Экономика

Қазақ-қырғыз ынтымақтастығы нығая түседі

Қазақ-қырғыз ынтымақтастығы нығая түседі

Кеше Қордай ауданында Жамбыл облысы мен Қырғыз Республикасының Шу, Талас және Ыстықкөл облыстарының басшылары өңірлердің өзара ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған бірнеше меморандумға қол қойды

Қазақстан – Қырғыз Республикасының басты экономикалық және саяси әріптесі екені белгілі. Ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ пен қырғыз арасында алыс-беріс жыл өткен сайын жаңа сатыға көтеріліп келеді. 1999 жылы қол қойылған Мәңгі достық туралы шарт және 2003 жылғы Одақтық қатынастар туралы шарт бар. 2001 жылы екі ел арасында шекараны межелеу жүргізілді. Бұл шекараны Орталық Азиядағы ең тыныш өткелдердің біріне айналдырды. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Президенттерінің екі ел арасында Еуразиялық интеграция жағдайындағы экономикалық және энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралған кездесулері туыс елдердің байланыстарына тың серпін берді. Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа кіргеннен кейін өткен жылы 12 тамызда Қазақстанмен арадағы кедендік шекара алынып тасталды.

Сөйтіп, шекаралық аймақта ЕАЭО ауқымында жаңа инвестициялық мүмкіндіктер және энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру көкжиектері ашылған болатын. Осыған байланысты, өткен жылдың екінші жартысында Қордай ауылында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы Бас салық қызметінің басшылары бастаған екі елдің мемлекеттік кіріс жүйелері арасында салықтық әкімшілендіру проблемалары бойынша бірқатар келісімдер жасалды. Оның ізінше облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен шекаралас Қырғыз Республикасымен аймақтық қарым-қатынасты дамыту мақсатында Қордай ауылында «Достықта жоқ шекара» фестивалі өтті. Енді міне, кеше ынтымақтастық аясы бұрынғыдан да кеңейе түсіп, шекаралық аймақта қатар орналасқан төрт облыстың басшылары бастаған мүдделі топтар үлкен ауқымдағы іскерлік кездесуге жиналды. 

Айыр қалпақты қырғыз ағайындармен бұл бірінші кездесу емес. Жыл сайын дерлік біздің облыс басшылары бірде біздің, бірде олардың жағында кездесіп, көкейкесті мәселелер бойынша меморандумдарға қол қойып келді. Ал кеше Қордай аудандық әкімдігінің залында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Қырғыз Республикасы үкіметінің Шу, Талас және Ыстықкөл облыстары бойынша уәкілетті өкілдері (әкімдері) Бактыбек Кудайбергенов, Байшыбек Жуманазаров және Аскат Акибаевтар бір үстелдің басында екі жаққа ортақ мәселелер бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. – Қонақжай қазақ еліне, Қордай жеріне қош келдіңіздер! – деп қонақтарға меймандостық шырай танытқан Кәрім Нәсбекұлы бүгінгі басқосудың маңызын атап көрсетті. – Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне байланысты екі ел арасындағы кедендік бақылау алынып тасталғаны баршаға мәлім. Елбасы, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына үндеумен қайырылып, «2016 жылды одақтың үшінші елдермен және басты интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарын тереңдету жылы» деп жариялауды ұсынды. Әлемдік экономикадағы өсімнің баяулауы кезінде мемлекет басшыларының экономикалық интеграцияны дамытуға, тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмысшы күшінің ортақ нарығын құруға күш жұмсауы экономиканы әртараптандыруға және өсіруге серпін береді. Негізгі әріптестермен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту Еуразиялық экономикалық одақтың рөлін нығайтуға қызмет етуі тиіс. Бүгінгі кездесуде де біз екі елге ортақ бірнеше мәселені қарастыру бойынша бас қосып отырмыз және тиісінше дұрыс шешімге келеміз деп ойлаймын, – деді. Облыс әкімінің кіріспе сөзінен кейін көрші ел облыстарының басшылары да кезегімен сөз алды. Олар екі жаққа да пайдалы осындай кездесу ұйымдастырып отырған жамбылдықтарға алғыс сезімін білдіріп, өздерінен бүгінгі кездесуде ұсыныс-пікірін айтуға құзыретті сала басшылары мен мамандарын таныстырып өтті. Ал талқыланған мәселелер ауқымы кең болды. Ең бастысы, бұл біздің облысымыз үшін – егістік суының жаз ортасында қасқалдақтың қанындай қатқа айналатыны. Облыс агроқұрылымдарының жеріне нәр әкелетін негізгі екі өзен – Шу мен Таластың екеуі де басын қырғыз тауларынан алатындықтан оның суын бөлісуде қырғыздар жағы ұдайы басымдыққа ие болып келеді. Бүгін осы мәселені реттеу бойынша Шу-Талас бассейндік су шаруашылығы инспекциясының жетекшісі Жұмабек Мұхатов пен қырғыз жағынан Чу мамлекеттик бассейндік басқармасының бастығы Руслан Девяткулов қол қойған арнайы меморандум қабылданды. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Агабеков қырғызстандық әр облыстың тиісті сала басшыларымен дербес меморандумға қол қойды. Ал ең басты меморандум облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Қырғыз Республикасы үкіметінің Шу, Талас және Ыстықкөл облыстары бойынша уәкілетті өкілдері Бактыбек Кудайбергенов, Байшыбек Жуманазаров және Аскат Акибаевпен жасалды. – Бүгін нәтижелі келісімдер жасалды, – деді облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы соңынан журналистермен болған баспасөз мәслихатында. Өздеріңіз білесіздер, біз егістік суының сексен пайызын қырғыз елінен аламыз. Жаңа ғана оңтайлы шешімге келдік. Табиғат та қарайласып, биыл Орта тоғай су қоймасында 470 миллион текше метр су жиналған. Ал былтыр 380 миллион болатын. Талас жақтағы Киров су қоймасындағы ахуал да орнықты. Меркі ауданында Аспара су қоймасын салу жайында да уағдаластыққа келдік. Сонымен қатар, бүгін қырғыз диқандарының бау-бақша өнімдерін шекарадан кедергісіз алып өтуі үшін «жасыл дәліз» ашу, көрші елге «Қазфосфаттың» минералдық тыңайтқыштары, құрылыстық цемент, құбыр, гипсокартон, алюминий радиаторлар тәрізді өзімізде шығарылатын өнімдерден беріп, олардан сүт, құрғақ сүт өнімдерін, көкөніс, жеміс-жидектер алу, қырғыз кәсіпкерлерінің облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысу жайын келістік. Сондай-ақ, шекарадан мал етін алып өтуді бақылау мәселелері екшеліп, Ыстыкөл облысының қатысуымен туризмді дамыту жайы да сөз болды. Осы аталған және меморандум жасалған мәселелер бойынша енді арнайы жұмысшы топтар іске кірісетін болады. Осының барлығы екі ел арасындағы интеграциялық қатынастарды нығайтудың алғы шарттары. Бұл пікірді көрші облыстардың басшылары да қостады. – Бізді тек экономика, базар мәселелері ғана емес, ежелден тығыз араласып құда болып кеткен туыстық қатынастар да біріктіреді. Қазіргідей экономикалық дағдарыс қысқан жағдайда бауырлас елдер оған қарсы күш біріктірулері қажет, – деді Талас облысының әкімі Б. Жуманазаров. Ал Шу облысының басшысы Бактыбек Кудайбергенов биыл өз облыстарының 90 жылдығы мерекеленетінін, сондықтан тарихы тамырласқан туыс елдер осындай мәдени шараларда да бір жерден табылатынына сенім білдірді. Қордайда жасалған екіжақты байланыстарды дамыту жөнінде меморандумдар екі елдің қатар жатқан төрт облысы арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге серпін берері анық.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.