Жаңалықтар

Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары

Қатырып қойдым...

Ұлы Отан соғысына қатысып, бақилық болғанына жыл толған Шәкі Меркібеков деген атамыз кезінде Нәрікбай деген шопан інісіне қой төлдетуге сақпаншы болып барыпты. Ә, дегенде, бір қой егіз төлдесе керек. Мұны жақсы ырымға балаған бас шопан ағасына: – Шәке, төлдің басы. Мына төлдерге жақсылап қараңыз, – деп өтініш жасапты. Ағасы: – Қорықпа! Өзім бәрін қатырып қоямын, – депті нық сеніммен. Ертеңгісін таңғы шәй үстінде інісі ағасынан малдың амандығын сұраған кезде «қатырып қойдым» деп жауап беріпті. Содан Нәкең біраз уақыттан соң қораға келсе, екі қозы да қатып өліп жатыр. «Мынауыңыз не?» десе керек ол бұлқан-талқан болып. – Бағана айтып едім ғой, «қатырып қойдым» деп. Түнде қатып қалған, – депті Шәкең бүлк етпей. Нәкең не күлерін, не білек түрерін білмей дел-сал күйде тұрып қалыпты.

Қырдағы қырғауыл...

Ауданның сыйлы бір қариясы басшы қызметте жүрген інілерін шақырып, құрмет көрсетіп, соғымбасы беріпті. Сонда ішіне «ел» қоныңқырап қалған бір інісі қайта-қайта сөз арасында «жас келініңізді – екінші келініңізді алып келейін деп едім» деп күпіне беріпті. Сонда Төкең деген бір ағамыз. – Әй, інім. Сен қырдағы қырғауылды қуамын деп жүріп, үйдегі тауығыңнан ажырап қалма, – деген екен.

Серік Құралбай, Меркі ауданы.

«Памперс» киіп ал

Бірде қалада тұратын жігіт жолы түсіп ауылдағы жолдасының үйіне бара қалса, құрдасы мал қорада шаруаларын күйттеп жүр екен. Бір-бірінен хал-жағдай сұрасқанда, әбігерге түсіп жатқан ауыл жігіті: – Жұмыс деген көп, таусылар түрі жоқ, тіптен, сыртқа шығып, дәрет сындыруға да қол тие бермейді, – деп мұңын шағады. Сонда қаладан келген жолдасы жайбарақат қана: – Е, ондай болса «памперс» киіп алмайсың ба? — деп «жанашырлық» танытқан екен.

Алдаберді Мақашев, Тараз қаласы.

«Колхоз» бен «комхоз»...

Жамбыл атындағы колхозды бірнеше жыл басқарған марқұм Қанатбай Еркінбаев ақсақал өзі қутілділеу кісі еді. Бір күні аудан орталығындағы «үлкен үйдің» жанында ұшырасып қалдық. Ол кісіні дәл соның алдында ғана колхоздан алып тастап, «комхозға» бастық қойған. Қанекең маған «үлкен үй» жақты көрсетіп: «Сондағы алып тастағандары бір-ақ әріп» деп қулана күлді.

Сейсен Қожеке, Тұрар Рысқұлов ауданы.