Салық және кеден жүйесінің бірігуі
Салық және кеден жүйесінің бірігуі
отандық бизнеске оң ықпалын тигізуде
Өңірлік коммуникация қызметінде республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен брифингке облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ерлан Өмірзақов және департаменттің бірқатар басқарма басшылары қатысты.
«Салық және кеден жүйесін интеграциялау» тақырыбында хабарлама жасаған Е.Өмірзақов Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті. Хабарламашы салық салу мақсатында импорттық тауарлар еліміз аумағына әкелінген күннен бастап, өткерілгенге дейін қатаң қадағалауда болатынын, салық және кеден органдарының бірігуі отандық бизнеске оң ықпалын тигізіп отырғанын атап көрсетті. Төрешілдік азайып, құжаттарды рәсімдейтін бірегей мәліметтер қоры құрылған соң, жұмыс атқару да оңайлай түскен. «Бір терезе» мен тауарлардың электрондық рәсімделуінің енгізілуі шекарадағы кедендік рәсімдеудің жылдамдатылуына әкелді дейді хабарламашы. Е.Өмірзақовтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда жаңадан құрылған құрылым ұсынатын қызмет көрсетудің басым бөлігі оңтайландырылып, электрондық қалыпқа ауысуда. Салықтық және кедендік әкімшілендірудің реформалануы тексерілуге жататын субъектілерді анықтауға қажетті салық және кеден органдарының тәуекелдерді басқару жүйелерін қолдану арқасында сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды тексеру тәртібін жеңілдетіп, қысқарта түскен. Импортталған тауарлардың кедендік құнын төмендетіп көрсету ел ішіндегі салық салынуының өсуіне соқтыратын көрінеді. Департамент басшысының тағы бір назар аударғаны – қазіргі таңда маңызды мәселе болып отырған салықтық және кедендік жүйелерді жақсарту мен олардың интеграциясы нақты нәтижелерге қол жеткізгендігі. Соның бірі – кедендік әкімшілендіруді жетілдіру ретінде Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметке жағдай жасау мен барынша жетілдіру мәселесі бойынша заңмен кедендік декларациялауға қажетті құжаттар саны қысқартылыпты. Кедендік тазарту кезінде импорт үшін 4-ақ құжат, ал экспортқа бар болғаны 3 құжат қана ұсыну қажет екен. Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне байланысты халықаралық сауда талаптарынан, мүлікті жария ету акциясынан да хабардар етті. Брифинг барысында журналистер тарапынан көлеңкелі экономикамен күрестің қалай жүріп жатқандығы, басқа өңірде тіркеліп, салықты сол жаққа төлеп, өнімді облыста өндіретін кәсіпорындарға қолданып жатқан шаралар, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі тағы басқа да көптеген мәселелерге қатысты сұрақтар қойылды. Әрбір қойылған сауалға Е.Өмірзақовпен қатар, камералық бақылау басқармасының басшысы Жанат Жұмаділова, мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Талғат Қамбатыров және тауарлық номенклатура және кедендік құн басқармасының басшысы Алмас Ниязәлиев толыққанды жауаптар қайтарды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».