Әлеумет

«Жайдарманның» жайсаңдары

«Жайдарманның» жайсаңдары

Көрермендер көңілін көтерді

IMG_1878 IMG_1779Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Баласағұн» орталық концерт залында өткен төменгі лига командалары арасында «Маусымашар-2016» жайдарман ойыны қазақы қалжың мен астарлы әзілдерге толы болды. Жайдарман ойынының деңгейі өскендігі болар, залға көрермен көп жиналды. 

Төменгі лиганың былтырғы жеңімпаздары «Тараз-Астана» көңілді тапқырлар клубының ойыншысы Рустам Рамазанов жүргізген қызықты шара республикалық деңгейге жаңадан қадам басқан Қаратау қаласының «Қаратау», Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «Мерси», жуалылық «Жуалы», Жамбыл медициналық колледжінің «Медицина» және ресми тілдегі жайдарманның «Журналистер» командаларының әзілдерімен басталды. Жайдарманның негізгі кезеңі №13 Тараз темір жол колледжінің «За линией» командасының ойынымен ашылды. Олардың ойлы әзілдері көрермен көңілін баурады. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Жалынды жастар» және «Олимп» командасындағы өнерпаздардың да талабы таудай екен. Әсіресе, «Олимптің» «Ұялшақ ұры» қысқы әзілі күлдіре отырып, ойландырды. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Раян-Нұр», сарысулық «Жаңа Париж» және былтырғы чемпион «Тараз-Астана» командаларының миниатюралары сәтті шықты. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «Бұзық қыздар», «Болашақ» колледжінің «Болашақ» командалары да жоғары деңгейде өнер көрсетті. «Қаратау» командасы үлкен топқа жаңадан қосылғанына қарамастан, елдің езуін жиғызбады. Әсіресе, ең кішкентай ойыншы Гүлназ Бекназарованың шеберлігі, сахнадағы өнері көрерменді бейжай қалдырмады. Ол «Мақтаншақ қыз» миниатюрасында өз образын керемет ашып, «Темекінің сыртындағы тіс – менің папамның тісі» дегені көпшілікті күлдіре отырып, толғандырды. Талдықорған қаласының «Асар» командасы көпшілік назарын ерекше аударды. Мүмкіндігі шектеулі (мүгедектер арбасына таңылған) үш жігіттің өнері, әзілі, қайсарлығы, өмірге құштарлықтары көпшілікті тәнті етті. Өскеменнен келген «Престиж» командасы ойлы, өрелі, салмақты әзілдерімен өзгеден шоқтығы биік екендерін байқатты. Шара соңында Шу ауданының «Чу-чу» командасы (республикалық жоғары лигада өнер көрсетіп жүрген) өнерлерін конкурстан тыс көрсетіп, көрерменге әзіл сыйлады. Қазылар алқасының шешімімен Өскеменнің «Престиж» командасы төменгі лига командалары арасындағы «Маусымашар-2016» жайдарман ойынының жеңімпазы атанып, Тараз қаласы әкімінің арнайы кубогіне ие болды. Жүлделі екінші орынға «Бұзық қыздар», үшінші орынға «Болашақ» командалары лайық деп танылды. «Үздік әзіл» аталымын Талдықорғанның «Асар» командасы иеленді. «Престиж» командасының мақтанышы Мұхтарбек Ақатаев «Үздік ойыншы», «Қаратау» командасының кішкентай үміті Гүлназ Бекназарова «Жайдарман аруы» атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Болатбек Уәлихан мен қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Мөрбеков марапаттады.