Қазба байлық – халық қазынасы
Қазба байлық – халық қазынасы
Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырым-дамасының ұзақ мерзімді басымдықтарының арасында геологиялық барлау саласы да бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында: «Қазірдің өзінде аукцион тетігін енгізу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну ресімі жеңілдетілді. Ал болашақта біз іздеуді, бағамдау мен кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық жұмыстардың барлық түрін жүргізу тәсілін оңайлатуды қарастыратын жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделіне көшеміз», – деп ерекше атап көрсетті. Елбасы сондай-ақ елімізде минералдық шикізат базасын одан әрі дамыту мақсатында жаңа кен орындарын ашу және геологиялық барлау жұмысын жандандыруды тапсырды. Бұл бағытта елімізде, оның ішінде облысымызда елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Облысымызда құзыретті орган мен мердігерлер арасында 187 келісімшарт жасалып, 141 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс атқаруда. Оның ішінде 158 келісімшарт бойынша өндіру жұмыстары және 29 келісімшарт бойынша геологиялық барлау жұмысы жүргізілуде. Еуропадағы бірнеше мемлекет сыйып кететін облысымыздың аумағы пайдалы қазба байлықтарға аса бай. Еліміздегі фосфор қорының дені облысымыздың аумағында орналасқан. Сондай-ақ, алтын, күміс, мыс, темір, уран және бариттің орасан мол қоры бар. Құм, әктас, жалпақ тас, шағал, гранит, мәрмәр және гипс сияқты пайдалы қазба байлықтар облыс, елімізбен қатар шет мемлекеттерде де үлкен сұранысқа ие. Кейінгі кезде жер қойнауын игеруге ниет білдіруші әлеуетті мекемелер мен жеке кәсіпкерлер көбейіп келеді. Олар құзырлы орган өткізетін жер қойнауын пайдалану конкурстарына қатысып, ұтып алғандар келісімшартқа ие болуда. Сөйтіп олар жер қойнауын игеруге белсене кірісуде. Өткен жылы және үстіміздегі жылдың І тоқсанында пайдалы қазбаларды игеру үшін осындай келісімшарттарға «Alina holding» ЖШС, «Алтыналмас АК» АҚ, «КазПромЛит» ЖШС, «Асылбек» жеке кәсіпорны, «Жамбыл Недр» ЖШС, «Ақ жол» шаруа қожалығы, «SBRGroup» ЖШС, «База сервис» ЖШС, «Адесса» ЖШС, «Аулие-Ата-Строй маркет» ЖШС, «Жол жөндеуші» компания» ЖШС, «Темір жол жөндеу» ЖШС және «ISSEngenering» ЖШС ие болды. Жамбыл аумақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңына және Жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да нормативтік актілерге сәйкес келісімшарт алушылардың ондағы талаптарды орындау барысын бақылау және қадағалаумен шұғылданады. Барлау жұмысын үздіксіз жүргізу нәтижесінде облыс аумағында пайдалы қазбалардың мол қоры табылуда. Кейінгі кезде алтын, фосфор, мыс, молибден, әктас, мәрмәр және гранит көптеп өндіріліп, олар өндірушілерге айтарлықтай табыс әкелуде. Келісімшарт алушыларға қатаң талап қойылады. Олар әуелі өздеріне берілген жерде 3 жыл ішінде барлау жүргізуі тиіс. Содан кейін оларға осында 25 жыл кен өндіруге рұқсат беріледі. Жер қойнауын игеруші әуелі өндіру жобасын жасау керек. Екіншіден, жер қойнауын пайдалануға құзыретті органмен келісімшарт жасауы тиіс. Үшіншіден, жер мәселесін заңдастыру қажет. Сондай-ақ, келісімшартта оның кен көзін игеру үшін құятын қаржы көлемі, жергілікті бюджетке аударатын салықты төлеу мөлшері, тіпті сатып алатын техникасы мен өндіретін өнімінің көлеміне дейін айқын көрсетілуі тиіс. Өкінішке қарай, қазба байлық өндіруге жауапсыз қарайтындар да бар. Олардың арасында белгіленген талапты орындамайтындар да кездеседі. Біздің инспекция қызметкерлері оларға әуелі ескерту жасап, айыппұл салады. Одан тиісті нәтиже шығармаса, құзырлы органдарға жер қойнауын пайдаланушының келісімшартын кері қайтарып алу туралы ұсыныс түсіреді. Өткен жылы және үстіміздегі жылдың І тоқсанында тиісті талаптарды орындамаған «AgroіnvestKz» ЖШС, «KCC Engineering & Construction Co, Ltd» ЖШС, «Жұмабекова Г.К.» жеке кәсіпорны, «Байтерек Меркі» ЖШС, «Мамыт Б.Н.» жеке кәсіпорны және «Алтыналмас АК» АҚ-ның келісімшарттары қайтарып алынды. Бүгінде облысымыздың аумағында жаңа кен орындарын игеру мақсатында бірнеше жерде геологиялық барлау жүргізілуде. «Южспецгеология» ЖШС Мойынқұм ауданында – алтынға, «Көрпесай» ЖШС – алтын, күміске, «Тенир Логистик» ЖШС – титан, магнийге, «Мирошниченко» жеке кәсіпорны – гранитке, Талас ауданында «AST Minerals Group» – әктасқа, Қордай ауданында «Қопалы» ЖШС – алтын, күміс және мысқа, Жамбыл ауданында «Ланос-2001» ЖШС – құм, шағал қоспасына және Жамбыл, Жуалы аудандарында «Бақыт» жеке кәсіпорны гипске геологиялық барлау жүргізуде. Біздің мекеме қызметкерлерінің ұсынысымен құзырлы орган – облыс әкімдігінің қаулысымен осыған дейін 100-ден астам келісімшарт оның иелерінен қайтарылып алынды. 2015 жылы және үстіміздегі жылдың І тоқсанында жоспарлы тексеру нәтижесінде заң талаптарын бұзу анықталып, заңдық тұлғаларға 38 әкімшілік құқықбұзушылық іс қозғалды. Оларға 7 миллион 779 мың теңге айыппұл салынды. Құқық қорғау органдары арқылы олардың 70 пайыздан астамы өндірілді. Облысымызда геология саласында өз кәсібін жетік меңгерген білікті мамандар аз емес. Солардың қатарында «Мыңарал тас компани» ЖШС бас маркшейдері Өмірбек Байсеңгіров, «Еурохим тыңайтқыш» ЖШС геологі Қайрат Құрманов, «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» кен-байыту комбинаты «Көксу» кенішінің бас геологі Асқар Ахметбеков және «Алтыналмас АК» АҚ-ның бас геологінің орынбасары Серік Көбеевтің есімдерін ерекше атап өткен жөн. Білікті мамандар облысымыздағы барлау және өндіру үдерістеріне өздерінің қомақты үлестерін қосып келеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, аймақтағы осы саладағы барлық әріптестерімді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларына амандық, зор денсаулық, істеріне табыс пен игілік тілеймін.