Әдебиет

Қаламы жүрдек журналист

Қаламы жүрдек журналист

«Жақсы адамның жақсылық жасаудан басқа амалы жоқ» деп заңғар жазушы Әбіш Кекілбай айтқандай, айналасындағыларға мейірім-нұрын төгіп, шуағын сеуіп жүретін кісілерді кездестіргенде, жаныңның жадырай­тыны бар. Осындай абзал азаматтың бірі – қаламы қарымды журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы.

Журналистика саласын жүрек қалауымен таңдағандардың бірімін. Сондықтан, еліміздегі, облысымыздағы өмірін осы салаға арнаған азаматтардың жүріп өткен сан соқпақты жолын, жақсы қасиеттерін көңілге түюден жалыққан емеспін. Облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Ақ жолда» тер төккен кісілердің бәрі – бір-бір дастан, таусылмайтын тағылым. Сондай азаматтар санатында Тұрсынхан Толқынбайұлының да бар екені шүбәсіз. 

Бұл кісі – журналистиканың нағыз сардары. Түймекент ауылындағы Түймекент орта мектебін бітірген соң, асқақ арманның жетегіндегі сезімімен ақбас Алатаудың етегіндегі Алматыға аттанды. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдады. Содан кейін туған жері – Сарыкемеріне (ол кезде Михайловка) оралды. Аудандық газетке орналасты. Ауданына келуге асыққаны жасы келген әкесінің де ықпалы болған шығар. Бірақ, үлкен қаладағы жақсы мүмкіндігін тастап, ауылға оралу мәселесі туындағанда ата-анасын тыңдай бермейтін жастарды қазір көбірек кездестіріп жүр емеспіз бе? Тұрсекең үлкендер сөзіне құлақ асып, еңбек жолын туған жерден бастады. Онысына бұл күнде өкініші де жоқ. Өзіңді өмірге әкелген, мәпелеп өсірген, ең аяулы адамдардың ризашылығын алғаннан артық бақыт бар ма? Сол кісілердің ақ бата, тілеуінен болар, абыройы аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінен басталғандай. Аз жылдар ішінде қарапайым әдеби қызметкерден жауапты хатшылыққа дейін көтеріліп, журналистиканың алғашқы мектептерінен өтті. Бір ерекшелігі қай жылы, қай күні қандай жетістікке жеткені көңілінде әлі сайрап тұр. 1986 жылдың 6 сәуірі еді. Сол күні таңертең аудандық газеттің редакторының қабылдау бөлмесіндегі қоңыр телефон безек қағып қоя береді де, телефонға Тұрсынхан Толқынбайұлы шақырылады. Жұмыс күні бастала сала хабарласып тұрған облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің сол кездегі жауапты хатшысы, марқұм Ахмет Қазыбаев екен. Ахаң аз-кем амандықтан соң, жылдам облыстық газеттің редакция алқасы мүшелерінің алдынан өтуі қажеттігін, тілшілікке қабылданудың реті келіп тұрғанын хабарлайды. Бұл тез жетуге уәдесін береді. Осы сәтте Тұрсекеңнің қуанышында шек болмайды. Неге қуанбасын, талай жылғы арманы жүзеге асуға жақын тұрса. Түс қайта облыстың қара шаңырағындағы редакция алқа мүшелерінің алдынан да өтеді. Сол кезге дейін «Еңбек туында» бірер проблемалық мақаласы, очерк, суреттемелері жарық көріп үлгерген ол өзіне өте сенімді еді. Әсіресе, болған оқиға ізімен жазылған «Жоғалған көкпаршы» атты деректі әңгімесі газет оқырмандарының назарына ерекше іліккен. Сондықтан өзін біршама таныттым деп ойлайтын. Ойы алдамапты. Редактор Арғынбай Бекбосын, редактордың орынбасарлары Анарбек Айтбаев, Әлдихан Қалдыбаев бастаған алқа мүшелері бұл кісі жөнінде тек қана оң пікірлер айтып, ізденісіне, талантына жақсы баға береді. Тіпті, сол күні Тұрсекең облыстық газетке тілші қызметіне қабылданып, Сарыкемерге (ол кезде Михайловка) қанаттанып қайтқаны күні бүгінге дейін көз алдында. Қамал алатын қырық жасында облыстық газетке қызметке келген ол алғашқы мақалаларымен-ақ елді елең еткізді. Облыстағы балық шаруашылығын дамыту мәселесін қозғаған «Көгілдір тың» қазынасы қашан игеріледі?» деген проблемалық мақаласы талай лауазым иелерінің есін жиғызды, шатқаяқтап бара жатқан шаруаға сергек қарауға жетеледі. Осылайша етігімен сыз кешіп, облыстың су айдындарын, балық зауытын аралап, мамандармен тілдесіп, саралап, екшеп жазған мақаласы жоғары бағаланды. Тіпті, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Жақыповтың назарына ілігіп, газет редакторы тарапынан ақшалай сыйлыққа да ие болды. Сол күннен бастап проблемалық мақаланы көбірек жазғаны дұрыс екенін көңіліне түйді. Әлгіндей ұстаныммен жүрді. Оның бұлтартпас дәлелмен жазылған өте өткір мақалаларына облыстық агроөнеркәсіп комитетіндегілер жауап хат жазып үлгере алмай жатады екен. Тұрсекең ауыл шаруашылығы тақырыбын тереңдетіп, қаузап, кеңінен жазды. Олқылықтарды ашық көрсетумен бірге, облыс жетістіктерін, аудан, ауыл еңбеккерлерінің толағай табыстарын оқырмандарға таныта білді. Тіпті, сонау 90-жылдары дағдарыс кезінде де шаруашылықтағы малдың едәуір бөлігі қыстың қолайсыздығынан (1994 жылдың алты айға созылған қысы есте болар) шығынға ұшырағанда да, Тұрсекеңнің қолынан қаламы түскен жоқ. Кезінде Тұрсынхан Толқынбайұлы жазған мақалаларға қарап, облысымыздың ауыл шаруашылығы саласында шексіз, қыруар жұмыстар жүзеге асып жатқандай көрінетін. Бұл, әрине, журналистің шеберлігі. Сол жылдары газеттің бірінші бетінен «Журналист толғанысы» айдарымен редакция қызметкерлерінің ой-толғам, ұсыныстары 50-60 жол көлемінде үнемі жарияланып тұратын-ды. 1989 жылдың 7 ақпаны күні бірінші бетке Тұрсынхан Толқынбайұлының «Әділіне жығылмау әділетсіздік болады» атты ой-толғанысы жарияланады. Артынша осы жылдың 29 наурызы күні шыққан «Еңбек туында» Байзақ ауданында мұғалім болып еңбек ететін Р.Ысқақовтың «Айтамыз да қоямыз» деген қолдау хаты шыққан. Ол хатта автор: «Т.Толқынбаев таңы атып, күні туған, келелі де келісті, толғағы жеткен мәселелерді жазған. Шынында да Гродиков, Головачев, Шаповаловтардың аттары село, елді мекендерге орынсыз қойылғаны көрініп тұр. Олар халық үшін қызметі сіңбеген адамдар. Қазақ халқы жер-су аттарын тарихи оқиғаларға байланысты да қоя білген ғой. Голевачевканы – Айша бибі, Михайловканы – Сарыкемер, Ново-Ивановканы – Жетібай деп неге атамаймыз? Немесе халқы үшін еңіреп туған ерлердің атын неге қоймасқа?» – деп, ел тілегін жеткізген екен. Кейіннен Тәуелсіздікке қол жеткеннен соң осылай болды да. Міне, бұл да Тұрсекең көтерген мәселенің орындалғаны, ойының жүзеге асқаны. Бұл кісі республикалық басылымдарға да өзекті мәселелерді көтеріп, жаза білді. Республикалық сол кездегі «Халық кеңесі» газетінде жарық көрген «Тасөткел суына талас» проблемалық мақаласы оқырмандар тарапынан қызу талқыланып, үлкен дүмпу тудырғанынан хабардармыз. Тұрсекең жазған өзекті мақалалар мұнымен шектелмейді. Біз тек мақала барысында бір парасын ғана айтып өттік. Тұрсынхан Толқынбайұлы облыстық «Ақ жол» газетінде де ширек ғасыр абыройлы еңбек етті. Қарапайым тілшіден бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары баспалдақтарынан өтті. Қай қызметте де өзінің белсенділігін, жауапкершілігінің жоғары екенін танытты. Сол кездерде облыстық газетті басқарған Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулетпен өзара сыйласып, сырласып еңбек етіп, олар жайлы жақсы пікірін осы күні де айтумен келеді. Зейнетке шыққаннан кейін де Тұрсекең қол қусырып қарап отырмады. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында баспасөз хатшысы, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Ақпарат және талдау» орталығының кеңесшісі болып еңбек етті. Бүгінгі таңда «Халықаралық Д.А.Қонаев қоры» облыстық бөлімшесінің референті. Облыстық басылымда, «Ақпарат және талдау» орталығында жүріп өңірдің 60, 70, 75 жылдық мерейтойларына өзіндік үлесін қосты. Республикалық «Қайнар», «Мерей», «Санат», «Алаш», «ҚазАқпарат» баспаларынан әр жылдары бірнеше публицистикалық кітаптары жарық көрді. Тарихи тақырыпқа да терең қалам сілтеді. Мәселен «Қосы батыр ұрпақтары», «Сәмбет ұрпақтары», «Жұмабек Сапаралиев», «Нар тұлғалы Төребай Ақбозов» кітаптары оқырман көңілінен дөп шыққаны анық. Тұрсекең жақында ғана өзінің «Жол азық» атты зерттеу мақала, эссе, деректі әңгімелер жинағын жарыққа шығарды. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Осы мезгілге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы және дипломымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Тұрсынхан Толқынбайұлы биыл 70 жастың белесіне шығып отыр. Қаламы жүрдек журналистің әлі берері мол деп білеміз!

Есет Досалы, «Ақ жол».