Білім

Дүниені өзгертетін білім

Дүниені өзгертетін білім

21Камшат САҒЫНДЫҚОВА, балалар және жасөспірімдер орталығының әдіскері.

    Кезінде әл-Фараби: «Дүниені өзгертудің екі жолы бар, оның біріншісі – білім арқылы, екіншісі – руханият арқылы» деген екен. Адам баласы үшін басты құндылықтар да осылар. Міне, мұны бала бойына дарытуда қосымша білім беру орталықтарының маңызы айрықша елеулі. Тәрбиеленушінің шығармашылық қабілетін анықтап, жетілдіруге, олардың мәдени, рухани-имани тұрғыда жан-жақты қалыптасуына игі ықпал етіп, патриоттық рухта ұлттық тәрбие беретін мұндай орталық Мойынқұмда да бар. Мойынқұм ауданындағы орталық жанынан ашылған 21 үйірме – өлкетану, көркем-эстетикалық және дене шынықтыру-сауықтыру бағыттарындағы жұмыстарды үйлестіруде. Мұнда барлығы 767 оқушы тәрбиеленеді. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірттің шығатыны белгілі. Ұжымдағы Назира Омарова, Жанар Көпбосынова, Ләйлә Қашкенова сынды ұстаздар аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі іс-шараларға тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындардан да көрініп жүр. Жалпы, орталықтың өзі 2008-2009 оқу жылында рейтингтік көрсеткіші жөнінен облыс бойынша екінші орынды жеңіп алды. Мұнда тәрбиеленушілер де өз жетістіктерімен жарқырай көрінді. Атап айтсақ, «Шұғыла» бишілер тобы аудандық, облыстық өнер сайыстарында талай рет топ жарды, Алматы, Астана қалаларында өткен XII «Рауан» және «Сәлем, Астана!» республикалық фестиваль-конкурстарында үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, республикалық телевизиялық «Айгөлек» ән-би байқауына да қатысып, өз өнерлерімен көп көңілінен шыққан-ды. Орталықтағы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын қолөнер үйірмесінің жұмысы ерекше мақтанышпен атап өтуге тұрарлықтай. Гүлжан Ережепбаева, Сағынкүл Әжіғұлова, Қарақат Нұрманова, Алмагүл Досмағамбетова сынды тәжірибелі ұстаздар дәріс беретін бұл үйірмеде балалар тек қол өнермен ғана айналысып қоймай, өз кезегінде оның шығу тарихымен де танысады. Үйретері көп келесі бір үйірме балаларды қиыстырып құрақ құрап, көрпе, тұскиіз, жастық секілді бағалы бұйымдар, алуан түрлі ойыншықтар жасауға үйретеді. Орталықта ежелден белгілі және әлемдік қолөнерде өз орнын тапқан биссерден сәндік бұйымдар жасау өнері де үйретіледі. «Шешендік өнер» үйірмесі балаларды қазақ ауыз әдебиетінің айрықша жанрының бірі – шешендік өнерге, парасаттылыққа, тапқырлыққа, шапшаңдыққа, қисынды ойлауға баулиды. Ал, «Қазақ тілі» үйірмесі балаларды өз ана тілін құрметтеуге, тілімізді шұбарламай таза сөйлеуге және өзге тілдерді де үйренуге міндеттейді. Қалай дегенде де, мұндағы үйірмелердің жеткіншектерге үйретері көп-ақ. Мойынқұм ауданы.