Қыр төсінде қызу тірлік
Қыр төсінде қызу тірлік
Облыста көктемгі егіс-дала жұмыстары жоспарлы түрде қарқынды жүргізілуде. Ауа райының қолайлылығы шаруалардың егіс науқанын наурыз айынан бастауға мүмкіндік берді. Биылғы көктемде ауыл шаруашылық құрылымдары 164 мың гектар жерді аударып, дайындау қажет. Бүгінгі күнге 145 мың гектар жер жыртылды немесе жоспар 80 пайызға жуық орындалды. Сонымен қатар егістік жерлерді өңдеу жұмыстары да жүргізілуде. Жоспарланған 363 мың егістік жердің 252 мың гектары әзір. Егістік алқабына себілген 20,2 мың тонна жаздық арпа тұқымы толық дәріленген. Науқанға 3716 трактор, 794 соқа және 625 дән сепкіш қатысуда. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағар май және тұқымдық материал толық қамтамасыз етілген. Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 593 мың гектар алқапқа орналастырылады деп жоспарлануда. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 258 мың гектар алқапқа егіледі. Бүгінгі күні 141 мың гектар егістік алқапқа тұқым себілсе, оның ішінде масақты дақылдар – 133 мың, майлы дақылдар – 12 мың және көпжылдық шөп 18,1 мың гектар алқапты құрайды. Жаздық масақты дақылдарды егу жұмыстары Жамбыл ауданында толық аяқталса, Қордай, Байзақ және Шу аудандары мәреге жақын. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан облысымызға көктемгі егіс-дала жұмыстарын жүргізуге әр литрінің бағасы 88-90 теңгеден 14 мың тонна кепілді дизель отыны бөлінді, оның ішінде наурыз айына 6000 тонна, сәуір және мамыр айларына айына 4000 тонна көлемінде белгіленді. Облысқа бекітілген операторларға 4 269 тонна жанар-жағар май жеткізіліп, 1 299 тоннасы ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге таратылды. Ағымдағы жылы егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша бюджеттен 700 миллион теңге қарастырылды. Субсидияланған 15 858 тонна минералды тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы алқаптарына ендіру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден 3310,1 тонна минералдық тыңайтқыштарды алуға өтінімдер келіп түсті. Сонымен қатар, бірінші көбейтілген немесе бірінші ұрпақ будандарын сатып алу үшін 179 миллион теңге бөлінді. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық жағдай толығымен жасалған. Барлық тиісті жұмыстар оңтайлы мерзімде, мамыр айының соңында бітеді деп күтілуде.