Саясат

Ұлттық көзқарас артта қалғандықтың белгісі емес дейді финляндиялық Элина Ванхемпинг

Ұлттық көзқарас артта қалғандықтың белгісі емес дейді финляндиялық Элина Ванхемпинг

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму бағдарламасымен және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, «Бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби қауымдастығындағы гендерлік сезімталдықтың үлгілері» атты семинар-тренинг өткізді. Іс-шараға еліміздің барлық аймақтарынан келген БАҚ өкілдері қатысты.

БҰҰ Даму бағдарламасындағы гендерлік жобаның менеджері Рашида Наубетованың айтуынша, БАҚ өкілдерінің халықтың гендерлік сезімталдығын арттыру бағытындағы жұмыстары дұрыс арнаға қойылмаған. Сондықтан да, бүгінгі демократиялық қоғамда патриархалдық көзқарас күшін жоймай отыр. Ал, ол өз кезегінде әйелдердің қоғамдағы рөлін төмендетіп, олардың мамандық таңдауларына септігін тигізетінін, әлеуметтік, саяси мәселелерді шешуге атсалысуға кедергі келтіретінін тілге тиек етті. Қазақстандағы әйелдердің баршаға ортақ, қоғамдық сұрақтарды шешудегі үлесі 25-40 пайызды ғана құрайды. Ал, ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі Салтанат Тұрлыбекқызы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, елімізде гендерлік саясат оң бағыт алып келе жатқанын айтты. Мәселен, 2012 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша гендерлік теңдіктен Қазақстан 136 елдің ішінде 32-орынға табан тіреген. Ал, республика аумағындағы 30 жоғары оқу орнында гендерлік сезімталдықты арттыруға бағытталған 37 элективті курс енгізілген. Одан әрі С. Тұрлыбекқызы билік пен халықтың дәнекері болып табылатын баспасөз өкілдеріне табыс тілеп, ақ тілегін жеткізді. «Қазақ журналистикасы бүгінгі таңда өзіндік мектебін қалыптастырды. Бұл салаға сұраныстың күн санап арта түсуі қаламгерлер қауымынан, талғамы өскен, танымы терең оқырманға лайықты қызмет ету үшін тың ізденісті талап ететіні сөзсіз. Гендер туралы баспасөзде түрлі материалдар жариялануда», – деді ол. Журналистердің гендерлік сезімталдығын арттыру үшін ұйымдастырылған шараны Скандинавия академиялық мобильділік институтының директоры, Балтық тренинг орталығының директоры, Санкт-Петербург мемлекеттік психология институты, әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының доценті Элина Ванхемпинг жүргізді. Екі күнге созылған жұмыс барысында жаттықтырушы қазақ отбасындағы гендерлік стереотиптер, қазақтың менталитетін түрлі тренингтік ойындар арқылы көрсетіп, гендердің, гендерлік сезімталдықтың мән-мағынасын ашуға тырысты. Гендерлік саясат дегеніміз не? Бұл тіркесті естігенде көз алдыңызға не елестейді? Гендер, ең алдымен, ер мен әйел құқығының теңдігі. Көпшілік оны әйел адамның саясатқа, билікке араласуы, отбасы, ошақ-қасынан бойын аулақ ұстауы деп түсінеді. Ал, негізінде, гендер отбасынан басталады. Семинар барысында жаттықтырушы бізге осыны түсіндірмек болды. Журналистер бес топқа бөлініп, тиісінше, әр топ берілген тапсырма бойынша қазақы отбасында қалыптасқан қағидаларды, заңдылықтарды көрсетуге тырысып бақты. Әсіресе, халқымызда ер адамның әйел адамнан бір саты жоғары тұратындығы, соңғы сөз қашанда ер азаматта қалатыны ерекше назарға алынды. Қатысушылардың да басым бөлігі мұны құптайтындықтарын жеткізді. Финляндиялық Э. Ванхемпинг ондағы жағдайдың мүлде басқаша екенін айтып берді. Мәселен, скандинавия елдерінде ер мен әйелдің қызметтегі, қоғамдағы рөлі қандай болса, үй шаруасында да дәл сондай теңдік сақталады екен. Олардың заңдары бойынша, балалы болған отбасында өзара келісімге келіп, ерлі-зайыптылардың бірі перзенті үш жасқа толғанша демалысқа шығады. Яғни, ер азамат бала қарап, жұбайының жұмыс жасауы әбден мүмкін. Қазаққа жат нәрсе. Дегенмен, өзге жұрттың заңдылықтарын білген де артық етпес. Халықаралық тренинг түгелдей орыс тілінде өтті. Алайда, өзі қазақ тілін түсінбесе де, жұмыс барысында мемлекеттік тілде сөйлегендерге Э. Ванхемпинг құрметпен қарайтынын ерекше атап өтті. Ал, гендерге ол мынадай анықтама берді: «Ол – ер мен әйелдің ахуалын қарастыратын зерттеулер жүйесі». Сөз соңында: «Патриархалдық қоғам – ол жаман емес, ал, ұлттық көзқарас – артта қалғандықтың белгісі емес», – деп қорытындылады ол. Өкінішке қарай, гендерлік теңдік «сақталмай», семинарға екі ер азамат және отызға жуық әйел қатысты. Сондай-ақ, белсенділік танытқан журналистерге арнайы сертификаттар табысталды.

Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».

Тараз-Астана-Тараз.