Әлеумет

Кеңестік атаулардан арылар кез келді

Кеңестік атаулардан арылар кез келді

Елiмiз бодандық бұғауынан босағанына ширек ғасыр уақыт өтсе де, кеңестік заманның «сарқытындай» болған жер-су, елдi мекен аттарынан арыла алмай-ақ келемiз. Осы саланың шешімін күткен мәселелері облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссияның Меркіде өткен көшпелі отырысында жан-жақты талқыланды. 

Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Талас аудандарындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтың есебі тыңдалды. Алдымен облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева аудандардағы жалпы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап өтті. Ол кейбір аудандарда бір кісінің атымен аталатын бірнеше көше кездессе, бірқатар аудандардың іргелі мекемелерінің маңдайшасындағы менмұндалаған қателер, мектеп пен балабақша кіреберісіндегі анықтама сөздердің дұрыс жазылмауы тез арада қалпына келтіруді қажет ететінін жеткізді. Бұдан соң аталмыш аудан әкімінің орынбасарлары сөз алып, өздерінде бар кемшіліктерді жоққа шығармады. Айталық, Шу ауданы әкімінің орынбасары Ержан Бегалиев комиссия мүшелерінің қойған сұрақтарына мардымды жауап бере алмай қызарақтады. Ал Меркі ауданында көше көрнекі құралдарын біріздендіріп, үлгіге сай орналастыруға 2012-2015 жылдар аралығында соқыр тиын қаржы бөлінбепті. Бұл бойынша аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов өз уәжін ортаға салғанмен, комиссия мүшелері ынта болса шешімін таппайтын мәселе болмайтынын қадап айтты. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов сөзге араласып, жыл аяғына дейін бұл мәселе шешімін табатынына уәде берді. Сондай-ақ, Талас ауданы әкімінің орынбасары Серік Дадабаев та жіберген кемшіліктері үшін сын-ескертпелер естіді. Бұл айтылған сылтаулар мен уәждерге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлының көңілі толмады. Ол бұдан былай жіберілген кемшіліктерге кім жауапты болса, сол адам жазаланып, жіберген кемшілігі аудандық, облыстық баспасөзге жарияланып, жауапсыз басшылардың салғырттығы өзгеге сабақ болуы тиістігін айтты. Сондай-ақ, комиссия шешімімен жоғарыда есімдері аталған үш аудан әкімдерінің орынбасарларына ескерту жасалды. Облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының мүшесі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік: «Салыстырмалы түрде көршілес елдердің сайттарын ақтарып, ономастика мәселелері жөнінде қандай мәселелері бар екенін арнайы қарадым. Оларда біздегідей «көше аттары дұрыс жазылмаған», «мемлекеттік мекемелердің маңдайшалары қате» деген сияқты мәселелер мүлдем жоқ екен. Біз қашанғы осы мәселені қаузай береміз. Бұлар бір айтылғаннан кейін-ақ бірден шешімін тауып, қазір ұлттың тіліне, дәстүріне қызмет ететіндей мәселелермен айналысуымыз керек емес пе?» – деген ойын ортаға салды. Өз кезегінде облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев жеке кәсіпкерлер ашқан нысандарына атау беруде «жеті өлшеп, бір кесу» қажеттігін айтып, сынға алды. Комиссия мүшелері идеологиялық мәні ескірген атаулардан арылар кез келгенін баса айтты. Облыстық ономастика комиссиясының отырысын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қорытындылап, Тараз қаласының және барлық аудан әкімінің орынбасарларына нақты тапсырмаларды міндеттеді. Мәселен, аудандардағы мемлекеттік органдардың маңдайшаларын ҚР Үкіметі қаулысының талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын толық аяқтау, жол бойындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауы жазылған көрсеткіштерді жаңарту, көшелердің тоқсан пайызын жаңа үлгіге сәйкес көрнекі құралдармен қамтамасыз ету, бұл мақсатқа аудандық бюджеттерден қаражат бөлдіруге ұсыныс жасауды тапсырып, мұның барлығы келесі жиында қатаң сұралатынын ескертті.

Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».

Меркі ауданы.