салудың тиімділігін зерттеу тиісті мемлекеттік мекемелердің және «Жамбыл Гидроэнергия» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қарауына жіберілгені хабарланса, Төтенше жағдайлар министрлігі Георгиевка магистральды каналының 2008 жылы Қордай ауылы тұсынан екі мәрте орылып кетіп, тұрғындардың өміріне қатер төндірген жерлері бетондалғанын айта келе, көтерілген өзге мәселелер өздерінің құзырына жатпайтынын ескертіпті. Ал 2013 жылы 21 тамызда облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ғ. Сәдібековтің бұрыштамасымен облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушы М. Төлеулиев қол қойған жауап хатта: «Георгиевка ГЭС-ін қайта жаңғырту экономикалық тұрғыда ұтымсыз, себебі бұрынғы шағын электр стансасының гидротехникалық жабдықтары жартылай қираған және ГЭС орналасқан жер қазіргі уақытта жекеменшікте, оны қайта сатып алу құны өте жоғары. Сонымен қатар, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі ҚР Бюджеттік кодексіне сәйкес аталған жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкін еместігін хабарлады», дей келе, егер аталмыш мәселені жүзеге асыруға ықтимал инвесторлар қызығушылық танытқан жағдайда «Жамбыл Гидроэнерго» ЖШС бекітілген тәртіппен өз құзыреті шеңберінде жаңартылатын энергия көздері құрылысының жобаларын іске асыру үшін барынша қолдау жасайтынына сендірген. Рахаңмен бірге Шөміш гидроторабының басына барып көрдік. Бүгінде екі елдің шекаралық бақылау аймағында қалған ол сөз жоқ, заманында теңдессіз құрылыс болған. Оны бұрыннан-ақ жұрт плотина деп жүргенімен, су қоймасындағыдай тас пен топырақ жыныстарынан нығыздап жасалған бөген емес, өзенге көлденеңнен салынған темірбетон құрылғылардан тұрады. Өзеннің суы тігінен ашылып жабылатын механикалық қалқандармен реттеліп отырады, олар қазір ашық, төменде су өз арнасымен еркін жөңкіліп жатыр. Ал тоспаның екі жағынан тартылған каналдардың табанында аз ғана су жылтырайды. Оларға су енді көктемде бірақ жіберіледі. Қазақ жағындағы канал кезінде биік жартасты тіліп жасалған екен. Әлі елдің күш қуаты нығая қоймаған кездегі құрылыс. Одан бері арада сексен жылдай өтті, гидроторап өзінің жобалық қызмет мерзімін аяқтауға жақын. Сондықтан, бірыңғай темірбетон жабдықтардан құрастырылған оны бүлінуден сақтау және қызмет мерзімін ұзарта түсу шаралары қолданылып келеді. Біраз жылдан бері мұнда өзен суын шекті мөлшерде ғана бөгеу, жыл сайын көктемде техникалық күтім жасау мен жөндеуге жабу тәртібі енгізілген. Каналдарға судың кешігіп мамыр айына таман бірақ салынуының, ал бөлінген судың егістіктерге тегіс жетпей диқандардың өзара жаға жыртысып жатуының бір себебі осында сияқты. Ал тәуелсіз мемлекетіміздің қазіргі әлеуетімен мына гидроторапты да, оның каналдарын да бұдан әлдеқайда бекемдеп салуға неге бомайды? Бұған қырғыздар жағы әзірге асықпағанның өзінде, осыдан екі жыл ғана бұрын Жуалы ауданында қазақ жерімен тіке тартылған Көксай каналы тәрізді, біздің каналдың басын Шөміштен бір-екі шақырым жоғарыдан бөлек тартып әкелуге не кедергі? Сонда біздің каналда қысы-жазы су жатар еді. Ағын судың мол әрі үздіксіз болуы ауданның егістік суына зәрулігі мәселесін біржолата оң шешуі өз алдына, ондағы шағын су электр стансасының трубинасын зыр қақтыруға да жарайтын еді. Бұрынғы электр стансасында да болдық. Ол Қордай ауылы мен Цемент зауытының аралығында. Стансаның ішкі құрылғылары тоналған. Бұзып әкете алмаған алып роторы, төменгі бөлігі тереңнен бетондалғандықтан суды биіктен құлататын шанақтары қалған. Кезінде жиырма жылдан аса жұмыс істеп, айналасына шуақ таратқан, аудан орталығындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысын қамтамасыз еткен стансада мүлгіген тыныштық орнағалы қырық жылдай болған. Кезіндегі кеңестік құрылыстың сапасына сөз жоқ, ғимарат соншалықты күрделі жөндеуді қажет етпейді. Ал стансаның жабдықтарын бүтіндей жаңартып, осы замандық жаңа стансамен алмастырудың қазіргі өлшеммен еш қиындығы жоқ. Тек, ғимарат орналасқан жерді жекеменшіктен қайтарып алу керек. Айтпақшы, жоғарыда облыс әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының ұсыныс авторына берген жауабында станса тұрған жер учаскесі үшін қазіргі иесі қыруар қаржы сұрайтыны айтылды. Осыған орай Рахаңның өзге ұсыныстары да дайын екен. – Станса орналасқан жерді қайтару тым қамбатқа түсетін болса, онда одан екі жүз метр ілгерілеп барып Цемент зауыты жақтағы көпір тұсынан жаңа станса салуға болады. Тіпті, аудан диқандарын сумен жеткілікті қамтамасыз ету мақсатында Шөміш гидроторабының алдынан орағытып қырғыздарға тәуелсіз канал тартылған жағдайда, оның суын жартасты тұмсықтың үстімен әкеліп құлатып сол жерден ГЭС салуға да болар еді, – дейді. Осындай елдік ойлармен жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ардагер-гидроинженердің ұсыныстары бүгінгі күннің өзекті тақырыбын қозғайтындығымен маңызды.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суреттерде: Қордайдағы су электр стансасының ескі ғимараты; Георгиевка магистральды каналының құрылысында (өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы сурет), ауданның суландыру ісінің ардагері Рахат Смағұлов.