Денсаулық

Денсаулық адамның өмір салтына байланысты - А.Құрманбаева

Денсаулық адамның өмір салтына байланысты - А.Құрманбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Адам денсаулығының 50 пайызы оның өмір салтына тәуелді. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Астана қаласының Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Ақмарал Құрманбаева мәлім етті. «СӨС мамандарының келтірген мәліметтері бойынша, денсаулықтың 50 пайызы адамның өмір салтына байлнасты, 20-23 пайызы тұқымқуалаушылық факторға тәуелді, 20-25 пайызы қоршаған орта мен экологияға, 8-10 пайызы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына байланысты», - дейді А.Құрманбаева. Қазақстанда халық денсаулығын қалыптастырудың басты бағыты салауатты өмір салтын ұстану болуы тиіс, деп есептейді сарапшы. Айта кетейік, жаман әдеттер, темекі шегу, алкогольдік ішімдіктер ішу, салауатты өмір салтын ұстанбау адамның өмірін шамамен 15 жасқа қысқартады. Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша, елордада 117 мыңнан астам оқушы бар. Басқарма оқушылардың негізінен қандай ауруларға шалдығатындықтарын анықтаған. Олардың денсаулығына жасалған тексерістердің нәтижелері бойынша, бірінші орында өкпе, дем алу органдарының аурулары тұр. Екінші - ас қорыту жүйелерінің аурулары. Үшінші орында - көз аурулары, төртіншісі - жүйке жүйесінің ауытқуы, бесіншіде - қан аурулары, анемия сынды кемшіліктер анықталған.

ақпарат көзі kazinform.kz