ЖАҢАТАСҚА БИЫЛ ГАЗ ТАРТЫЛАДЫ
ЖАҢАТАСҚА БИЫЛ ГАЗ ТАРТЫЛАДЫ
Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы Сарысу ауданы жұртшылығының да бағдаршамына айналған. Былтырғы жылдың басты саяси оқиғасы 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында халық өз таңдауын жасады. Сарысулықтар да одан тыс қалған жоқ. Елбасының айқын жеңіске жетуіне аса зор абырой-беделі және жаңа президенттік мерзімге арналған стратегиялық бағдарламасы ықпал етті.
Өңірлік коммуникация қызметінде «Елбасы Жолдауы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы» тақырыбында өткен дәстүрлі брифингте аудан әкімі Бейбітбек Жайлыбаев хабарламасын осылай бастады. Одан әрі ол жаңа бағдарламаның негізгі бағыттарын атап көрсетіп, былтыр барлық деңгейдегі бюджет жүйесіне түскен қаржының көлемін слайд арқылы хабардар етті. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі өткен жылы 3345,3 миллион теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға артқан. Жалпы, өнеркәсіп өнімдерінің 76,1 пайызы кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласында атқарылыпты. Ал биыл осы сала бойынша өнім шығару көлемі 4,5 миллиард теңге құрайтындығы жоспарланыпты. Биылғы қаңтар-ақпан айларына өнеркәсіп кәсіпорындары 758,9 миллион теңгенің өнімін өндіріп, бұрнағы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда көрсеткіш 15,5 пайызға артқан. «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр Елбасының қатысуымен жалпыұлттық телекөпір арқылы ауқымды жоба-«Еурохим тыңайтқыш» ЖШС-ның тау-кен өңдеу кешені іске қосылған. Кәсіпорын былтыр 319,8 мың тонна өнім өндірсе, биыл бұл көрсеткішті 640 мың тонаға жеткізуді межелеп отыр. Сонымен қатар, «Еурохим-Қаратау» ЖШС «Жаңатас қаласындағы фосфаттарды қайта өңдейтін химялық кешен (2 кезең)» құрылысын жүргізіп жатыр екен. 2019-2020 жылдары іске қосылатын кешеннің жобалық құны – 950 миллион АҚШ доллары. Биыл «Тараз көлік жолы» ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты, «Асыл тұз» компаниясы» кәсіпорнының ас тұзын өндіру зауыты сынды инвест жобалар іске асатынын атап көрсеткен аудан әкімі ауыл шаруашылық саласын да кеңінен баяндады. Салада өткен жылы 7,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өндірілген өнімдердің физикалық көлем индексі 104,5 пайыз болып қалыптасқан. Мал және егін шаруашылығында да алға ілгерілеушілік бар. Шаруалар Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық пен көмекті сезінуде. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және құқық қорғау салалары бойынша да жан-жақты әңгімелеген аудан әкіміне бар-жоғы екі-ақ сұрақ қойылды. Ол-осы жолдардың авторы қойған ауданды газдандыру мәселесі және Жаңатас – Түркістан бағытындағы темір жол құрылысы жайлы болды. Бірінші сұраққа Б.Жайлыбаев Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданындағы Шаян ауылынан Жаңатас қаласына газ биыл тартылады деп жауап қайтарды. Жобаны Үкімет мақұлдапты. Ал «Жаңатас – Түркістан» бағытындағы темір жол құрылысымен «Еурохим тыңайтқыш» ЖШС айналысып жатыр екен. Бүгінде құжаттары дайындалып жатыр деді аудан әкімі.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».