Әлеумет

Тұрақты жұмыспен қамту – ең өзекті мәселе

Тұрақты жұмыспен қамту – ең өзекті мәселе

Тұрақты табыс отбасылық бюджетті қалыптастырады. Тұрмыстық әлеуетті арттырады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауындағы «Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттылығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі» деген сөзі мемлекетімізде жұмыссыздықпен күрестің қаншалықты үлкен мәнге ие екенін көрсетеді. Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі осы бағытта көптеген жұмыстар атқаруда. Мәселен, жұмыссыздық деңгейін төмендетудің жолы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы десек, бөлім өткен жылы стратегиялық жоспар бойынша 700 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлаған еді. Жыл ішінде 1246 жаңа және 500 маусымдық жұмыс орындары ашылды. Былтыр қалада жыл басынан 1045 мекемеден 2963 бос жұмыс орнына 2071 сұраныс түсті. Оның ішінде білім мекемелерінен – 1079, денсаулық сақтау ұйымдарынан – 466, басқа жұмыс берушілерден – 1418 сұраныс. Түскен сұраныстарға сәйкес 2643 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мақсатында екі қоғамдық бірлестікпен келісімшарт жасалып, 11 азамат ашылған әлеуметтік жұмыс орнында жұмыспен қамтылды. Елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бірнеше жобаны қамтитын «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының бір бағыты жастар арасындағы әлеуметтік мәселелерді шешуді көздейді. Өткен жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 19 миллион теңге бөлініп, 100 жас түлекті еңбекке тарту жоспарланған. Жыл басынан 107 жас маман жұмысқа жолдама алып, оның 73-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен ұйымдастырылған кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша 3923 мың теңге бөлініп, нысаналы топқа жататын 92 жұмыссыз азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуларға жіберілді. Атап айтқанда, 40 адам – аспаз, 20 жұмыссыз – газ-электрмен дәнекерлеуші, 20-сы – үй күтушісі, 10-ы даяршы мамандығы бойынша кәсіптік даярлаудан өтіп, 50-і тұрақты жұмыс орнына ие болды. Тараз қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасының үш бағытының 2 бағыты іске асырылуда. Бағдарламаның бірінші бағыты – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, үшінші бағыттың бірінші компоненті оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдем жасау екені белгілі. Өткен жылы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша Тараз қаласында жалпы сомасы 146 миллион теңгеге 22 жобаны күрделі жөндеуді іске асыру жоспарланған, оның ішінде 10 пайызы, яғни 14,6 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру бойынша жүзеге асырылды. Бағдарламаның 3-бағыты бойынша 2015 жылы республикалық бюджеттен 44,1 миллион теңге бөлініп, жұмыссыздарды, табысы аз азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жұмыстары жүргізілді. Кәсіптік оқыту курстарына еңбек нарығындағы қажетті мамандықтарға сәйкес «КШСП», «Жамбыл жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Караяниди» «Құрманбеков» жеке кәсіпкерлігінен сұраныстар жинақталып, аспаз, кондитер, газ-электр дәнекерлеуші, автогрейдерист, тракторист-машинист мамандықтарына 2015 жылдың 1 сәуірінен қысқа мерзімді курстарға жолданған 63 адам оқуын аяқтап, тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. 2014 жылдың қыркүйек айында «төтенше жағдайларда қорғау» (құтқарушы, кинолог) мамандығы бойынша кәсіптік даярлауға жолданған 50 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан болатын. Сондай-ақ, былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Тараз қаласында 59 жұмыс орнын қарастыратын 4 жобаны іске асыру жоспарланып, жыл соңына дейін аталған 4 жобаға нақты 63 адам жұмысқа жолдама алғанын айта кету керек. Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі межелі мақсаттарды орындап, жұмыссыздықты төмендету бойынша алдағы уақытта да жұмыс жасай бермек.

Гаухар ОЛЖАБАЕВА, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.