«Химиктер қалашығына» автобус бағыттары ұзаратын болды
«Химиктер қалашығына» автобус бағыттары ұзаратын болды
Осы жылғы 27 ақпанда «Ақ жол» газетінің (№24 (18218) кезекті санында Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Барат Мыңбосыновтың «Құлаққағыс» айдарымен берілген «Автобус бағыттары ұзартылса» атты мақаласы жарық көрген болатын. Ол мақалада автор қаланың «Химиктер қалашығы» және «Астана» ықшам ауданы аумақтарына қоғамдық көліктің сирек жүретіндігін айтып, мәселе көтерген еді. Осыған орай редакцияға Тараз қаласы әкімі аппарат жетекшісі Жандос Өмірзақовтың атынан жауап хат келіп түсті. Ол хатта «Бүгінгі күні «Химиктер қалашығы» аумағына қаламыздың әр аумағынан тоғыз автобус бағыттары (№11, №20, №18, №58, №7, №31, №28, №36, №44) қатынайды. Осы аумақтағы қалалық аурухананың құрылысы аяқталуына жақын қалуына байланысты аталған аумаққа қосымша бірнеше қоғамдық көлік бағыттарының жүргізілуін жоспарлап отырмыз. Бұл ретте сіздердің ұсынып отырған бағыттарыңыз да бар екенін хабарлаймыз» делінген. Осы жауапқа қарағанда, зейнеткер Б.Мыңбосынов көтерген мәселе көп ұзамай оң шешімін табатынына сенімдіміз.