Саясат

Ұлттық келісім – тұрақтылық негізі

Ұлттық келісім – тұрақтылық негізі

Георгий Буюкиди, грек этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Қазақстан – әлемдегі саяси тұрақтылығы бекем елдердің бірі. Бұған еліміз татулық пен достықты нығайтып, ішкі тұрақтылықты сақтаудың арқасында қол жеткізді. Бүгінде мемлекетіміз әлемдегі көшбасшы отыз елдің бірі болу үшін алға ұмтылуда. Мемлекетімізді алға қойған мақсат-мүддеге жеткізер бірден-бір тура жол – этносаралық татулық екенін ұмытпағанымыз жөн. Кезінде біздің ата-бабаларымыз тағдыр талайымен Қазақстанға қоныс аударғанда, қазақ халқы кең құшақ жайып, бауырмалдықпен қарсы алған еді. Қазір Қазақстанды мекен еткен 130 ұлт пен ұлыс өкілдері де қазақ халқының кеңпейілділігінің арқасында өсіп-өнді. Бұл нені көрсетеді? Осыған қарап-ақ, Қазақстан халқының өзара ынтымақтастығының негізі бұдан ертерек қалыптасқанын аңғаруға болады. Ел бірлігі – әу бастан-ақ қазақ тарихымен бірге жасасып келе жатқан құндылық. Әйтсе де, біз Қазақстан – достық пен татулықтың шынайы мекені деп құр сөзге малданып отыра бермеуіміз керек. Бірлігімізді бекемдей түсуге, барды бағалап, бақыттың қадіріне жетуге жаппай күш салуымыз қажет. Себебі, алыс-жақын шетелдердегі пиғылы жаман ықпалды күш біздің бірлігімізді бұзу мақсатында әртүрлі жолмен арандатуы бек мүмкін. Сондықтан да, ұлтаралық татулықты нығайта түсуге Қазақстанда тұрып жатқан кез-келген азамат үлес қосуы тиіс. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаудың алғышарты ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құруында үлкен мән жатыр. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті бейбітшілік пен келісімде өмір сүру – барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт», – деген болатын. Осы ұғым өз ұрпағымыздың жадында жатталып, санасына сіңірілуі тиіс. Себебі, біздің татулығымыз ұрпақтан-ұрпаққа таралуы шарт. Әр қазақстандық болашақ үшін, Отанымыздың кемел келешегі үшін жауапты. Мемлекет басшысы ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, елімізде дінаралық диалогтың жарқын үлгісін де қалыптастыра білді. Қазақстандағы этносаралық толеранттылықты әлемге әйгілі етті. Дүние дүрлігіп тұрған шақта бізді қақтығыстар мен кикілжіңдерден аман алып шықты. Н.Ә.Назарбаевтың парасатты шешімдері мен сарабдал саясатының дұрыстығын барша халық мойындады. Президентіне қолдау көрсеткен ел үлкен табыстарға қол жеткізді. Соның арқасында Қазақстанның жетістігін әлем мойындады. Елбасының бастамасымен Астанада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі ұйымдастырылды. Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін ұйымдастыру арқылы халықтар мен діни көзқарастарды жақындастыруға, сол арқылы бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін әлем қауымдастығы Қазақстанға және оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары баға бергенін де айта кету керек. Бұл – біз үшін абырой әрі мәртебе. Себебі, ұлтаралық келісім – Қазақстандағы тұрақтылықтың негізі.