Әй, апам-ай!
Әй, апам-ай!
Белгілі асаба Айдар ағамыз әңгімені жақсы айтады. Нағыз әртіс. Бір дастарқанда мына бір жағдайды баяндап беріп, күлкіге көмкергені бар. – Осы жазда үйге келіншегімнің атасы мен апасы келіп, біраз күн қонақ болды, – дейді Айдекең. – Қария кісілер ғой. Бірде күндіз жұмыстан шаршап кеп, диванға қисайып едім, көзім ілініп кетіпті. Телевизордың даусынан оянып кеттім. Сөйтсем қайын апам тура телевизордың алдындағы орындыққа жайғасып, бір бағдарламаны көріп отыр екен. Көргенде құлағы жақсы естімейді... Басын бұрып, оң құлағын телевизорға тосып, диктордың айтқанын тыңдап отыр. Бағдарлама Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен әйелдер туралы екен. Диктор қоңыр даусымен ауылдағы әйелдердің ауыр жұмысын, тынымсыз тірлігін суреттеп айтып жатыр. Ойыма қулық келе қалды... Апам тура алдымда теріс қарап отыр. Диванның бас жағында тұрған пультті алдым да, телевизордың даусын жәйлап өшіріп, ақырын дауыспен әлгі диктордың мақамымен өзім сөйлеп кеттім. – Иә, соғыс жылдарында ауылдың әйелдері еркектердің орнында аянбай еңбек етті. Олардың осынау еңбегін кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Апам ақ орамалының құлақ тұсын түріп қойып, мойнын бұрып, беріліп тыңдап отыр. – Әсіресе Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының әйелдері таңның атысы, күннің батысы демей, тыным таппастан колхоздың жұмысын жапырып істеді... Апам телевизорға жалт қарады. Көзі жыпылық-жыпылық етті ғой деймін. Мен ары қарай жалғастыра бердім: – Соның ішінде әсіресе, осы ауылдың тұрғыны Мейрамгүл Қазиеваның еңбегін ерекше бөліп айтуға болады. Ол кісі қызылшашы да болды, арба да айдады, шөп те шапты... Ұлы Жеңіске өз үлесін аямай қосқан апамыздың ерлігі кез-келген марапатқа лайық. Апам отырған орындығынан құлап қала жаздады. Асханада шай ішіп отырған шалына айқайлап жатыр: – Ойбай, шал-ау, тезірек бері кел... Мен туралы айтып жатыр... Сүрініп-қабынып шалы да жетті. Мен осы қарбаласта телевизордың даусын қайта шығарып, ұйықтап жатқан адам құсап, теріс бұрылып жата бердім. Ал сонымен атам мен апам екеуінің «айтысы» басталды. Атам айтады: «Сен туралы «Хабардың» айтуы мүмкін емес» дейді. Апам: «Өз құлағыммен естідім. Мен туралы айтты... Қызыләуіт ауылы деді ғой», – деп, ол қоймайды. Жастықтың астына тығылып алып, күлкіден тұншығып өліп барамын...
Оралхан Дәуіт.