Көктеуде қой қоздап жатыр
Көктеуде қой қоздап жатыр
«жылыбұлақ» жшс-ның директоры аманжол әкетаев әр 100 саулықтан 100 қозы алуды жоспарлап отыр Мыңғыртып мал айдаған «Жылыбұлақ» ЖШС-ның шопандары жылдың төрт мезгілінде төккен терлерінің өтеуін көріп отыр. Көктемнің алғашқы күндерінен-ақ көктеуде қой қоздап, қорада шу болып жатқан дала төсі қызығы ерекше. Шопанның бір малы екеу болып, қырда қозы-лақтары асыр салған көрініске көз сүйсінеді. Бұл ретте «Жылыбұлақ» ЖШС-ның директоры Аманжол Әкетаев әр 100 саулыққа – 100 қозыдан алуды жоспарлап отырғандарын айтты. Жалпы, бүгінгі күні «Жылыбұлақ» ЖШС-на тиесілі 18500 бас қой бар болса, оның 12800 басы – саулық. Оны №1 және №2 тауарлы-қой фермасы деп екіге бөліп қойған. Бірінші ферманың меңгерушісі Болат Керімбаевтың шопандарының алдында 6600 бас саулық болса, Уалихан Керімқұловтың шопандары 6227 бас саулықты қыстан аман алып шыққан. Бізді қой төлдету науқанының барысымен таныстыруға осы екі азамат бастап барды. Әңгімеміздің ауаны қой төлін қалай еселеп көбейтуге бұрылғанда, Болат Әшейұлы: «Қойды шығын қылмай көбейте білу де өнер, керек десеңіз, ғылым дер едім», – деп бастады сөзін. – Дана халқымыз қой басын көбейтудің, қой санын арттырудың көптеген жолдарын білген ғой. Бүгінгі тілмен айтқанда ол да бір жатқан «технология». Әрбір төрт түліктің көбейетін кезін, қолайлы маусымын таңдап, асыл тұқымына қарай бөліп шағылыстыру, күйек алу сынды маңызды шараларды орындаудың өзіне де асқан білгірлік керек. Әдетте, малды төлдетуге қолайлы кез наурыз бен мамыр айлары саналады. Осыны ескерген ата-бабаларымыз керек десеңіз қойдың ерте төлдемеуі үшін қазан айының аяғына дейін қошқарға киізден күйек жасап байлаған. Бізде отарға қошқарды сол мезгілде қосқанбыз. Қазір, міне, көріп отырғаныңыздай жаппай төлдей бастады. Көкке ауыз іліккенде туылған төлде шығын некен-саяқ болады. Сондықтан, егіз туатын саулықтардың есебінен 100-іне 100-ден төл алу жоспарын орындаймыз деген ойдамыз, – дейді Болат Керімбаев. №2 тауарлы қой фермасының меңгерушісі Уалихан Керімқұлов та биыл қыстың жайлы, күн райының жылы болғанын айтады. Сөзінен алға қойған жоспарларының орындалатынына сенімді екенін аңғардық. Біз барған қыстаудағы шопан Бейсенбек Сарыбасов қой төлдету науқаны сәтті, шығынсыз өтіп жатқанын жеткізді. Алдындағы бір отар саулығынан әзірге 50 шақтысы қоздапты. Желіндері сыздап жүрген саулықтардың көп екенін, бірер күнде жаппай төлдейтінін айтқан шопан жердің бусанып, жылылықтың лебі ескен осы мезгілде төлдету арқылы 100 қойға 100 қозы алудың мүмкіндігі мол дейді. Иә, қой қоздап, қорада шу болған дала төсіндегі қызу дүбір енді басталды. Ендеше, барлық шопанға қойларыңыз егізден қоздасын деп тілейміз.
Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ, «Ақ жол». Меркі ауданы.